Шыңғыс ханның сұңқары | arainews.kz

Шыңғыс ханның сұңқары

321

Бір күні таңертең Шыңғыс хан нөкерлерін ертіп, саят құруға шығады. Нөкерлерінің қолында садақ, қорамсағы толы жебе. Ал, хан қолына ең жақсы көретін сұңқарын қондырып алған. Сұңқардың қырағылығы соншалық, жемтігін құзар шыңнан көріп, адам аяғы жетпес жерден қағып түсіреді.
Саятшылар көңілді болғанымен, сол күні алдарынан көлденең аң шыға қоймайды. Бұған қынжылған Шыңғыс хан ашумен біреуді ренжітермін деп нөкерлерінен бөлектеніп, көпшіліктен жалғыз суырылып шығады. Орман ішінде ұзақ жүріп қалады. Шаршап-шалдығып, кенезесі кеуіп кері қайтады. Сол жылы қуаңшылық болып, өзендердің арнасы кеуіп қалған екен. Бір жұтым суға зар болып келе жатқан хан кенет қарсы алдындағы жартастан тамшылап ағып тұрған бұлақты көреді. Қолындағы сұңқарды шешіп, күміс тостақты тамшылап аққан бұлаққа тосады. Тостақ кенересінен асып, шүпілдеп толғанша асықпай күтеді. Толған тостақты абайлап ұстап аузына жақындата бергенде, жанындағы сұңқары қанатын қағып-қағып жібереді де, тостақтағы су төгіліп, ыдысы анадай жерге домалап кетеді. Шыңғыс хан ашуына мінеді. Бірақ, өзі қатты жақсы көретін сұңқары да шөлдеген болар деп ойлап, сабырға келеді. Тостақты көтеріп, қайтадан тамшының астына тосады. Тостақ тола салысымен сұңқар оны тағы да қағып жібереді.
Шыңғыс хан бұл құсты ерекше бағалайтын, бірақ мынау қылығы шымбайына батады. Сол сәтте қылышын қыннан суырып алады да, екінші қолымен тостақты қайтадан тамшының астына тосады. Бір көзімен суды бақса, екінші көзімен сұңқарды қадағалап тұр. Тостақ толған кезде сұңқар қайтадан қанатын қағады. Бірақ, Шыңғыс хан лезде құстың басын шауып тастайды. Дәл сол кезде су тамшысы да тоқтап қалады. «Не де болса судың бастауын көруім керек» деп шешкен хан жартастың басына шықса, ең биігінде қайнар бар екен. Ішінде осы жерді мекендейтін өте улы жылан өліп жатады. Әлгі тастан тамшылап аққан суды ішсе, тіл тартпай кететінін хан сол сәтте түсінеді.
Шыңғыс хан қосқа өлі құсын ақ матаға орап әкеледі. Келе салысымен таза алтыннан сұңқардың ескерткішін құйдырады. Алтын сұңқардың бір қанатына «Егер досың саған ұнамсыз мінез танытса да, ол саған дос болып қала береді» деп жаздыртады. Екінші қанатына «Ашумен жасалған іс жақсылыққа апармайды» деп жазыпты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.