Салғырттық сан соқтырады | arainews.kz

Салғырттық сан соқтырады

Газбен жүретін көліктерді жиі тексерістен өткізген дұрыс

241

Жасыратыны жоқ, кейінгі кездері Тараз қаласында автокөліктерге газ құю бекеттері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай күн санап көбейе түсуде. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газдандыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің басшысы Бақтыбай Қырықбаевтың айтуынша, бүгінде өңірде 111 газ құю стансасы өз қызметтерін ұсынуда. Яғни, ерке қыздың мінезіндей қысқа күнде қырық құбылар жанармай бағасы көлік жүргізушілерінің газ баллонына деген сұранысын арттырған. Әрине, баға ырыққа көнбей тұрған бүгінгі нарық заманында кез келгеніміз қалтамызға салмақ салмаудың жолын іздейтініміз анық. Сол себепті, жанармайға қарағанда әлдеқайда арзан түсетіндіктен жеңіл және ауыр автокөлігі бар жүргізушілер мәшинелеріне газ қойдыруды қолайлы деп табуда.

Дегенмен, көлікті газбен жабдықтаудың да өз талабы, ережесі бар. Қаражат шығынын азайту мақсатында заңсыздыққа жол беруге болмайды. Өйткені, тиісті орыннан рұқсат алмай газ қондырғысын орнатқан жүргізушілерге заң жұмсақтық танытпайды. Себебі, қалтадағы қаржыны ойлап, қауіпсіздікті ұмытуға болмайды. Алайда, құзырлы мекемелер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, барлығы заң аясында жүзеге асып жатыр дегенімізбен газ баллоны қойылған көліктердің жарылу оқиғасы азаяр емес. Мәселен, осы аптаның сейсенбі күні Тараз қаласының тұрғыны Әлімжан Дәулетбаевтың көлігі жарылып, зардап шегуші дене жарақатын алған.
– Ағымдағы жылдың сәуір айында Астана қаласынан көлік сатып алдым. Әу бастан газ құрылғысы орнатылған екен. Уақыт өте келе құрылғыдан ақаулар пайда болып, алдында ғана арнайы мамандарға көрсеткен едім. Бірақ, жөндей алмады. Сөйтіп, осыдан екі күн бұрын еш алаңсыз көлікке отырып, оталдыра бергенім сол еді… Есімде жисам ауруханада жатыр екенмін. Денемнің біраз жерін күйік шалған. Құдайға шүкір, қазір денсаулығым жақсы. Шыны керек, қарбалас жұмыстармен жүріп көп дүниеге мән бермейміз. Сондықтан, қандай жағдай болмасын уақыт тауып, көлікті техникалық тексеруден өткізіп тұру керек екен. Басқа түскенде түсініп жатырмыз,–дейді Әлімжан Дәулетбаев.
Осы тақылеттес оқиғалар орын алмас үшін және өзгелерді де сақтандыру мақсатында арнайы мамандармен де тілдескен едік. «ТаразГазҚызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автокөлікке газ баллоны құрылғыларын орнату және жөндеу қызметінің менеджері Нұрлан Жандосовтың айтуынша, көлік иелері темір тұлпарларына газ баллонын орнатқан жағдайда газбен жабдықтау орталығына 2-3 айда бір мәрте келіп, тексертіп тұрғандары дұрыс екен. Сондай-ақ, газбен жүретін көлік редукторының сүзгілерін жиі ауыстырып отыру да маңызды. Егер қозғалтқыштан немесе көлік ішінен газ иісі шықса, дереу мамандарға көрсеткен абзал. Одан бөлек, газ баллонын оқта-текте болса да тазартып отырудың зияны жоқ. Бұл газ баллонында қысымның шамадан тыс көбеймеуіне бірден-бір сеп екен.
Қалай десек те, «Сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытпасақ игі. Адам өмірі бәрінен қымбат емес пе?

Талғат Нұрханов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.