Сұрыптаушы маманға сұраныс жоғары | arainews.kz

Сұрыптаушы маманға сұраныс жоғары

196

«Қазпошта» акционерлік қоғамының Қазақстанның ішкі-сыртқы байланыс саласында алар орны айрықша. Қазіргі таңда акционерлік қоғамның еліміздегі 3 400 бөлімшесі және 14 облыстық филиалында 21 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Күн өткен сайын енгізіліп жатқан жаңашылдықтар саланың тынысын кеңейтіп, халық сұранысын арттырып отыр. Компанияның Жамбыл облыстық филиалы да бүгінде аймақ тұрғындарының қажеттілігіне сай жұмыс жасап, пошталық қызметтерге қазіргі заманғы технологияларды енгізу жұмыстарын басты назарда ұстап отыр. Біз 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күніне орай, «Қазпошта» акционерлік қоғамының облыстық филиалына ат басын бұрып, газетіміздің «Мамандығымызды өзгертеміз» айдары аясында поштаны сұрыптау және тасымалдау учаскесінің тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік.

Алдын ала уағдаласқанымыздай таңертеңгі сағат 9:00-де облыстық филиалдың бас ғимаратына бас сұқтық. Жылышыраймен қарсы алған пошта логистикасы және өндіріс бөлімінің басшысы Гүлмағиза Кервенева амандық-саулықтан кейін теміржол бекетінің базасында орналасқан поштаны сұрыптау және тасымалдау учаскесіне қарай жол бастады. Себебі, аталған учаске жалпы пошта қызметінің «жүрегі» болып саналады екен. Сондықтан да кеңсе қызметкерлерінің емес, әрбір күні қарбаласқа толы учаскенің қым-қуыт тірлігіне қанығуымызды жөн деп тапқан Гүлмағиза Ережепқызы діттеген жерімізге жеткенше филиалдың бүгінгі тыныс-тіршілігін әңгіме арқауына айналдырып, соңғы жаңалықтарынан хабардар етті.
– Жалпы, сала мамандарының алға қойған басты міндеттерінің бірі – қызметтер сапасын көтеру, пошта жөнелтілімдерін жедел жеткізу, бақылау мерзімін қысқарту, тұтынушылардың ойынан шығатын жаңа қызметтерді енгізу болып табылады. Осы мақсатта мамандарымыз нәтижелі жұмыстар атқаруда. Облыстық филиалда барлығы 1 300-ден аса қызметкер жұмыс жасайды.
Ауыл тұрғындарын қолжетімді, сапалы қызмет түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында пошта байланыс бөлімшелерінің 90 пайыздан астамы автоматтандырылған. Алдағы уақытта облыс аумағындағы байланыс бөлімшелерінің барлығын 100 пайыз автоматтандыру жоспарланып отыр, –дейді Г.Ережепқызы.
Маманның айтуынша, бүгінгідей нарық заманында бәсекеге қабілетті бола білу үшін пошта жүйесін жаңғыртып, жаңа қызмет түрлерін енгізуге ерекше басымдық беріліп отыр екен. Мәселен, пошта қызметінде гибридтік электронды пошта, «Postmarket.kz» сауда алаңы, постамат терминалы, мобильдік қозғалмалы құрылғы сияқты жаңа жобалар қосылуда. Заманауи жұмыс форматына көшу халыққа қызмет көрсету сапасын арттырумен бірге, сәлемдемелерді алу және жөнелту рәсімдерін оңтайландыруға мүмкіндік беріпті. Сонымен қатар, ағымдағы жылдан бастап облыстық филиалдың пошта байланыс бөлімшелерінде халыққа қызмет көрсету орталығының 66 қызмет түрі көрсетіле бастаған.
Саладағы оң өзгерістерді, заман талабына сай енгізіліп жатқан жаңашылдықтарды ұйып тыңдап отырып, учаскеге жеткенімізді байқамай да қалыппыз. Ең алдымен ғимараттың кіреберісінде кірген-шыққандарды кірпік қақпастан бақылап тұрған күзетшіге тіркеліп, имене басып ішке ендік. Бейне бір араның ұясындай құжынаған шағын ғана ғимарат ішіндегі у-шудан құлақ тұнады. Өздеріне жүктелген шаруасымен айналысып жатқан қызметкерлердің бір сәтке болсын мойын бұрып қарауға да мұршасы жоқ секілді. Аталған учаскенің бастығы Әбдіманат Меңлібаевты да пошта вагонына қызметкерлермен бірге жүк тиеп жатқан жерінен кездестірдік. Мән-жайға қаныққан басшы бізді бірден көп қызметкердің қатарына қосып жіберместен бұрын, өзі әуелі учаскенің тыныс-тіршілігімен таныстырып алды.
– Пошта саласында 1982 жылдан бері қызмет етіп келемін. Еңбек өтілімді осы мекемеде жас маман ретінде бастап, түрлі қызметтік баспалдақтан өтіп, бірнеше жылдан бері учаскені басқарып келемін. Біздің негізгі міндетіміз – жан-жақтан келетін және өзіміздің өңірден еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтілетін хат-хабар, сәлемдемелерді, тапсырыстық хаттарды, басылымдарды сұрыптап, тиісті мекенжайларына уақытында жіберу. Бәлкім, мұндағы жұмыс жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ, мүлдем олай емес. Учаске қызметкерлерінің жұмысының қаншалықты қиын екенін осында бір күн болсын қызмет атқарған адам ғана түсіне алады, – дейді Әбдіманат Зиядаұлы.
Басшының айтуымен мұнан өзге де салаға қатысты азды-көпті мәліметпен танысқаннан кейін қызметкерлердің арнайы бөлмесінде киімімізді ауыстырып, «Сұрыптаушы» маман ретінде жұмысымызды бастауға сақадай сай дайын болдық. 1985 жылдан бері аталған учаскеде табан аудармай қызмет атқарып келе жатқан білікті маман Райхан Шаймарданова басшысынан тиісті тапсырма алғаннан кейін бізді қасына ілестіріп, өзінің жұмыс бөлмесін бетке алды. «Алдарыңызда тұрған жас жігіт бір күн бойы сіздерге көмектесіп, сұрыптаушы мамандардың жұмысымен танысады» деген басшысының сөзіне сенер-сенбесін білмегендей Райхан Құттыбайқызы әлсін-әлсін бізге көз тастап қояды. Әрі жанарынан «Жұмыс қауырт кезде келгеніңіз дұрыс болды-ау» дегендей қуаныштың лебі есетін тәрізді. Жүре сөйлеп келе жатқан Райхан Шаймарданова біздің ойымызды оқып қойғандай кенет кілт тоқтай қалып:
– Мұрнымыздан шаншылып үлгере алмай жатқанда келгеніңіз дұрыс болды-ау. Әйтпесе, бүгін де түн ортасынан ауғанда қайтатын едік. Мұндағы сұрыптаушы мамандардың барлығы дерлік зейнет жасына жақындағандар. Жұмыстың қиындығынан қаша ма, әйтеуір жастар көп келе бермейді, – деп алдын ала жұмыстың ауырлығын бір ескертіп қойғандай болды.
Хат-хабар сұрыптаушылардың күнделікті жұмысы қала тегіс ұйқы құшағында жатқан уақытта, яғни, таңғы сағат 6.00-де басталады екен. Түні бойы пойыз және жүк көліктері арқылы жеткізілген хаттар сұрыпталып, таңғы сағат 7.20-ға дейін қала ішіне және аудандарға таситын көліктерге тиелуі керек. Таудай болып үйіліп жатқан хаттардың қалай сұрыпталатынын түсіндірген Райхан Құттыбайқызы бізді жеке орынға жайғастырып, алдымызға қойған бір қорап хатты сұрыптауды тапсырды. Райхан Шаймарданова аудандарға жөнелтілетін хаттарды сұрыптаса, тағы бір тәжірибелі маман Зоя Шиглова екеуміз қаланың хаттарын екшей бастадық. Ең алдымен хаттарды сыртында көрсетілген мекенжай бойынша жеке-жеке бөліп, іріктеуге кірістік. Қолымыз үйренбегендіктен алғашында шатасып, әуре-сарсаңға түсіп, жаңылысумен болдық. Ал, отыз жылдан астам уақыттан бері қызмет істеп келе жатқан білікті мамандардың қолдары қолдарына жұқпайды. Хаттар маркісіне және штрих кодына қарай сұрыпталады екен. Сұрыпталған хаттар арнайы мекенжайлары бойынша белгіленген жәшіктерге салынып, кейін компьютерге тіркеледі. Тіркеліп болғаннан кейін арнайы қаптарға немесе қораптарға салынады.
– Күніне әр сұрыптаушы екі мыңға жуық хат-хабарды сұрыптаймыз. Жұмысымыз таңғы сағат 6.00-де басталып, кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасады. Кей күндері түн ортасынан ауа бір-ақ қайтамыз. Жұмыс барысында бір сәтке болсын арқаны кеңге салып отыра алмаймыз. Тіпті, түскі үзіліске жарты сағатымызды ғана арнап, қайта жұмысқа кірісеміз. Жалпы, еліміздің әр аймағынан күнделікті сегіз пойыз және екі күнде бір жүк көліктері хат-хабар тасиды. Басшылық тарапынан бізге қойылған міндет – хат-хабарларды уақытында сұрыптап, тұрғындарға күнделікті жеткізіп отыруымыз керек. Негізі, бізге жеткен хат-хабарлар 10 сағаттан артық жатпауы керек, – дейді Р.Шаймерденова.
Таңертең жеткен хаттарды сұрыптап болып, босаңси бастағанымыз сол еді басқа қызметкерлер келесі бір пойыз арқылы жеткен хат-хабарларды алдымызға үйді де кетті. Бел жазып алуға мүмкіндігіміз болмастан, қайтадан шұқшидық. Сұрыптаушы мамандардың үлгере алмай жатқанын білсе керек, Әбдіманат Зиядаұлы тіркелген хаттарды жәшіктерге салып, қолғабыс ете бастады. Қасымызда жүріп бірнеше сағаттың ішінде-ақ қалжырап қалғанымызды байқап, демалып алуымызға рұқсат берген басшы өзі де қасымызға келіп, әңгімесін әрмен қарай сабақтады.
– Кеңес өкіметінің тұсында сұрыптаушы мамандарды дайындайтын оқу орындары болатын. Қазір бірде-бір білім ордасында мұндай мамандар дайындалмайды. Егер келіп жатқан жағдайда жас мамандарды өзіміз дайындаймыз. Сонымен қатар, біз алғаш осы салаға келген жылдары жас мамандар еліміздің түкпір-түкпіріне барып, бір-бірімен тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдап жататын-ды. Қазіргі таңда ол үрдіс те тыйылды. Сондықтан да, алдағы уақытта сұрыптаушыларды дайындауға, тәжірибе алмасуына мүмкіндік берілсе құба-құп болар еді.
Шүкір, бүгінде қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Биылғы жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жыртығымыз бүтінделгендей болды. Қызметкерлер демалатын орын, жуынатын бөлме, шағын асханамыз да бар. Қазір жұмыс әлдеқайда жеңілдеді деуге болады. Олай дейтінім, бұрын 25-30 келі тартатын қапшықтарды пошта вагондарынан қызметкерлер қолмен түсіретін. Қазір техниканың көмегіне жүгінеміз.
Негізі, әрбір мамандықтың өзіне тән қиындығы болады. Сондықтан, мұндағы жұмыс үрдісіне кез келген адам төзе алмайды деп ойлаймын. Мәселен, пойыз келіп тоқтағанда 10-15 минуттың ішінде жан-жақтан келген жүкті түсіріп алып, облысымыздан жіберілетін жүкті тиеп үлгеруіміз керек. Жауын-шашынды күндері тіпті қиын. Кейде пойыз екінші жолға тоқтайды. Ол сәттегі жүкті тиеп, түсіріп алудың машақаты өз алдына бір бөлек.
Жалпы, қызметкерлердің орташа жалақысы
65-70 мың теңгенің көлемінде. Жұмыс оңай емес. Жас мамандардың келмейтіні де сондықтан болса керек. Қазіргі таңда қызмет атқарып жатқан мамандардың барлығы Кеңес үкіметінің тұсында келген, өз жұмысын жақсы көргендіктен де ауыртпашылығын көтере білетін қызметкерлер. Дейтұрғанмен, кейінгі жылдары бірді-екілі жас маман жұмысқа орналасты. Біздің ендігі міндетіміз – басшылық артқан жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап, ізімізді басатын жас мамандарды даярлау,–дейді Ә.Зиядаұлы.
Әңгіменің өрісін кеңейтіп отырғанымызда сұрыптаушылар хаттарды іріктеп бітіп, енді қалаға, аудандарға жөнелтудің қамына кірісіп кеткен екен. Ал, бұл уақытта күн ұясына батып, төңіректе көзге түртсе қараңғылық орнай бастаған. Өзімізге жүктелген тапсырманы шамамыздың жеткенінше тиянақтылықпен аяқтап, қайтудың қамына кірісе бастадық.
Үйді-үйінен таңертең жинап алып, жұмыс уақыты аяқталғанда таситын қызметтік көлікке жайғаса сала бірі ұйықтай кеткен, енді бірі маужырап отырған әр жұмысшының тілім-тілім болған қолдарына, шаршаңқы жүзіне қарап, бұл мамандықтың қиындығын одан бетер ұғына түскендей болдық.

Талғат Нұрханов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.