Бас партияның балаларға базарлығы | arainews.kz

Бас партияның балаларға базарлығы

173

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Балаларды мектепке даярлаймыз» атты республикалық қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған отбасы балаларына мектеп формалары мен оқу құрал-жабдықтары табыс етілді.

Шара барысында партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат 7 отбасының балаларына қажетті дүниелерді сыйға тартты. Айта кету керек, мұқтаж азаматтардың басым бөлігі партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына өтінішпен қайырылғандар екен.
– Бүгінгі акция барысында аз қамтылған және көп балалы жанұялардың балаларына берілген оқу құралдары тікелей партияның қаржысына алынған. Біз осы бағытта аймақтағы біршама отбасыға қол ұшымызды созып келеміз. Себебі, бала – болашағымыз, егемен еліміздің ертеңгі сенімді тірегі. Ал, олардың қазірден сапалы білім алуына толық жағдай жасауымыз керек, – деді Шәбден Тоқтасынұлы.
Өз кезегінде балаларына оқуына қажетті құрал-жабдықтарды алған ата-аналар партия басшылығына алғыстарын жеткізді.
– Менің 8 балам бар. Оның бесеуі мектеп жасында. Бүгінгідей нарық заманында олардың барлығын ел қатарлы киіндіру әсте қиын екендігі белгілі. Осыны ескерген партия облыстық филиалының басшылығы балаларыма мектепке қажетті дүниелерін сыйға тартып, қуантуда. Оларға ата-аналар атынан айтар алғысым шексіз, – дейді Данияр Өмірбаев.
Жалпы, шарапаты мол акция аясында 90-ға жуық шара ұйымдастырылып, 1 000-нан астам жеткіншекке партия облыстық, Тараз қалалық және аудандық филиалдары, бастауыш партия ұйымдары және мәслихаттардағы депутаттық фракция мүшелері тарапынан түрлі көмектер көрсетіліпті. 1 тамыздан бастау алған шара 30 қыркүйекке дейін жалғаса бермек.

Шынболат Сейдуалиев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.