Қылмыста шекара болмайды | arainews.kz

Қылмыста шекара болмайды

226

Ауылы аралас, қойы қоралас Қырғыз Республикасымен біздің облыстың алты ауданы шектеседі. Ортақ шекараның ұзындығы 546 шақырымды құрайтын өңірлер арасында қай салада болмасын тығыз байланыс орнатудың берері мол болмақ.
Осы орайда, облыстық полиция департаментінің ұйымдас­ты­руы­мен Қырғызстанның Шу, Талас облыстарының ішкі істер басқармаларының басшыларымен бірлескен жиын өтті. Басқосу барысында облыстық полиция департаментінің жеке құрамы мен көрші елдегі әріптестерімен ұрлық, ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес, есірткі бизнесінің жолын кесу, экстремизм мен заңсыз көші-қонға қарсы тұру мәселелерін талқыға салды.

Бірлескен жиында сөз алған облыстық полиция департа­мен­тінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев қырғызстандық құқық қорғаушылармен тығыз байланыс орнату­дың берері мол екендігін тілге тиек етті.
– Қырғыз Республикасындағы әріптестерімізбен бірлескен жұмыстың арқасында «Солтүстік маршрутынан» өтетін героиннің ірі көлемдегі партиясы тәркіленді. Облыс аумағындағы экстремизм мен терроризм сипатындағы ауыр қылмыстар жасаған қарақшыларды іздеуде де нәтиже бар. Қырғызстандық әріптестеріміздің ақпаратына қарағанда ағымдағы жылы іздеуде жүрген 6 қылмыскер қолға түсті.
Сол секілді құқық қорғау органдары үшін басты мәселеге айналған ұялы телефон ұрлығының алдын алуда ұйымдастырылған жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Шу облысының Соқұлұқ ауданы тұрғынынан Тараздан Бішкекке жөнелтілген 27 ұрланған телефон тәркіленді, – деді Арман Молдиярұлы.
Кездесу кезінде шекара маңы өңірлерінің құқық қорғау органдарының қылмыскерлерге қарсы тұрудағы өзара әрекет етуі бойынша нақты шешімдер қабылданды.

Шынболат Күзекбаев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.