Қант қызылшасын өсіруші диқандарға арналған семинар өтуде

124

Бүгін Жамбыл облысының қызылша өсіруші диқандарына арналған семинарлар өтуде. Аталмыш жиында тәтті түбір өсіруші шаруалар бас қосып, оны күтіп-баптау мен минералды тыңайтқыштармен қоректендірудің жаңа әдістерін талқыламақ.

Күннің алғашқы жартысында Қордай ауданындағы Сарыбұлақ ауылында орналасқан «Самғау» шаруа қожалығында «Қант қызылшасын Жамбыл облысы жағдайында күтіп-баптау технологиясы» тақырыбында дала семинары өтуде. Аталмыш жиынға облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев, «KWS SAAT SE» компаниясы Агрокешен және Орта Азия, Молдова және Украина елдеріндегі негізгі тұтынушылармен жұмыс қызметінің жетекшісі Дмитрий Шарапов және «Fair Trade Company» өкілі Мейірлан Бейбітбекұлы қатысуда.

Қордайдағы дала семинары барысында қант қызылшасының жаңа түрінің таныстырылымы өткізіліп, егіс алқабындағы арамшөптерді бақылау, қызылшаны зиянкестер мен аурулардан қорғау, тәтті түбірді күтіп-баптау әдістері және қызылша тұқымын сатып алуға коммерциялық шарттар жайында әңгіме қозғалады.

Ал, түстен кейін семинарлар Меркі ауданындағы Сұрат ауылында орналасқан «Сыпатай батыр» ЖШС базасында жалғасын табады. Онда диқандар «Қант қызылшасын күтіп-баптау және минералды қоректендіру» тақырыбында ой бөліседі. Бұл жиынға облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев, «ЕуроХим» ЖШС-нің минералды тыңайтқыштарды сату бөлімінің басшысы К. Канафин және «Сыпатай батыр» ЖШС директоры Қанат Шайхиев қатыспақ.

Жиын барысында «ЕуроХим» минералды тыңайтқыштарын қант қызылшасына қолдану тәжірибесі», «Қант қызылшасын жаңбырлатып суару жүйесі арқылы күтіп-баптау», сондай-ақ, «Қант қызылшасы гибридінің және дәнді-масақты дақылдардың жаңа сұрыптары» тақырыптарында баяндамалар жасалады деп күтілуде.

Семинардың екінші бөлігі мәдениет үйінде жалғасын табады. Онда минералды тыңайтқыштардың жаңа түрлері, ҚХР-дың жаңа ауыл шаруашылығы техникалары мен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мәселелері талқыға салынбақ.

Жалпы, қос аудандағы семинар жұмысына барлығы 200-ге жуық диқан қатысады деп жоспарланған.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.