Сала мамандары сынға түсті | arainews.kz

Сала мамандары сынға түсті

275

Әділет органдары қызмет­кер­лерінің күніне орай Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің спорт кешенінде сала мамандары арасында облыстық спартакиада өтті.

Жарысқа Әділет министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері, адвокаттар және нотариустар қатысты. Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық Әділет департаментінің басшысы Дархан Игембаев сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтай келе, спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тілеп, бірқатар қызметкерлерді Алғыс хатпен марапаттады. Бұдан кейін жарыс көркі қыза түсті. Әр мекеменің үкілеп қосқан үміттері кіші футбол, үстел теннисі, кір тасын көтеру, шахмат, 100 метрге жүгіру және дартс спорт түрлері бойынша сынға түсіп, өзара кім мықтыны анықтады.
Әсіресе, кіші футболдан өткен тартысты кездесулер жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Бірінші ойыннан өз шеберліктерін таныта білген облыс бойынша сот сараптамасы командасы бас жүлдені жеңіп алды. Ал, Әділет департаментінің қызметкері Нұржан Кибасаров «Үздік шабуылшы» атанса, нотариустар құрама командасынан Мәлік Отарбаев «Үздік қорғаушы», сот сараптама командасының қақпашысы Дидар Жанғазиев «Үздік қақпашы» номинациясын иеленді.
Спартакиадағы өзге спорт түрлері бойынша өткен бәсекелер де тартысқа толы өтті. Нәтижесінде кір тасын көтеруден Виталий Обвинцев, дартс ойыны мен 40 жасқа дейінгілер арасында 100 метрге жүгіруден Шахноза Тажиева, 40 жастан кейінгілер арасында 100 метрге жүгіруден Нина Фельдшерова жеңімпаз атанды. Сонымен бірге, ерлер сынында 40 жасқа дейінгілер арасында 100 метрге жүгіруден Қуаныш Қалабаев, осы айналымның 40 жастан кейінгілер арасында Нұржан Мұсабеков үздік шықты. Ал, шахматтан Бақыт Шалқаров, үстел теннисінен Жанар Авданбаева тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.
Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ұйымдастырушылар тарапынан медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Саятхан Сатылғанов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.