ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ БІР СӘТКЕ ДЕ БОСАҢСЫМАЙДЫ | arainews.kz

ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ БІР СӘТКЕ ДЕ БОСАҢСЫМАЙДЫ

150

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қатты және сұйық отынмен жанатын пештерде, жылыту жүйелерінде жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау. Улы газдан өлудің алдын алу» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев пен департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Омар Такеев қысқа дайындық жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндады.

Мақсат Әшірбайұлының айтуынша, әсіресе қысқы жылыту маусымында газдан улану оқиғасы күрт артатын көрінеді. Мәселен, 2017-2018 жылыту маусымында газдан улану салдарынан 9 адам қаза тапқан. Сондықтан да, қандай да бір төтенше жағдайға жол бермес үшін қазіргі таңда департамент мамандары тарапынан тиісті үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Мақсат Әкімбаев ағымдағы жылдың тоғыз айында 531 өрт оқиғасы тіркеліп, 11 адам өлім ұшқанын жеткізді. Ал, Омар Такеев жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқа дайындығына тоқталды.

– Жалпы, облысымыздағы пайдаланымдағы жолдың ұзақтығы 5187 шақырымды құрайды. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына «Қазавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсетеді. Бүгінде арнайы жол тазалау техникаларының 98 пайызы маусымға сақадай-сай. Сонымен қатар, 1362 тонна тұз, 11938 текше метр құм, 65 тонна дизель отыны, 25 литр бензин дайындалды. Жол бойында 8 жылыту пунктері және бокстар әзірленді. Қосымша жол бойында жақын орналасқан мектептермен және тамақтану орындарымен келісімшарт жүргізілуде. Автокөлік жолдарының бойында 774 уақытша жол белгілері орнатылды және ұзындығы 800 метр қардан қорғау қалқаншалары орнатылды. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан Шақпақ, Күйік, Қордай, Хантау асуларында  кезекшілік ұйымдастырылды. Сол секілді облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы Қаратау қаласы, Ақкөл, Ойық, Төле би, Қордай, Қоңыртөбе ауылдары  жылыту пунктері орналастырылды, – деген Омар Бекболатұлы қазіргі таңда аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері аудан әкімдігінің мамандарымен бірлесіп, аймақтағы дайындық жұмыстарын зерделеп жатқанына тоқталды.

Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де күн тәртібіндегі мәселеге орай сұрақтарын қойып, баяндамашылар тарапынан нақты жауап берілді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.