Педагог мәртебесі туралы пайымды пікірлер жинақталады | arainews.kz

Педагог мәртебесі туралы пайымды пікірлер жинақталады

291

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру және «Педагог мәртебесі туралы» заңының жобасын дайындау бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Жиында партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов «Ұстазым — ұлағатым» акциясының бастау алғандығы туралы хабарлады.
– Елбасы биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында экономикадағы, әлеуметтік саладағы, өңірлік дамудағы қысқа және ұзақ мерзімді перспективаға арналған іс-қимылдың кешенді бағдарламасын ұсынған болатын.
Жолдаудың әлеуметтік сипаты Елбасы саясатының халықтың әл-ауқатын жақсартып, азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталғанын көрсетеді. Ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру, білім беру мен медицинаға кететін шығындарды көбейту және басқа да бағыттардың әлеуметтік жаңғыруымызға серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар, Елбасы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл маңызды құжат өз кезегінде мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, білім саласының одан әрі дамуына жол ашатыны даусыз.
Бүгіннен бастау алған «Ұстазым-ұлағатым» акциясы аясында 12-25 қараша аралығында арнайы құрылған екі жұмыс тобы жоспарға сәйкес, елді мекендерде ұстаздармен кездесулер, қоғамдық қабылдаулар өткізіп, ұсыныстар жинақтайды. Осы уақыт аралығында әлеуметтік желілерде де #Ұстазымұлағатым, #Педагогмәртебесі хэштегтерімен ой-пікірлер қабылданады. Әзірленген заң жобасы «Нұр Отан» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық фракциясына, Білім және ғылым министрлігіне жолданатын болады, – деген Ерқанат Нұрбапаұлы аталмыш акцияға белсенді қатысушылардың партия атынан арнайы марапатталатынын жеткізді.
Шара барысында облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Ускумбаева аталған акция педагогтардың мәртебесін көтеруге септігін тигізетін бірден-бір жоба екенін айтса, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының мұғалімі Пейішкүл Оразова өзінің бірқатар ұсынысын жеткізді.
Жиында өзге де азаматтар сөз алып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Айжан Өзбекова

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.