«Ең үздік спикер» Ажар Шәдібек Дулати университетінде тегін оқиды | arainews.kz

«Ең үздік спикер» Ажар Шәдібек Дулати университетінде тегін оқиды

1 512

Топ алдында қиыннан қиыстырып сөз бастай білу де өнер. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Балалар жылына орай ұйымдастырылған «Ректор кубогына» арналған дебат турнирінде шешендік өнер мерейіңді өсіріп қана қоймай, табысқа жеткізетінін көрдік.
Өңір мектептерінен келген 52 команда бақ сынаған турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кету керек. Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек арнайы қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дебат қозғалыстарын жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, осы бағытта жұмысты жандыруды тапсырғаны белгілі. Жалпы жасөспірімдер арасында дебат турнирлерін жиі ұйымдастырудың мәні зор. Мұндай іс-шаралардың жастар тәрбиесіне тигізер оң әсері көп. Осыны атап өткен Дәулет Жамаубайұлы бүгінде білімді, өнерлі жастарға жан-жақты қолдаулар көрсетілетінін жеткізді.
Дебат тек зияткерлік ойын ғана емес. Шешендік өнер сынға түсетін инттелектуалдық ойын ең алдымен, жас жеткіншектерге топ болып бірге жоспар жасай білуді үйретеді. Сыни ойлау жүйесін қалыптастырады. Ал сынға түсу жасөспірімдердің бәсекелік қабілеттерін ширата түсетіні анық. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры Талғат Ешенқұлов іс-шараның осындай мән-маңызына тоқталып өтті. Бұл турнирдің университет пен мектептер арасындағы байланысты арттыратынын атап айтты.
Ректор атап өткендей, осындай тығыз қарым-қатынас мектеп түлектеріне жоғары оқу орнын, мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауына көмектесетіні анық. Дулати университетінде дебат клубы 2010 жылы құрылған. «Еркін сайыс» инттелектуалдық пікір-сайыс клубының 10 жылдан астам тарихы қалыптасқан. Қазіргі кезде «Еркін сайыс» инттелектуалдық пікір-сайыс клубының 50-ден астам мүшесі бар. «Еркін сайыс» – еліміздегі оқу орындары арасындағы 10 жылдық тарихы қалыптасқан ең тәжірибелі клубтардың бірі. Жақында ғана осы клубтың командасы көрші облыста өткен жарыстан «Ең үздік клуб» номинациясын жеңіп алып, зор жетістікпен оралған болатын.
Турнирге қатысуға Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Байзақ аудандарының, Тараз қаласының мектеп оқушылары өтінім берді. Жалпы 52 команда бақ сынады. Әр команданың құрамында екі оқушыдан болуы тиіс екенін ескерсек, Дулати университетінде өткен жарысқа 104 жасөспірім келді. Ал жас шешендердің өнеріне «Еркін сайыс» клубының мүшелері төрелік жасағанын айта кету керек.
Жарыс қорытындысында Шу ауданынан келген Іңкәр Жанатбек пен Серік Ерсұлтанның командасы жеңіске жетті. Байзақ ауданындағы Сарыкемер мектеп-гимназиясының үкілеген үміттері – Ажар Шадыбек пен Аружан Әбутәліп 2-орынды иеленді. 3-орын тағы да байзақтықтардың еншісіне тигенін айта кеткен жөн. Түймекент орта мектебінің оқушылары Асылжан Серікбай мен Балауса Тоқтарбай үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Сондай-ақ «Ең үздік спикер» номинациясы бойынша турнирдің ең шешен қатысушысы анықталып, жүлде байзақтық Ажар Шәдібектің еншісіне тиді. Бұл – топ алдында тосылмаған Ажардың ерекше табысы. Өйткені «Ең үздік спикерге» Дулати университетінің оқу грантын ректор Талғат Ешенқұловтың өзі табыс етті.
«Үздік спикері» аталымына арналған жүлде Ұлдана Есенбаеваға бұйырды. Сонымен қатар, екі номинацияның иегерлері анықталып, «Спутник В» «Үздік кейстің» иегері атанса, «Түймедақ» фракциясы «Үздік сараптамашы» аталымын еншіледі. Турнирдің «Үздік төрешілері – Аружан Тоқтар, Ұланбике Баушыбай, Шұғыла Қыдырәлі.

 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.