Көше атауында көп мәселе жатыр | arainews.kz

Көше атауында көп мәселе жатыр

147

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өңірлік ономастика комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Жиынға аймақтық ономастика комиссиясының мүшелері, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен тіл мамандары қатысты.
Басқосуда әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселесі бойынша аудан әкімдіктерінен түскен ұсыныстар қаралды. Алғаш болып хабарлама жасаған Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Нұрдос Тойбаев Тегістік ауылындағы Чапаев көшесін Талас деп ауыстыру туралы ұсынысын жеткізді. Оның бұл ұсынысын комиссия мүшелері жан-жақты саралап, бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова ауылдық округтеріндегі 46 көшенің атауын өзгерту қажеттігін атап өтті. Жиында сонымен қатар Меркі ауданынан 2 елді мекен, 2 көше, Сарысу ауданынан 3 көше, ал Шу ауданынан 83 көшені қайта атау мәселесі бойынша ұсыныстар тыңдалды.
Басқосуда Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтардың атқарған тірліктерін зерделеудің қорытындысы бойынша облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова баяндады. Мәселен, Байзақ ауданы бойынша жылдың басында мағынасы ескірген МТШ, Ленин, ТСФ, Моношина балка, Автопарк сынды көшелер анықталып, облыстық ономастикалық комиссиясының оң қорытындысымен қайта аталыпты. Ал, Жамбыл ауданындағы 82 нысанның сыртқы көрнекі ақпараттардың жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, орын алған кемшіліктері бойынша аудан әкіміне хат жіберілген. Сондай-ақ, онда басқарма тарапынан тоқсан сайын ауылдық округтер бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесін аудандық аппараттық кеңестерде қарау тапсырылыпты.
– Тараз қаласындағы ономастикалық ахуал мәселесі қалалық әкімдіктің аппараттық кеңестерінде 3 рет қаралып, хаттамалық тапсырмалар берілген. Яғни, облыс орталығындағы мағынасы ескірген көше атауларының санын анықтау, оларды қайта атау жұмыстарын жүргізу, көшелердің бойында орналасқан билбордтар, кермелер мен баннерлерді қайта зерделеп, ретке келтіру бойынша нақты ұсыныстар керек. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 2018 жылдың басында берген мәліметі бойынша мағынасы ескірген Ленин көшесінің атауы әлі өзгермеген. Қазіргі таңда, аталған көшенің тиісті құжаттарын жинақтап, басқарма тарапынан зерделеніп, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданды, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы.
Жиын соңында комиссия мүшелері жаңаланып жатқан көше аншлагтары туралы да ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ойларын жеткізді.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.