Мәріпбек ШӘКЕРБЕК,Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері мен қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі міндеттерді айқындай келіп, экономиканың күре тамыры – бизнес екенін атап көрсетті және осы саланы жақсарту, елімізде салауатты бизнес ахуалды қалыптастыру, бизнестің қаржыға қолжетімділігін арттыру қажеттігіне ерекше назар аударды.
Президент бизнес үшін салықтық рақымшылық жасауды тапсырды. Яғни, кәсіпкерлік субъектілерінің осыған дейін төленбеген айыппұлдары болса, олардың барлығы кешіріледі. Содай-ақ, Үкіметке үш жылда экономикадағы көлеңкелі айналымды кемінде 40 пайызға қысқарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды. Бизнес үшін бұл – үлкен жеңілдіктер. Осы арқылы ол жұмысын таза парақтан бастап, жаңа күшпен жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын басты талап – салық төлемдерін уақытында төлеп, экономика дамуына үлесін қосу.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Президент тиімділігін іс жүзінде көрсеткен бағдарламаға жыл сайын 30 миллиард теңге қосымша қаржы керектігін атап өтті.
Бизнесті қолдау бағдарламасы Жамбыл облысында да мыңдаған қосымша жұмыс орнын ашуға септеседі деген сенімдеміз. Жамбыл облысының 11 ауданында, Шу қаласы және Жаңатас, Қаратау моноқаларында кәсіпкерлерді ақпараттық қамтамасыз ету үшін бір терезе қағидасымен жұмыс істейтін Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары дәл осы бағдарлама шеңберінде іске қосылға болатын. Орталықтар 2015 жылдан бері кәсіпкерлерге бухгалтерлік, маркетинг, IT, мемлекеттік сатып алу, құқықтық және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында 72 943 тегін кеңес берілді. Сонымен қатар, биыл Палатаның сүйемелдеуінде болған 303 жобаның 77 жобасы қаржылай қолдау тауып, бағдарламаның шапағатын көрді. Олардың қатарында «Рола Ян» кәсіпорны, «Дәмді себет» дүкендер желісі, «Бай-Алғабас» ӘКК-нің ірі жобалары бар.
Мемлекет басшысының «Тауарлардың импорты аз мемлекет — тәуелсіз мемлекет» деген тұжырымымен толық келісемін. Елбасы өз Жолдауында импортты алмастыру жөніндегі жұмысты күшейтуге және экспорттаушыларды қолдауға, «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға баса назар аудару қажет екенін атап өтті. Негізгі мақсат – импортты азайтып, экспортты ұлғайту.
Бүгінде өңдеуші өнеркәсіп пен өндіріс қолжетімді жеңілдетілген қаржыға мұқтаж. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банкке 600 миллиард теңгеден кем емес сомаға мерзімінен бұрын теңгелік өтімділікті беруді тапсырды. Бұл ретте Мемлекет басшысы ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие беруге болатын өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының тізімін жасауды тапсырды. Тізімге өнімін экспортқа шығаратын компаниялар, өңдеу өнеркәсібі, өндірістік кәсіпорындарды енгізу керектігі айтылды.
Елбасы бұл тізімді «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен Үкіметке бірлесіп жасауды тапсырды. Осы тұрғыда, биыл «Атамекен» ҚР ҰКП өңдеу өнеркәсібінің 8 саласы бойынша 2 мыңнан астам кәсіпорынға паспорттау жүргізген болатын. Зерттеу нәтижесі айналымдағы капиталдың жетіспеушілігі кəсіпорындар үшін өнімді өткізу, шикізаттың жетіспеушілігі сынды негізгі проблемаларының бірі екенін көрсетті.
Естеріңізде болса біздің Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Астана қаласында, Ұлттық палата алаңында кәсіпорындарға тұңғыш рет жүргізілген паспорттау қорытындысымен таныстырып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Бәйтерек Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және «АЛМЭКС» холдингтік тобы сынды мемлекеттік қолдау институттары қызығушылық танытқан болатын. Нәтижесінде, 2018 жылы 16 мамырда Жамбыл облысы әкімдігі, «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ, «Атамекен» ҚР ҰКП арасында «Жамбыл облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарын қолдау бойынша өзара ынтымақтастық туралы» келісім жасалды.
Облыс өнеркәсібін жұмыс істеп тұрған 596 кәсіпорын құрайды. Оның ішінде 422-сі — өңдеу секторының кәсіпорындары. Олардың 288-і Таразда, 134-і аудандарда орналасқан. Зерделеу нәтижесінде 88 кәсіпорынға айналым және негізгі құралдарды толықтыруға қаржылай қолдау, сондай-ақ өнімді өткізуге жәрдемдесу, шикізатпен қамтасыз ету, білікті кадрлардың қажеттілігі, жер учаскелерін алуға және олардың тұрақты жұмыс істеуі үшін мемлекеттік қолдаудың өзге де шараларына бағытталған қаржылай емес қолдау қажеттігі анықталды. Нәтижесінде, кәсіпорындарды қолдаудың Жол картасы әзірленді.
«Сауда саясатында селқостық болмауы тиіс. Оған тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат беру керек» деді Елбасы. Жамбыл облысында нарықта бәсекелесе алатын тауарлар түрі көбейіп келеді. Бұл тауар өндірушілердің сапа үздігін анықтайтын жыл сайынғы додасында айқын байқалуда. Мәселен, «Novаcom Technology» ЖШС ірі ұйымдардың клиенттермен жұмысын жеңілдету мақсатында электрондық кезек жүйесін енгізуде. Сондай-ақ, ол төлем терминалдары мен ақпараттық дүңгіршектерді шығарумен айналысады. Яғни, бұған дейін жұмыс істеу механизмі мен құрылысы бізге беймәлім болып келген терминалдар енді Тараз қаласында шығарылып жатыр. Сабын, шоколад сияқты күнделікті тұтыну заттары да жамбылдық брендпен шығуда.
Пезидент «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарды қолдау керектігін айтқан еді. Бұл орайда аймағымыздың жеңіл өнеркәсіп саласында едәуір сілкініс бар. Жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне деген сұраныс азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында тұр.
Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық пайдалану керек. Қазір еңбек күшін ақылды технологиялар алмастырып жатқан заман. Елбасы агробизнесте тың әдістерді пайдаланып, агротехникалық базаны нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Соңғы жылдары Қазақстанда қант қызылшасы қайта қолға алынып, мемлекет келісіне 12 теңгеден субсидия төлеуде. Елбасы қыс ерте түсіп, жаз кеш шығатын Солтүстіктің өзінде істің көзін тауып, рекордтық өнім алып отырған шаруаларды мысалға келітіре отырып, қырық сылтау іздегенше, мәселені шешу жолдарын табу керектігін айтты. Аграрлы өлке, әрі қос бірдей қант зауыты бар Жамбыл облысы үшін қант қызылшасын егуді қолға алу қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Оның жарқын дәлелі — Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» шаруа қожалығы озық технология мен тыңайтқыштардың арқасында биыл тәтті түбірдің әр гектарынан мың центнер өнім жиналды.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына кезекті Жолдауы ел өмірінің барлық саласын, соның ішінде кәсіпкерлік саласын одан әрі дамытудың жаңа бағдарламасы деуге болады. Президент қойған осы міндеттерді орындау – Үкімет пен бизнес үшін ортақ міндет.