Басты құжаттың бұқараға берері мол | arainews.kz

Басты құжаттың бұқараға берері мол

662

Гулам Умаров, Жамбыл облыстық мәслихатының  депутаты, облыстық қан орталығының директоры

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жаңа Жолдауын үлкен ықыласпен тыңдап шықтым. Айту керек, бұл Жолдаудың бұқараға берері мол. Өйткені, басты құжатта өркениет биігініе ұмтылу арқылы өмір сүру сапасын арттыруға айрықша басымдық беріліп отыр.  Осы тұрғыда межелі міндеттер айқындалды.

Еңбексүйгіштіктің арқасында мемлекетіміз алдыңғы қатарлы елдерге еріп, Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтеріліп отыр. Енді тек халқымыз мемлекет тарапынан берілген мол мүмкіндіктерді тиімді пайдалана  білу үшін жағдай жасауымыз қажет.  Мемлекет басшысы «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек. Осылайша біз көптеген адам өмірін сақтап қаламыз» деп отандастарымыздың, жалпы адамзат баласы үшін басты байлық саналатын денсаулық саласына да ерекше тоқталды.  Сонымен қатар Елбасы: «Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек. Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес. Монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр. Үкімет 3 ай мерзім ішінде осы мәселемен айналысып, бәсекелестікті қорғау функциясын елеулі түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауы керек. Бұл – маңызды мәселе, ол бизнес үшін кететін шығынның артуына, адамдардың нақты табысын азайтуға әкеп соқтырады» деп коммуналды қызметтердегі тарифтің қымбат екенін де қадап айтты.  Ал,  шарықтаған баға  отбасы бюджетіне де, кәсіпкердің қалтасына да ауыр тиетіні сөзсіз. Бізде жалақы көбейеді, дәл сол уақытта коммуналдық қызметтердің бағасы да шарықтап кетеді. Ендігі жерде бағаның қатаң бақылауда болатындығы ел-жұрты қуантып отыр.

Елбасының 1 қаңтардан бастап әлеуметтік, медицина, білім салалары мен полиция қызметкерлерінің айлық жалақысын көтеру жайлы ұсынысы да кеңінен қолдау табатындығы сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, бұл Жолдау жұртшылықты желпіндіріп тастады. Өйткені, маңызды міндеттердің барлығы да халықтың игілігіне бағытталған.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.