Қазақстанда ХҚКО-ға кезекті онлайн брондаудың жаңа тәсілі енгізілді | arainews.kz

Қазақстанда ХҚКО-ға кезекті онлайн брондаудың жаңа тәсілі енгізілді

36

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Halyk Bank-пен бірлесіп жаңа жобаны жүзеге асырды. Енді Halyk қосымшасында ХҚКО-ға кезекті брондап және QR арқылы цифрлық талон алуға болады.

ХҚКО-ға кезекті брондау үшін қосымшаның басты бетінде «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, содан кейін «ХҚКО-ға кезекті брондау» батырмасын басу қажет. Әрі қарай қосымша арқылы қаланы, ХҚКО-ның мекенжайын, сондай-ақ, келу мақсатын белгілеп, келу күні мен уақытын таңдауға болады. ХҚКО-ға келген қызмет алушы қабылдау үстелінде орналасқан QR-ды сканерлеп, электрондық цифрлық талон ала алады.

«Бізге әдетте ХҚКО-ға келушілер тарапынан электрондық кезектің талоны кейде дұрыс берілмейтіні бойынша шағымдар жиі келіп түседі. Енді осы туындаған мәселені жою мақсатында біз кезекті брондаудың балама әдісін ойластырып, талон алуға кепілдік беретін жобаны іске асырдық. Сонымен қатар, жыл басынан бері 600 мыңнан астам азамат бронь бойынша ХҚКО-ға жүгініп, қағаз талондарын алған. Енді қағаз талондардың орнына, азаматтар ХҚКО қызметкеріне өзінің смартфонындағы электронды талонды көрсету арқылы қызмет ала алады», — деп атап өтті Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

«Бұл жоба Halyk bank-пен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кезекті ынтымақтастығының нәтижесі. Біздің барлық енгізілген қызметтеріміз сияқты, бұл жоба Halyk қызмет алушыларының уақытын үнемдеу мен жоспарлаудың сенімді құралы ретінде қызмет көрсетуге негізделген. Сондай-ақ, біз ESG стандарттарын енгізген алғашқы банк ретінде әрқашан азаматтарға қолайлы жағдай жасалуын жақтайтынымызды атап өткім келеді. Смартфондағы электрондық талондар қағаз талондардың ұтымды баламасына айналады», — деп Halyk Bank Басқарма Төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев түсініктеме берді.

ХҚКО-ға кезекті алдын ала брондау арқылы қызмет алушылар уақыттарын үнемдеп, қызмет алуды жоспарлап жүреді. Жыл басынан бері ХҚКО–ға еліміздің 6 миллионға жуық азаматы жүгінген. Олардың 10%-ы кезекті алдын ала брондау арқылы барған.

Айта кетейік, сервисті 1414 нөміріне қоңырау шалу, ЕgovKzbot2.0 телеграм-боты арқылы, сондай-ақ, «Мобильді ХҚКО», «eGov mobile» қосымшалары және электрондық үкімет порталы арқылы пайдалануға болады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.