Бірлік күніне орай спорттық сайыс өтті | arainews.kz

Бірлік күніне орай спорттық сайыс өтті

73

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №25 мекемесінде сотталғандар арасында моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын дамыту мақсатында спорттық іс-шара өткізілді. Аталған іс-шараға аталған мекемедегі жазасын өтеуші азаматтар атсалысып, спорттың қол күресі, гір тасын көтеру, шахмат, футбол ойындарынан өзара бақ сынасып, кім мықтыны анықтады.

Сотталғандар арасында спорттық шараның маңызы зор. Себебі, шалыс басып, бармақ тістеп қалған азаматтардың осындай шараларға қатысу арқылы санасы сергіп, келешектегі мақсаттарына жетуге ұмтылары анық.

Айта кетейік, аталған мекемеде мұндай спорттық сайыстар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Мұндағы мақсат – салауатты өмір салтын қалыптастыру, жазасын өтеушілердің спортқа деген қызығушылығын арттыру, белсенділігін көтеру.

— Жаза мерзімін өтеуші азаматтарды жазасын өтей отыра түзелу жолына салу, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында әртүрлі тәрбиелілік іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Бүгінгі шараға қатысушылардың барлығы да белсенділік танытып, өздерінің спортқа деген оң көзқарастарын көрсете білді. Спорттық іс-шараларға қатысқан сотталғандар темір торда телміріп отыра бергенше, әртүрлі қимыл қозғалыстарға түскенде, бойларына қан жүгіріп, санасы сергіп,бостандықтағы мақсаттарына деген талпынысы артады,— дейді мекеме бастығы, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелдиев.

Сайыс қорытындысы бойынша аса белсенділікпен атсалысқан азаматтар мен жеңімпаздарға мекеме басшылығының атынан алғыс хаттар тапсырылды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.