Балуан атындағы ауыл мерейлі белесін тойлады

Шу ауданындағы Балуан Шолақ ауылының тұрғындары елдімекеннің 90 жылдық мерей тойын атап өтті. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан терең тарихы бар ауыл бүгінде ажарлы кейпімен, базарлы тұрмыс-тіршілігімен өңірдегі үлгілі, алдыңғы қатарлы ауылдардың бірегейіне айналды. Әлі де жыл өткен сайын көркейіп, гүлденіп келеді. Ауылдан шыққан жомарт жүректі жандардың арқасында жаңа нысандар бой көтеріп, ел игілігі үшін маңызды саналатын шаралар қолға алынуда. Сонымен бірге Балуан Шолақтағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепке де 90 жыл толған. Осыған байланысты аталмыш ауылда ұлан-асыр той ұйымдастырылып, оған осы ауылдың тумалары, алыс-жақын өңірлерден мәртебелі меймандар жиналды. Сан толқын ұрпақтың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекенді атаулы мерекесімен құттықтауға аудан әкімі Жарылқасын Айтақов пен аудан әкімдігіне қарасты бірқатар мекеме басшылары да келді. Өз кезегінде аудан басшысы ауылдың тарихына тоқталып, шараға жиналған жұртшылықты мерейтойларымен құттықтады.

– Ауыл – халқымыздың алтын бесігі. Жақсылар мен жайсаңдардың мекені. Исі қазаққа қастерлі жер. Ауылдың сәні – ол әлбетте ағайынның татулығы, мызғымас бірлігі, өзара құрметі. Дәл осындай сәні мен салтанаты келіскен, табиғаты тамаша, келешегі кемел ауылдың бірі – Балуан Шолақ ауылы екені де сөзсіз.

Мемлекетіміз шалғайдағы ауылдарға ұдайы көңіл бөліп, мейлінше көмек көрсетіп келеді. Соның айқын бір дәлелі – «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Дәл осы жобаны жүзеге асыру бойынша 2020-2026 жылдары аралығында Балуан Шолақ ауылына 139 миллион 800 мың теңге бөлініп, ауылдың көшелері жөнделеді деп жоспарлануда.

Ауылдың жақсаруы мемлекеттен бөлінген көмек пен ауылдан шыққан атымтай азаматтардың мырзалығына тікелей байланысты. Бұл ауылдан да атпал азаматтар мен ауылын ойлайтын меценаттар аз шыққан жоқ. Туған жеріне ту тігіп, тіршілігін түлеткен кәсіпкер Нұрхан Матышевтың да осы ауылға қомақты қаржыға имандылық үйін салып, үлкен той жасағанын да ел әлі ұмыта қоймады. Бұндай жұмыстар бүгінгі таңда да жалғасын табуда, — деді Ж.Әбдіғапарұлы.

Бұдан кейін аудан әкімі өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін жеке кәсіпкерлер Нұрхан Матышев, Айтжан Әшімханов және Нұрдан Сағындықовқа Алғыс хат табыс етті. Шара барысында ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары ауылдағы білім ошағы туралы толғаныстарын жеткізіп, ауыл тарихынан сыр шертті. Сондай-ақ мерейтойдың құрметті қонағы, еліміздің мәдениет қайраткері, белгілі өнер тарланы Ергенбай Әбуев та сахна төріне шығып, Балуан Шолақтың «Ғалия» әнін нақышына келтіре орындады. Салтанатты шара одан әрі аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған мерекелік концертке ұласты. Алыс-жақыннан жиналған жұртшылыққа арнайы ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, дастархан жайылды. Сонымен қатар, қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылып, шабандоздар бәйгеге қатысса, балуандар көкпар тартты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.