Конституция бізге не берді? | arainews.kz

Конституция бізге не берді?

178

Барша отандасымыздың басқа-басқа, еліміздің Негізгі Заңы-Конституцияны барынша ардақтай білгені абзал. Өйткені, онда әрбір қоғам мүшесінің еркі, бостандығы, құқығы мейлінше ескерілген. Алайда, айбынымыз болған Ата Заңымыздың бізге берген мүмкіндіктерін кейбір замандастарымыздың біле бермейтіні жасырын емес. Осы ретте, біз мерекеге орай жастар арасында шағын сауалнама жүргізіп, «Конституция деген не?», «Конституция Сізге не берді?», «Еліміздің Ата Заңын қаншалықты құрметтейсіз?» деген сұрақтар төңірегінде пікірін білген едік.

Елжас ҚАПАРХАН, Қордай аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры:

1. Кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Мемлекет те тірі организм іспетті. Сол себепті, мемлекетте өмір сүріп отырған әр адамның да өз арман-мақсатының, ұстанымдары мен болашаққа қойған бағдарының болатыны заңдылық. Яғни, әр елдің өз Конституциясының болғаны сияқты, әр азаматтың да өзіндік принциптері болу керек. Мемлекет пен оның азаматтарының ортақ ұстанымдары бір мүддеге тоғысып жатса, онда ел болашағының кемелденуінің кепілі.
2. Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті артқан мығым мемлекетке айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.
Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды. Міне, Конституцияның бізге берген ұлы құндылықтары осылар.
3. Елбасымыз бір сөзінде «Консти­туцияны қатаң ұстану – бұл мемле­кеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни, мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ», деген еді.

Жансая КЕНЖЕБЕКОВА, Тараз қаласының тұрғыны, медбике:

1. Ұлы Дала­ны мекендеген алты Алаштың дала заңдары, өзіндік Конститу­циясы болғаны анық. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері Қазақ елі Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы. Қазақ хандары жолға қойған осы жарғыларды дала Конституциясы санасақ, оның «баптарының» сөз бастаған шешендер арқылы қалай өрбігеніне, абыз ақсақалдардың қалай таратып, жөнге салғанына тарихтан көп мысал тартуға болады. Әрине, Конституция – мен үшін құнды құжат. Экономикасы дамыған ел болып қалыптасуымыздың алғышарты болған Ата Заңымыз бар қазақстандықтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етті. Біздің білім алып, мамандық таңдауымызға, сол арқылы болашағымызды қалыптастыруымызға Конституцияның өзі кепіл.
2. Сананы тұрмыс билеген мына заманда «Конституция маған не берді?» деген сұраққа жауап берерде тек материалдық жетілудің ойға оралатыны анық. Алайда, Ата Заңның маған бергені одан да ауқымды, одан да тереңірек. Біз конституциялық құрылымымыз бойынша әлемге ашық, зайырлы елміз ғой. Сондықтан, біз кейбір шекарасын тас қамал бекітіп, ішінен тынып отырған елдер сияқты емес, жаһандық өркендеудің бел ортасында келеміз. Қарапайым турист ретінде де саяхаттап, ел көріп, мемлекетімізді сыртқа жарнамалауымызға мол мүмкіндігіміз бар. Кәсіппен айналысамын десем де ешкім қолымнан тартып, аяғымнан шалуға құқы жоқ. Сондықтан, бізге баянды болашақты сыйға тартқан Тәуелсіздігімізге, азат еліміздің Ата Заңына қарыздармыз.
3. Өзіңді өмірге әкелген ата-анаңды қалай құрметтесең, Отанды да, оның басты бағдаршамы болған Ата Заңды да солай құрметтеуіміз керек. Қай салада болсын қабылданып жатқан заңдардың, Президент Жарлықтарының бастауында Конституция тұр. Демократиялық принциптерге негізделген Ата Заңымызды біз республиканың басты нышандарының бірі ретінде қалай қастерлесек те жарасады.

Забира ЖҰМАБЕКОВА, Сарысу ауданы, Жаңаталап ауылының тұрғыны, суретші:

1. «Ата Заң әр­кім­нің бойтұмары болып, оның әрбір қағидасы мүлтіксіз орындалғанда ғана ортақ мақсатқа қол жеткіземіз», – деп Елбасы айтқандай, қашанда заң бар жерде талап бар, талап бар жерде тәртіп пен тәрбие қалыптасады. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан, заңды білу – заман талабы. Ал, заңды білу дегеніміз Конституцияны білуден басталса керек. Өйткені, еліміздің алға жылжуына, тағдырының қалыптасуына негіз болған бұл басты құжат ешкімді адастырмасы анық. Мен үшін Ата Заң – келер күнімізді ашық-жарқын ететін нағыз шамшырақ.
2. «Ата Заң маған не берді дегеннен гөрі, елімізге, халқымызға не берді?» деген маңыздырақ шығар. Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жетіп, Қазақстанымыз көркейіп, ел экономикасы өсіп-өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты артып, дамудың даңғыл жолын таңдадық. Қыруар қайратты, еңселі еңбекті қажет етер күрделі, қиын өмір өткелдерінен өтіп, алуан асуларды, биік белестерді бағындырдық. Ендігі болашақтың кілті – жастардың қолында. Олай болса, жас ұрпаққа тек білім берумен шектелу аз, оларды адамгершілік-рухани жағынан Ата Заңға құрметпен қарауға үйретіп, нағыз адам ретінде қалыптастыруымыз керек.
3. 1995 жылы ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды мақсат тұтып, еліміздің қазіргі қолданыстағы басты құжаты – Конституцияны қабылдады.
Міне, содан бергі уақытта Ата Заң біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Яғни, Конституция – жарқын болашағымыздың кепілі. Сондықтан, оны дәріптеу баршамыздың азаматтық борышымыз. Отанымызда жекеменшік, мұрагерлік, заң жолымен алынған кез келген мүлікке ие болу құқығы және басқа да меншіктік мәселелер конституциялық мәнге ие. Сол себепті, әрбір азамат басты заңымызға құрметпен қарауы тиіс.

Түйін

«Асыл тастан, ақыл жастан шығады» дейді дана қазақ. Жалынды жастардың Конституция туралы пайымды пікірлері бізді еріксіз сүйсінтті. Шынында, әрбір замандасымыз осылай ойласа, онда артылған сенімнің ақталғаны.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.