Айдана Меденова: Шалқып өмір сүретін жұлдыздарды халық көре алмайды | arainews.kz

Айдана Меденова: Шалқып өмір сүретін жұлдыздарды халық көре алмайды

114

Айдана Меденова танымал адамдардың табысын көре алмайтын хейтерлерге шүйлікті. Әншінің айтуынша, қарапайым халық өмірде жетістікке өз күшіңмен жетуге болатынына сенбейді. Сол себепті шалқып өмір сүретін жұлдыздарды «көре алмайды» дейді ол. Әнші мұндай жандарға өз өмірімен айналысуға кеңес берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Біздің елде танымалдылардың табысына елдің қуанбайтыны, қызғана қарайтыны өкінішті. Кез келген шетелдік әртістің парақшасына кірсеңіз, тек оңды пікірлер мен халықтың қолдауын көресіз. Ал біздің парақшада ше? Балағат сөздерінен бастап жөргек сатылымымен аяқталады», – деп ашынды Меденова.

Әнші мұндай көзқарасқа не себеп болатынын түсіндірді.

«Біздің халық өз күшіңмен, күнделікті еңбек ету арқылы табысқа жетуге болатынына сенбейді. Адамдарға табысқа апаратын «ғажайып амалдардың» бар екеніне сене салу жеңілірек.

Сіз әр адамның табысының артында не тұрғанын ешқашан біле алмайсыз. Қандай қиындықтарды өткеріп, басынан не өткенін білмейсіз. Өз өмірлеріңізді сүріп, шынайы мақсаттарыңызға жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаңыздар», – деді ол.

Меденова Instagram-да блог жүргізетін танымалдардың әрқайсысында бірнеше кәсіптен бар екенін алға тартты. Танымалдардың да өзгелер секілді күн сайын еңбектенетінін, түрлі қиындықтарға кезігетінін еске салды. Сондай-ақ, әнші желіде жарнама жасайтын әртістерді сөкпеуді сұрады.

«Танымал адам белгілі бір өнімді немесе қызметті жарнамалағанда оны сатып алу-алмау туралы шешімді тек сіз қабылдайсыз. Ол сізге ұсынады, мәжбүрлемейді, сіздің картаңызбен төлем жасамайды. Ақырғы шешім мен жауапкершілік әрқашан сізде», –  деді Айдана.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.