Латын әліпбиін дамытуда БАҚ-тың жауапкершілігі жоғары | arainews.kz

Латын әліпбиін дамытуда БАҚ-тың жауапкершілігі жоғары

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауына

233

Бүгінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісі өз деңгейінде жүріп жатыр десек, артық айтқандық болай қоймас. Латын қарпіне көшудің еліміз үшін маңызы зор. Расында, жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс.   Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал, жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне, тіпті, әлеуметтік психологиясына әсер етеді. Оның ішінде бұқара мен билік арасында алтын көпір саналатын журналистика саласының атқаратын рөлі зор. Бұл тұрғыда БАҚ өкілдері бұл ұсынысты қалай дәріптеп, қолдануымыз қажет деген заңды сауалдың туындайтыны жасырын емес. Осы сауалды кезінде Түркияның мемлекеттік «Анадолу»  мемлекеттік ақпарат агенттігінде жұмыс атқарған әрі түрікше жақсы сөйлеп, жаза алатын «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайлға қойған едік. Оның да себебі, жоқ емес. Өйткені, Түркітектес халықтар тілінде латын әліпбиі 1926 жылдан бастап қолданыла бастаса, осы әліпбиді алғаш қолданысқа енгізгендердің бірі – Түркия мемлекеті. Сондағы ақпараттың қазанында қайнап, тәжірибесін өткен ғасырдың соңында-ақ толықтырып келген аға журналистің латын әліпбиі туралы айтары бар.

– Рухани жаңғыру барымызды бағалауға, өткенімізді саралауға, ең бастысы, қазіргі заманда қоғамға қажетті идеологиялық саясатты жүргізуге мүмкіндік береді. Ал латын әліпбиіне келсек, оны тосын құбылыс ретінде қабылдағандар да болды. Латын әрпімен жазу қазаққа жат дүние емес. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, 1930 жыл мен 1940 жылдың аралығында осы әліпби біздің қолданысымызда болған. Қазіргі өркениет заманында түркі елдерінің барлығы дерлік латын әліпбиіне көшіп қойды. Бұдан өзге, әлемдік ғылыми әдебиеттің 80 пайызы латын қарпінде жазылған. Өз тәжірибеме келсем, «Анадолу» ақпарат агенттігінде 10 жылдай осы жұмыс істедім. Ешбір қиындығы жоқ. Рас, басында оңтайлы бола қойған жоқ. Бірақ, қазіргі технологияның дамыған осы заманында бізге барлығы оңай болуы қажет секілді көрінеді. Сол секілді жаңа нәрсе жұртқа оңай болуы керек. Кез-келген сайтқа кірсең, сілтемесінде латын қарпі тұрады. Жаһандану заманында журналистика және одан басқада сала болсын кирилицамен отырып қалу қиын. Бүгінгі күні шет тілін білетін мамандар көбейіп келе жатыр. Осы арқылы өзге елмен байланыс орнатып, тіпті сонда жұмыс та жасауда. Енді қазақ журналистикасы да халықаралық деңгейге шығу қажет. Қазір барыс-келістен ары аса алмай отыр. Ертең кез-келген басылымның шетелдік әріптестерімен ортақ жобаны іске асыруы бек мүмкін. Осы тұрғыда оның алдынан шығатыны осы латын қарпі. Екі ел арасында бірлесіп жобаны іске асыру кең таралған практика. Әлемдегі ірі газеттердің ағылшын нұсқалары бар. Біз де болашақта сондай дәрежеге жетерміз. Бірақ, кирил қарпімен ол деңгейге мүмкін емес, – дейді С.Смайл.

Біздің елде ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялылары латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерді. Қазақ тілінің табиғатына сай әліпби үлгісін жасап, қолданысқа енгізген болатын. Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым А.Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық», — деген болатын.  Бұл – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдағы коммуникациялық үрдістерді зерделеуден туған ой болатын. Қазір адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басып отыр. Жазудың маңызы бұрынғыдан бірнеше есе өскен заман. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас  түркі  халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ.

Шынболат Сейдуалиев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.