Хабиб-Конор: кім-кімді ұрып жығады? | arainews.kz

Хабиб-Конор: кім-кімді ұрып жығады?

112

Осы сенбіде төрткүл әлемнің назары тағы Лас-Вегасқа ауады. Себебі, 6 қазан күні «Ти-Мобайл-Аренада» ережесіз жекпе-жек спортының екі мықтысы – ресейлік Хабиб Нұрмагомедов пен ирландиялық Конор Макгрегор айқасады.

«UFC-229» жарысы аясында ұйымдастырылып отырған бұл шайқасқа қазір күллі әлем жұртшылығы көз тігіп отырғаны бекер емес. Себебі, қазіргі таңда ережесіз жекпе-жек спортында осы екі жігіттің атағынан ат үркіп тұр.
Қос спортшының әлеуетіне келер болсақ, Хабиб 20 қыркүйекте 30 жасқа толды. Нұрмагомедов Дағыстанның тумасы. Ұлты – авар. «UFC»-дегі спорттық мансабын алты жыл бұрын бастаған. Осы таңға дейін 26 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 16-сы мерзімінен бұрын аяқталғандар. Қазіргі таңда Хабиб «UFC» чемпиондық белбеуінің иегері.
Ал, Конор Макгрегор қарсыласынан екі ай ғана үлкен. Ирландық спортшы әуелі футболмен шұғылданған. Кейіннен ережесіз жекпе-жекке бет бұрып, 10 жылдың ішінде 24 рет кездесу өткізіп, оның 21-інде қарсыласынан басым түскен. 21 жеңісінің 19-ында қарсыласын есінен тандырған. Былтыр Макгрегор америкалық боксшы Флойд Мейвезермен жұдырықтасып, жеңіліп қалса да, 80 миллион доллар көлеміндегі қаржыға қол жеткізген болатын. Кезінде сантехник болып нәпақасын тауып жүрген жігіт осылайша ережесіз жекпе-жектен бағын тауып, байып шыға келді.
Жалпы, Конор өзінің шоумендігімен танымал спортшы. Қай жерде болмасын шатақ шығарып, қарсыластарын балағаттап, абыройына нұқсан келтіруге құмар. Жуырда Хабибпен Нью-Йоркте баспасөз мәслихатын өткізген Макгрегор тағы үйреншікті әдетімен қарсыласына аузына келгенін айтты. Өз кезегінде, Нұрмагомедов те бірнеше «жылы сөзін» Конордың тарапына қарай жолдады. Осыдан-ақ бұл айқас қан емес, «жан» шыққанша жалғасатынын айғақтап тұр.
Қазір әлем сарапшылары бұл жекпе-жекте кім жеңіске жетеді дегенде екі тарапқа бөлінуде. Біреулері Хабиб Конорды жас балаша сабайды десе, екіншілері Макгрегордың жеңіске жетуге мүмкіндігі мол екенін айтады. Бірақ, қос тарап та бұл ережесіз жекпе-жек болғаннан кейін бір ғана соққы немесе әдіс кездесу тағдырын шешіп кететіндігін де жоққа шығармауда.
Ал, букмекерлік кеңселердің болжамдарына көз жүгіртсек, «Олимп» Хабибтің жеңіске жету мүмкіндігін жоғары бағалап отыр. Ресейлік спортшыға беріліп отырған бәс – 1.62 коэффициент. Макгрегордың мүмкіндігін бақандай – 2.60 коэффициентке теңеп қойған. Мұндағы ең қызық бәс, «жекпе-жек 3 раундқа созылады» дегенге тұп-тура – 2 коэффициент берілуде. Екі алыптың да оңай шағылатын жаңғақ емес екенін ескерсек, бұл кездесу үш раундқа созылады деп сенімді түрде теңгеңізді тіге берсеңіз болатындай. Ал, егер сіз тәуекелшіл болсаңыз «Макгрегор бесінші раундта тұншықтыру арқылы жеңіске жетеді» деп 150 коэффициентке бәс тіге отырып, қомақты қаржыға кенеле аласыз.
Әрине, бұл букмекерлердің ұсынып отырған болжамы. Алайда, Макгрегор спортшыдан көрі, шоумен екенін ескерсек, шынында бұл кездесуде Хабиб жеңіске жететін секілді. Оны енді шаршы алаң көрсете жатар.
Қазақстандықтар бұл жыл жекпе-жегін жексенбі күні таңғы сағат 7.50-де «QAZSPORT» арнасынан тамашалай алады.

Саятхан Сатылғанов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.