Құқықтық қоғамның құзыреті

46

Қазақстан – конституциялық құрылымы жөнінен құқықтық мемлекет. Ал, құқықтық мемлекеттің басты белгісі адам, қоғам мүддесі үшін атқарылатын игілікті істердің барлығының дерлік заң нормаларымен реттелетіндігінде. Біздегі жүзеге асырылатын, қабылданатын, қолданылатын құқықтық актілер әділеттілік қағидасына, мемлекет пен жеке адамның мүддесіне қызмет атқаруы тиіс. Мұндай күрделі міндеттерді жүзеге асыруда заңгерлер қауымдастығының маңызы ерекше екендігін өмір тәжірибесі көрсетіп отыр.

Көптеген өркениетті елдерде заңгерлерді біріктіретін қауымдастықтар жұмыс істейді. Мұндай ұйымдар мемлекеттің құқықтық жүйесін өркендетуге тиісінше үлестерін қосуда. Өз кезегінде Қазақстан Республикасында да тәуелсіздік алған жылдары республикалық Заңгерлер одағы құрылып, еліміздің дамуына едәуір қызмет атқарды. Бірақ, 1994 жылы Қазақ КСР Заңгерлер одағының жұмысы белгісіз себептермен тоқтатылды. Сөйтіп, бір бағытта қызмет атқарып келген бөлімшелер жеке-жеке ұйымға бөлініп кетті.
Жалпы, Заңгерлер одағының тарихы тым тереңде жатыр. 1989 жылы Мәскеу қаласында КСРО заңгерлерінің алғашқы съезі өтіп, онда Кеңес одағының Заңгерлер одағы құрылады. Құрылтай барысында одақтың координациялық кеңесі мен басқа да жұмыс органдары сайланады. Ал, Қазақ КСР Заңгерлер одағы 1993 жылы қабылданған жаңа Конституцияның жобасын, негізгі конституциялық Заңдарды, Мемлекеттік тәуелсіздік пен егемендік туралы декларацияны әзірлеуге белсене қатысады. Жаңадан құрылған одақ жұмысын ілгерілету мақсатында әлем және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің заң ұйымдарымен тәжірибе алмасуға айрықша басымдық береді. Алайда, бұл одақтың ғұмыры ұзаққа созылмады.
Дегенмен, құқықтық қоғам қалыптастыру бағытында мұндай ұйымның қажет екендігі айқын аңғарылды. 2012 жылы 16 мамырда Астана қаласында «Қазақстан Заңгерлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің съезі өтіп, жаңа ұйым өмірге келді. Негізгі мақсат еліміздегі барлық заң қауымдастықтарының басын біріктіру және мемлекеттің алдында тұрған ірі құқықтық міндеттерді шешуде бірыңғай платформа әзірлеу еді. Съезде «Қазақстан Заңгерлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жарғысы мен тұжырымдамасы қабылданады. Көп уақыт өтпестен еліміздің түкпір-түкпірінде республикалық қоғамдық бірлестіктің филиалдары ашыла бастады. Жамбыл облысында да 2013 жылы өз жұмысын бастаған бірлестік филиалы өңір заңгерлерінің басын қоса отырып, еліміздің егемендігін нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мақсатында тиянақты тірліктерін бастап кетеді.
– «Қазақстан Заңгерлерінің одағын» құрудағы негізгі мақсат – құқықтық мемлекет құруға септесу, қоғамның мүдделерін сақтау, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен еркіндіктерін, олардың жауапкершілігін арттыру, заңгерлердің күштерін бір арнаға шоғырландыру болды. Жаңа қоғамдастықты құру машықтанып жүрген заңгерлерді, сол секілді салалық қоғамдық бірлестіктерді біріктіруге мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасы Судьялар одағы, Қазақстан прокурорлар қауымдастығы, республикалық нотариалдық палата және республикалық қорғаушылар алқасы Заңгерлер одағының құрамына корпоративтік мүше ретінде кірді.
Ел азаматтарының құқықтық мәдениетін және сана-сезімін арттыру, тұрғындарға заңгерлік қызмет көрсету сапасын жақсарту міндеті – одақ жұмысындағы басты бағыт. Еліміздегі заң қоғамдастығы Қазақстанда болып жатқан барлық саяси оқиғаларға бейжай қарамайды, – дейді облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары, «Қазақстан Заңгерлернің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Дәурен Дайрабаев.
Дәурен Жигулиұлының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда қоғамдық бірлестікті үлкен күшке айналды деп айтуға толықтай негіз бар. Қалыптасу кезеңінен өткен одақ әртүрлі әдістерді тәжірибеде қолданып, қызметінің ауқымын едәуір кеңейтті.
Бүгінде одақ қызметі халықаралық деңгейде де үлкен сұранысқа ие. Бірлестік ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заң қауымдастығымен, Халықаралық заңгерлер одағының мүшелерімен, сондай-ақ, Қытай Халық Республикасы заң қауымдастығымен тұрақты қарым-қатынас орнатқан.
Ал, Тараз қалалық әділет басқармасының басшысы, бірлестіктің облыстық филиалының хатшысы Гүлнара Көшекованың айтуынша, осы уақыт аралығында аймағымыздағы бөлімше ауқымды тірліктер тындырған. Филиал белсенділерінің жұмысы құқық саласында заңгерлердің өзара қарым-қатынасын арттыруға оң септігін тигізуде. Қазіргі таңда филиалдың 374 мүшесі бар екен.
Міне, осылайша Заңгерлер одағы ғалымдар мен мамандардың басын қоса отырып, еліміздің құқықтық тәрбиесін, сапасын өркендетуге сүбелі үлес қосуда. Сондай-ақ, заң шығарушы орган – Парламент жұмысына да белсенді қатысып, сапалы заңдар жобасын әзірлеуге атсалысуда. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған өзге қоғамдық бірлестіктер секілді емес, алдына үлкен мақсат-міндет қойып, жүйелі жұмыс жасап жатқан аталмыш ұйымның бұқара үшін берері мол болмақ.

Талғат НҰРХАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.