Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мадина Шиналиева баспасөз мәслихатын өткізіп, мекеменің 8 айда атқарған жұмысын баяндады.
Оның сөзіне сүйенсек, жалпы департамент дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен техника саласына бақылау жүргізеді екен. Биыл өңірде 407 фармацевтикалық нысан тіркелген. Оның ішінде 302 дәріхана, 4 фармацевтикалық өндіріс, 31 дәріханалық қойма, 35 дәріханалық пункт, 3 дәріханалық дүңгіршек, 29 оптикалық бөлімдер және 3 медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дүкен бар. Департамент осы медициналық мекемелердің жұмысын зерделеуге міндетті.
– Облыста дәрілік заттар өндірісімен айналысатын
4 нысан жұмыс істейді. Олар: «Дала-фарм», «Эко-фарм», «Super-parm» ЖШС-лары мен «Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми зерттеу институты». 365 ауылдық елді мекеннің тұрғындарына дәрілік көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 167 дәріханалық ұйым қызмет көрсетеді, қамту 46 пайызды құрайды. 2018 жылдың 8 айында жеке тұлғалардың өтініштері бойынша 32 тексеру жүргізілді. Сондай-ақ, жыл басынан бері облыстың дәріханалары мен медициналық ұйымдарын тексеру қорытындысы бойынша департамент мамандарымен анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша 12 нұсқаулық беріліп, 17 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 2 260 700 теңге көлемінде айыппұл салынып, олар толық көлемде өндіріліп, республикалық бюджет кірісіне алынады, – деді Мадина Сейділдәқызы.
Шынболат Сейдуалиев