ҚАЖ қызметкерлері Отан қорғаушылар күнін атап өтті | arainews.kz

ҚАЖ қызметкерлері Отан қорғаушылар күнін атап өтті

81

Қазақтың қаһарман ұлы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының Жуалы ауданында орналасқан музейінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шара өтті. Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ұйымдастырған салтанатты жиынға департамент басшылығы, №25 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелдиев, мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әміржан Дәулетқұлов қатысты. Сонымен қатар департаментке бағынысты мекемелердің басшылығы және жеке құрам қызметкерлері де мерекелік салтанатқа қатысушылар қатарында болды.

Жиында әуелі Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні шырқалып, қатысушылар батыр Бауыржанның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Сонан соң департамент бастығы әділет полковнигі Нияз Рыспаев сөз алып, ҚАЖ қызметкерлері мен мәртебелі меймандарды мерейлі мерекемен құттықтады.

– Отан алдындағы борышты өтеу, оған адал қызмет ету – абыройлы іс. Туған жердің шебін күзетіп, тұтастықты сақтау – әрбір азаматтың қастерлі парызы. Еліміздің тыныштығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті борыш, жоғары жауапкершілік.
Біз – тұтас тарихы, қаһармандық дәстүрі қалыптасқан жұртпыз. Батыр бабаларымыз осынау кең байтақ жер үшін шайқасып, ұрпағына мирас етіп қалдырды. Ал, кешегі аталарымыз бен әкелеріміз сұрапыл соғыста жеңіске жетті.
Біз осындай жандардың ерлігіне сый-құрмет көрсете отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық және еңбекте жеміс пен толағай табыстар тілейміз. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні құтты болсын! Ел іргесі бүтін, жұртымыз тыныш болғай, – деді Н. Рыспаев.

Сонымен қатар шара барысында бірқатар жас қызметкерлер ант қабылдап, ҚАЖ саласының қызметкері атанды. Келесі кезекте Б. Момышұлының немере інісі, ардагер журналист Бекет Момынқұл мен ҚАЖ саласының ардагері Руслан Мамутов қоғам қауіпсіздігін сақтауда тынымсыз еңбек етіп, тер төгіп жүрген қызметкерлердің қалтқысыз қызметтері үшін алғыстарын айтып, салаға жаңадан қосылған жастарды Отанға адал қызмет етуге шақырды.

Салтанатты жиын соңында департамент бастығы Н.Рыспаев сала ардагерлеріне Александр Бектің  «Волоколамск тас жолы» кітабын сыйға тартты.

 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.