Күй-ғұмырдың күмбірі | arainews.kz

Күй-ғұмырдың күмбірі

Таразда ел мақтанышы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылық кеші өтті

284

Күй – құдірет, күй – кие. Күй – қазақтың жаны, Ұлы Далаға жаңғырған ұлт рухының мәңгілік үні. Қазақ халқы ұлт пен ұлыс болып қалыптасқан күннен бастап, төл өнеріне әрдайым төр мен тұғырдан орын бергені тарихтан белгілі. Соның ішіндегі ең биігі – күй өнері десек артық айтқандық емес. Ол Мәңгілік елдің сарқылмас мұрасы, мағыналы маржаны, рухани асыл қазынасы.
Домбыра, мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесін,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе, – деп Қасым Аманжолов жырлағандай, кез-келген күйдің өзіндік тағдыры, мұңы мен сыры һәм рухани энергиясы бар. Осынау классикалық өнердің биіктігіне барып, тереңдігіне бойлап, сондай жауһар мұраны жасай білген күйшілердің шеберлігіне еріксіз тебіреніп, мойындаудан басқа амалың қалмайды.

Бұл тұста Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп айтқаны да жадымызда жаңғырып тұр. Сондай нәзіктіктің наркескені, кесек кескін күйшінің бірегейі, даңқты жерлесіміз, ел мақтанышы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаев.
Өткен ғасырлардағы Қорқыт, Асан Қайғы, Қазтуған, Тәттімбет, Құрманғазы, Ықыластардың, дарынды күйші, дәулескер домбырашылардың дара жолын бүгінмен жалғаған композитордың кеше «Баласағұн» орталық концерт залында «Күмбірле күйім, ерінбе!» атты шығармашылық кеші өтті.

Күй күмбірлеген кеш шымылдығы Мұхтарбай Рахманқұлов пен Адай Жұматтың дирижерлік етуімен К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының Қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында автордың «Тұран елі» туындысымен ашылды.
Салтанатты сазды сәтте күйші-композитордың «Әулиеата», «Бозжігіт», «Төле би толғауы», «Көкшолақ», «Толғау», «Жетісу сазы», «Өмір-дастан», «Әділхан», «Ыдырыс», «Самғау», «Нұрсұлтан» поэмасы, «Шабыт», «Жарылқап батыр» һәм осы сарындас, ой-толғамы тақылеттес сом туындылары көпшіліктің көңілін баурап, жүрегіне жол салды.
Сондай-ақ, аймақтың айтулы мәдени брендіне айналған «Тараз» триосы, Жанат Досжанова, Айгүл Мақашева, Арайлым Әділбекова секілді күміс көмей, жезтаңдай өнерпаздар әннен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, автордың күйшілік өнердегі өзіндік қолтаңбасын таныту, рухани қазынамызға айналған шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сазды кеш күйшінің ойы мен сырлы сезімінің жауһар жемісі, 1970 жылдары дүниеге келіп, дәуір келбетінің көрінісіне айналған «Ерке сылқым» күйімен қорытындыланды.
Шара соңында өнер көрсеткен сахна саңлақтарына облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.