Бүркітшілер сынға түсті

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан аясында облыс аумағында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық санамыз жаңартылуда, ұлттық дәстүріміз ұлықталуда.

Осы жолда Жамбыл ауданы Бектөбе ауылындағы атшабарда құсбегілер арасындағы «Бес сайыс» жарысы өтті. Айтулы аламанға жеті командадан 25 спортшы қатысып, байрақты бәсекеге түсті.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөз сөйлеп, ұлттық спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген құсбегілерге алғысын білдіріп, сәттілік тіледі. Бірнеше күнге жалғасқан тартысты жарыста меркіліктер де өз өнерлерін ортаға салды. Құсбегілер бүркітті қолға шақыру (500 метрден), қыранды еркін ұшыру, қаршығаны қолға қондыру секілді сайыс түрлері бойынша сынға түскен жарыста бүркітшілер арасындағы додада Меркі жерінің тумасы Серікболсын Жалғасұлының мерейі үстем болып, бірінші орынды иеленді. Түркістан облысынан келген Дәурен Аршабайға екінші орын бұйырса, облыс намысын қорғаған меркілік Бақдәулет Бабажан үздік үштіктен көрінді. Ителгіні ырқына көндіргендер аламанында Алматы облысынан келген Медет Шәліпов жеңістің ең биік тұғырынан көрінсе, Түркістан облысының үкілі үміті Дәурен Аршабай екінші, Алматы облысының қатысушысы Нұрболат Ермұхан үшінші орынды иеленді. Қаршығаны қолына қондыру жарысында Түркістан облысының құсбегісі Төлемырза Паң топ жарса, екінші орын облыс намысын қорғаған жерлесіміз Серікболсын Бабажанға, үшінші орын атыраулық Бекнияз Қуанышбаевқа бұйырды. Аударыспақтан өткен бәсекеде ауданымыздың спортшылары Бақдәулет Бабажан мен Серікболсын Жалғасұлы бірінші және екінші орындарды иеленсе, түркістандық Дәурен Аршабай үздік үштікті қорытындылады. Бірнеше күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте облыс құрамасы бірінші орын биігінен көрінсе, Түркістан облысының құрама командасы екінші орынға орнықты. Алматы облысының құрама командасы үшінші орынға жайғасты. Осылайша біздің өңірде ұлттық спорт түрлері ұлықталды. Жарысты тамашалаушылар табиғат аясында өткен додада ұлттық спорт түрлерінің кереметтерін көздерімен көріп, құсбегілердің шеберлігіне тәнті болды.

№18 жасөсірімдер спорт мектебінің директоры Дулат Маратұлы ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, еренбей еңбек етіп, аудан спортшыларымен бұдан бұрын да облыс намысын қорғап, Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген жүрген спортшылар. Әкімбековтар отбасына: Бабажан Бақдәулет, Бабажан Берікболсын, Серікболсын Жалғасұлына және Шәкір Нұрбек, Тұрлыбай Жеңіске алдағы уақытта жа жеңіс тұғырынан көрініп, 7-11 қараша Қарағанды қаласы, Ақсу-Аюлы ауданында өтетін Халықаралық турнирде жеңіспен оралуына тілектестігімізді білдіреміз.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.