«Өнімдері улы» деп танылған ет-консерві кəсіпорны депутаттардан көмек сұрады | arainews.kz

«Өнімдері улы» деп танылған ет-консерві кəсіпорны депутаттардан көмек сұрады

109

Төменгі палата отырысында Мәжіліс депутаты Кеңес Əбсаттаров қазақстандық кəсіпорынның проблемасын көтерді.

«Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірушілері бізден көмек сұрады. Олар өнімдерін Ресейге экспорттау барысында құқықтарының бұзылып отырғанын айтады. Мысалы, Новосібір облысаралық ветеринарлық зертхана БҚО-дағы «Кублей» ЖШС шығаратын ет-консерві өнімдерінің сапасына күмəнданып отыр екен. Дегенмен бұл кәсіпорын тәуелсіз Қазақстанмен құрдас, қазір ол толық циклді ірі өңдеуші кәсіпорынның бірі саналады. Ол малды сойып, дайын өнімге дейін жеткізеді. Кәсіпорынның аттестатталған өндірістік зертханасы барлық кезеңде шикізат пен дайын өнім сапасының бақылауын қамтамасыз етеді. Олар «Азық-түлік қауіпсіздігі» туралы Кедендік одақ техникалық регламентіне сай рұқсат берілген улы элементтердің көрсеткіштеріне манипуляция жасалып отыр деген пікірде», — деді Əбсаттаров Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына жазған сауалында.

Депутаттың айтуынша, консерві этикеталарында орыс тілінде кәсіпорын реквизиттері мен құрамындағы заттардың жазылғанына қарамастан аталған зертхана қызметкерлері үлгіні зерттеу барысында консерві өнімдерінің басқа түрлеріне тиесілі көрсеткіштерді пайдаланған. Осылайша, ЕАЭО-ға мүше елдердің сауда желісінде қазақстандық өнімдердің сатылымы шектеліп отыр.

«Көрші елдің бақылау органдарының бұрыс əрекеттері бәсекені дамытуға қолдан кедергі жасап, кəсіпорынға материалдық шығын келтіріп отыр. Бұған қоса, бұл əрекет ЕАЭО-дан тыс жерде танымал кәсіпорын имиджіне зиян келтіруде. Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, «Ақ жол» ҚДП фракциясы Кеден одағы техникалық регламенті бұзылған-бұзылмағанын жедел түрде тексеруді ұсынады. Сондай-ақ, Ресейдің құзырлы органының бұрыс əрекеттері анықталған жағдайда қазақстандық экспорттаушыларға шығындарды, оның ішінде қол жеткізілмеген табысты өтеу туралы бастама жасауды ұсынады», — деді Кеңес Əбсаттаров.

Baq.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.