Ән әлеміндегі Әбиірбек | arainews.kz

Ән әлеміндегі Әбиірбек

390

Адам жанына еш әсер етпейтін, сезімін селт еткізіп ой туғызбайтын, уақыт өте келе желдей есіп, ұмытылып қала беретін әндер қазір аз ба?! Ал Әбиірбектің әні адамға терең ой салады, бойыңа шымырлап сіңіп, тәтті мұңға бөлеп, ішкі дүниеңді астан-кестен етеді. Оның әр әнінің өз тағдыры, тарихы бар. Мен көп жылдар бойы оның орындаған әндерін теледидардан, радиодан, кейінірек әлеуметтік желі арқылы тыңдап, өнеріне сүйсініп жүрген жанның бірімін.

2014 жылдың желтоқсан айында, Павлодар облысындағы әріптесім, профессор Сағит Иманғазиевтің мүшел жасқа толуына арналған тойына барып, сол жерде сөзден-сөз шығып Семей медицина институтының ректоры профессор Төлебай Рахыпбеков:
– Ертең тойдан кейін Мойылды шипажайына бірер сағатқа кіріп шығайық, тарбағатайлық жерлес ағам емделіп жатыр екен, – деп қолқа салды.
Ертеңіне Мойылдыға барып, шипажай басшылығына кіріп сәлем бердік. Менің жамбылдық екенімді білгеннен кейін-ақ:
– Жерлесіңіз, сазгер, әнші Әбиірбек Тінәлиевті танитын боларсыз. Ол осында келіп ем алып, өткен аптада кері қайтып кетті. Біздің шипажайымыз жайлы «Мойылды вальсі» деген бір жақсы ән жазып беріп, мерейімізді тасытып кетті. Қазір ол ән біздің ұжымның гимніне айналды десем де болады. Уақыттарыңыз болса, сол ән жайлы бейнебаянды көрсетейін, – деп үстел үстіндегі компьютерін қосты. Жанға жағымды, сырлы сезімге толы ән бөлмені шарлап кетті…
Сонымен, сырғып бірер жыл да өте шықты. Бірде «Әбиірбек Таразға, туған жеріне оралыпты, жергілікті театрда қызмет істейді екен» деген хабар жетті.
2018 жылдың қараша айында облыстық драма театрында Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты қойылымының тұсаукесеріне бардым. Қойылым алдында дәлізде біраз таныс кісілер жолығып қалды. Сол театрда қызмет істейтін жігіттерден:
– Әбиірбек Тінәлиев сіздерде жұмыс істейді деп естідім, қалай онымен жолығуға болады? – дап сұрадым.
– Ия, Әбиірбек қазір келуі керек, жолық­тыра­мыз, аға, – деп көңілімді аулады олар.
Спектакль басталуға бірер минут қалғанда, алдыма «Аға, Әбиірбек деген жігітіңіз мына кісі болады» деп журналист Дәулет Төлендіұлы інім келіп тұр. Аз-кем аман-саулықтан соң:
– Кейінірек хабарласайық, телефон номерім мына қағазда жазылған, – деп визиткамды ұсындым. Бірер күннен кейін кездестік, әңгіме-дүкен құрдық.
– Менің кіндік қаным тамған жер Талас өңіріндегі Ойық ауылы. Қарапайым отбасында 1957 жылы 22 сәуір күні дүниеге келіп, балалық шағым Талас өзенінің жағасындағы шағын ауылда өтті. Ол жылдары ауылдың кез келген баласы домбырада, гармонда ойнайтын. Соларға еліктеп жүріп мен де сол аспаптарды меңгеріп, мектеп сахнасынан өнер көрсете бастадым. Онжылдықты бітіргеннен кейін бірден Алматыға тартып кетпей, бір жыл аудан орталығы Ақкөлдегі мәдениет үйі жанындағы «Талас толқындары» ансамблінің құрамында еңбек еттім. Көп болмаса да, бұл бір жыл мен үшін үлкен мектеп болды. Жастайымнан «әртіс боламын» деп талпынып өскендіктен болар, келер жылы сынақтан өтіп, Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесінің «Театр өнері» бөліміне оқуға түстім. Оны тәмамдаған соң жолым болып, 1978 жылы облыстық театрға қызметке орналастым. Сахнада рольде ойнап жүріп, қолыма қоңыр домбыраны алып, ән айтатын көріністер жиі болмаса да кездеседі. Актер бола жүріп, ән өнеріне де көңілім ауа бастады. Ауыл-ауылды аралап гастрольге шыққанда, қойылымнан соң өнерлі әртістер ел-жұрт алдына шығып ән айтып, күй шертетін. Мен де көпшілік алдына шығып, термелер мен халық әндерін орындап жүрдім. Ара-арасында өзімше ыңылдап, саз өнеріне ден қоя бастадым.
Он екі жыл Жамбыл облыстық театрында қызмет етіп, «өнер ордасы» атанған Алматыға 1990 жылы барып, алғашқыда Ықылас атындағы ұлттық аспаптар музейінде, «Сазген» ансамблінде, «Азия дауысы» ұжымында, облыстық филармонияда қызметте болдым. 2001 жылдың желтоқсан айында Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілген кезде мен Жетісу өңіріне қоныс аудардым. Әрине, көшіп-қонбай бір жерде тұрақты жұмыс істеген жақсы ғой, бірақ өнер адамы үшін халықтың ортасында жүрген, ел аралап, жер көрген тіптен қызық, елмен араласасың, ой толғайсың…
Туып-өскен Жамбыл облысында 12 жыл, Алматы қаласында 15 жыл қызмет атқардым, Алматы облыстық Бикен Римова атындағы қазақ драма театрында 7 жыл музыка бөлімін басқардым. Бірер жыл облыстық «Жетісу» телеарнасында қызметте болдым. Қанша жылдар болса да, ерте ме, кеш пе туған жердің тартылыс күшін, әсіресе жас келген сайын қатты сезіне бастайды екенсің. Қандай қызметте болмайын, аңсарым Таразға ауды да тұрды. Сөйтіп, елге оралдым. Оған міне, 4 жылға жуық уақыт болды. Қазір драма театрда актермін. Өзімнің әу бастағы оқыған мамандығым актерлік еді, бұл менің өзіме ұнайтын, мамандығыма да, жаныма да жақын жұмыс болып тұр. «Ел іші – өнер кеніші» деп қазақ бекер айтпаған екен.
– Сізді көпшілік актер емес, сазгер, әнші ретінде көбірек таниды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атағыңыздың бар екенін де біле бермейді. Енді сөз арнасын сіздің сазгерлігіңізге бұрсақ.
– Менің балабақшадан бастап ауыздан түспейтін, ылғи орындалатын әнім – «Ананың тілі». Бұл менің 1976 жылы 17-18 жасымда ең алғаш жазған әнім еді. Сөзі Шона Смаханұлынікі. Талай-талай мектептегі мерекелерде орындалып жүр, радиодан да анда-санда естіп қаламын. Сірә, тіл тағдыры қыл үстінде тұрған сәтте жазылғандықтан ба, көпшілік жылы қабылдады.
Жыл сайынғы Желтоқсан оқиғасы атап өтілер кезде орындалатын ән де менің «Желтоқсан желі» әнім. Ол эфирден берілмесе де, көп кештерде айтылып жүр. Исраил Сапарбай ағамыздың сөзіне жазылған «Әттең-ай» да көп орындалатын әндердің бірі. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Фариза» әнімді көпшілік толқи отырып тыңдайды. Ал «Толғанай» атты әнім ауыр тағдырдан сыр шертіп, кімді болмасын мұңға батырып, тыңдаушысын бейжай қалдырмайды.
Алматы облысының кейбір мектептерінде менің әндерімді сабақ ретінде де оқытады екен. Осыдан біраз уақыт бұрын өзім куә болдым. Аллаға тәубе, 2-3 ән болса да елдің аузында жүрсе, халыққа тарап кетсе, мен оған шын көңілден ризамын.
«Желтоқсан желі» Алматының қақ ортасындағы алаңдағы қанды қырғын болған үш күннің екінші күні, яғни 1986 жылдың 17 желтоқсанында туды. Ақын Әбдірахман Асылбеков ағамызды тауып алып, әлгі әнге сөз жазғыздық. Содан кейін әріптесім әрі досым Жүніс Әлімбеков екеуміз әнімізді Алматыдағы Қазақ радиосының студиясында жазғыздық. Бірақ радио қызметкерлері әуе толқынынан беруге жүрексініп, батылдықтары жетпей эфирге рұқсат етпеді. Бағымызға қарай, сол арада «Азаттық» радиосының тілшісі Қиял Сабдалин кездесіп, бізді өз кабинетіне ертіп барып, әнді мұқият тыңдап болып: «Мына әндерің жүрек сыздататын ән екен. Оны «Азаттық» радиосының редакциясына бүгін-ақ жіберемін. Беріледі, жігіттер!», деп толқи сөйлеп, бізді қанаттандырды.
Сөйтіп, ән ең алғаш «Азаттық» радиостан­циясының көмегімен тарап, тұсауы кесілді. Қазір бұл ән солардың «алтын қорында». Кейінірек бұл әнге бейнебаян түсірттім. Халық бұл еңбегімді де жылы қабылдады. Ұлт қайраткері Хасен Оралтай: «Желтоқсан желін» тыңдаған кезде мен қазағымның қайсар тұлғасын көремін. Қазақ – жігерлі халық. Қазақ – мінезді халық. Мінезді болғандықтан да озбырлыққа көнбей, сеңі сірескен сексен алтыншы жылы өжеттігі мен өрлігін әлемге көрсетті. «Желтоқсан желі» соның куәсі», деп бұл әнге жоғары баға берді.
– Ел ерекше ынтамен, құлықпен тыңдайтын әніңіздің бірі – «Фариза». Ол ән қалай шығып еді?
– Қазақ «Әр шығармаң өмірге келген балаңмен тең. Оның әрқайсысының өз орны бар» деп дұрыс айтады. «Фариза» әнімнің тарихы да қызық. Жамбыл облыстық драма театрында қызмет етіп жүргенімде Оразбек Бодықовтың «Жан азабы» деген поэтикалық драмасын қоюды қолға алдық. Шығарманың лейтмотиві – Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылық жолы. Сол тұста Мұқағали жырларының аса дәуірлеп тұрған кезі болатын. Баспа құралдары оның өлмес, жалынды өлеңдерін жарыса жазып, елдің ыстық сезіміне бөлене бастаған жылдар еді. Ол өз отына өзі күйіп кеткен ақын десек болады. Тағдыры ауыр, мұң мен өкініші көп. Спектакльде Мұқағали соғыста жоқ болып кеткен әкесінің рухымен
«Әке, сенің жасыңнан асып барам,
Кезі-кезі келгенде тасып та алам.
Кезі-кезі келгенде жасып қалам,
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң», деп тілдесетіні бар.
«Әке, сіз өмірде соғысты көрсеңіз, мен оқсыз соғысты көріп жүрмін. Дос дегенің дұшпан, дұшпан дегенің дос болып шығады. Осының қайсысы шындық, қайсысы не нәрсе екенін түсінбей-ақ қойдым, әке!» деп мұңын шағады. Режиссерлеріміз Әскер Құлданов пен Шопан Кәрібаев қойылымның әсерлі шығуы үшін Мұқағалидың өлеңдерін әнмен көмкерейік деген шешімге келіп, ән жазу керек болды. Сол кезде Таразда жүрген Шәкеңді – Шәмші Қалдаяқовты көмекке шақырдық. Қайран Шәкең бізді сабырмен тыңдап болып: «Айналайындар, менің шығармамның басым көпшілігі вальс ырғағымен жазылған. Мұқағалидың жырларына ән жазу менің қолымнан келе қояр ма екен… Қастарыңда жүрген Әбиірбек інімнің «Анамның тілі» атты тамаша әнді дүниеге әкелгенін білесіңдер. Сондай керемет ән жазған жүректен әлі талай ән туады. Қателеспесем, Мұқағалидың табиғатын түсініп, болмысын ашатын осы Әбиірбек болу керек. Соған сеніп, салмақты соған салайық, жігіттер», – деп көпшіліктің көңілін маған аударды да алақанын жайып жіберіп, сәттілік тілей «Әумин!» деп ақ батасын берді. Шәкеңнің сол сөзі қамшы болып тиді. Енді көп ойланып, ырғалып-жырғалып, баптанып, шайқалып жүруге уақыт тар. Екі айдың ішінде Мұқағалидың жырлары негізінде «Әке», «Бақыт деген», «Оралыңдар», «Сен гүлімбісің», «Хат», Дәуір-ай» дегендей жеті-сегіз ән жазылды. Ол әуендер домбыра тілімен «сөйлетілді». Қойылым үлкен табыспен өтіп, көпшіліктің ықыласына бөлендік. Жаз айында сол спектакльді Нарынқолға апарып, екі апталық гастрольде болдық. Мұқағалидың елін аралап, оны ұшырған алтын ұя – Қарасазында болып, жырларына негіз болған әсем табиғатын көзімізбен көріп, ерекше әсерге бөленіп, көңіліміз бір рахаттанып қалды. Спектакльде актер Қуандық Қасымов арқалы ақынның «Фариза» деген өлеңін оқитын жері бар. Сол жырды көпшілік қойылым соңынан қайта оқытып, әсерленіп, ойларына ой қосты. Тіпті базбіреулердің көңілі босап, көздеріне ыстық жас келді. Елдің Мұқағалиға деген көңілі мен ниеті ерекше екенін, ол халықтың ұлы екенін сезіндік. Өнердің құдіреті деген, сірә, осы болу керек. Сол әсер, сезім Жамбылға келген соң да жан дүниемді боздатып, тыныштық бермеді. Мұқағалиды сағынған елдің ыстық ықыласы, мұңлы ақын бейнесі көз алдымнан кетпей қойды. Құлаққа «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз, Өмірде ақындардың бәрі жалғыз…» деп сыбыр-әуен келетін сияқты. Әннің әсері мазамды алып, тыныштығымды бұзды, ойыма басқа ештеңе кірмейді. Бүкіл болмысымды әлгі ызың жаулап алғандай.
Не деген тағдыр! Не деген ауыр мұң! Сыбыр-әуен ән болып тұншықтырды мені. Қара терге түсіп, жаным қиналып, жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймай кетті. Қолыма домбырамды алып, көкейіме қонақтаған ән-толғанысты екі ішекке салдым. Домбырам боздай жөнелді. Ағыл-тегіл болып, дауысымды оған қостым. Жаңа ән дүниеге келді!
«Фариза» әні осылай 1987 жылы туды. Кейін бұл әнді Алматыдағы халықаралық айтыста Республика сарайында үлкен сахнадан орындадым.
1991 жылы Алматыдағы Кино үйінде авторлық кеш өткіздім. Оған екі сағаттық бағдарлама жасап, тараздық белгілі әншілерден Есенбек пен Ринат Сатбаевтарды, Оңал Азаматова мен Жүніс Әлімбековті қостым. Республикалық телевидение қызметкерлері бүкіл концертімізді жазып алды. Ән соңынан ән орындалып, «Желтоқсан желі», «Анамның тілі», «Фариза» және де басқа әндер көпшіліктің зор қошеметіне ие болды. Айта кеткен жөн, концерт барысында «Фариза» әнін орындаған сәтте жазылған кинолентада алдыңғы қатарда отырған Фариза Оңғарсынова апамыздың экрандағы үлкейтілген бейнесі келеді. Алғашқыда таспаға жазылып жатқанын байқамаса керек. Әннің бірінші шумағы аяқтала бере ақын апамыздың көзіне мөлдіреп келіп қалған жасты көреміз. Сол сәтте оператордың өзін түсіріп жатқанын сезіп, сәл еңкейіп, жүзін төмен салады. Сірә, бұл Фариза апамыздың ойына Мұқаңның қиын тағдыры, оның өмірдегі жалғыздығы, көңіліндегі ащы мұңы көз алдына елестеп, ел-жұрты оны соңғы кезге дейін сағынышпен іздейтініне риза болып отырған сәті болар. Менің ойымша, ән әсерлі шыққаны сонша, өмірде шындықты, әділетті жырлап өткен ақын апамыздың көңілін жібітті… Бүгіндері «Фариза» әні үлкен сахналардан, теледидардан орындалып жүр.
– Елдің елтіп, егіліп тыңдайтын «Толғанай» атты әніңіздің төңірегінде де аңыз көп. Өмірде болған оқиға желісімен жазылған ән-толғау деп түсінеміз. Сол әннің тарихын өз аузыңыздан естісек деген ой бар…
– Ия, ол өмірде болған дүние. Бір ауылда бірге өскен, мектепте бірге оқыған қимас досым болды, қазір де бар. Атын белгілі себептермен атамай-ақ қояйын, қазір оның басқа зайыбы, отбасы, бала-шағасы бар. Сол қимас досымның Рымкеш деген мінезі жібектей, берекелі, адами қасиеті мол жары болды. Кезінде дастарқанынан талай дәм татып, арқын-жарқын араласып тұрдық. Екі ұл бала дүниеге келгеннен кейін дәрігерлер: «Жүрегіңнің ақауы бар, енді саған бала көтеруге болмайды» деп кеңес береді. Бірақ, ана жүрегі: «Өзіңе серік болатын, өсе келе өзіңмен сырлас болатын қыз тууың керек», деп тыныштық бермейді. Көп ойланып-толғанып жүріп, не де болса «Тәуекел!» деп қыз көтермек болып шешім қабылдап, аяғы ауырлайды. Күні жақындағанда облыс орталығындағы перзентханаға келіп, ота үстеліне жатып, кесар тілігі арқылы көп жыл бойы армандаған қызы жарық дүниеге келеді. Жас сәбиін бір иіскеп, өмірге риза болып, мейірлене күлімсіреп, қуаныш үстінде жатқанда кенет жүрегі тоқтап қалып, көз жұмады. Сірә, шексіз қуаныштан, ерекше толқудан жүрегі жарылып кетсе керек. Іңгәлаған сәбиімен қоштасуға өлім қаратпайды. Күйеуі қолына құндақталған титімдей қызын алып, әйелінің мәйітін машинаға салып, жаны күйзеліске түсіп, жүрегі қан жылап ауылына келеді. Рымкештің қайынсіңлілері мен абысындары жылап-сықтап жүріп, оның бөлмесінің бір бұрышына жиналған екі чемоданға көздері түсіп, не екен деп ішін ашады. Сөйтсе, екі чемодан да лық толған қыздың киімдері болып шығады. Бірінен-бірі өткен әдемі, жарасымды көйлектер… Өмірге қыз әкелемін деп жинай берген, жинай берген. Көйлектердің бетінен екі бүктелген қағаз табылады. Онда: «Жаман айтпай, жақсы жоқ. Мен олай-бұлай болып кетсем, егер дүниеге қыз бала әкелсем, оның атын Толғанай қойыңдар. Менің өтінішім – осы. Құдай өмір беріп, аман оралсам, бұл қағазды өзім жыртып тастармын. Ал әзірше, сіздерге аманат өтінішім осы», деген өсиет сөздерін жазып кетіпті. Ағайындар егіліп, жақындары жасқа тұншығып, ел-жұрттың қабырғасы қайысып, аяулы Рымкешті арулап жер қойнына тапсырады. Мен ол кезде Өзбекстанның Тамды, Үшқұдық және қазақтар көп шоғырланған басқа да аудандарында жаздық гастрольдік сапарда жүрген кезім. Сөйтіп, 1,5-2 ай өтіп кетіпті. Жайсыз хабарды елге келгеннен кейін бірақ естідім. Қолынан талай рет дәм татқан, әзіл-қалжыңымыз жарасқан, ақжарқын мінезді, өлімге қимайтын Рымкеш және оның дүниеге әкелген қызылшақа сәбиінің бейнесі көз алдымда көлбеңдеп, анасының ақ сүтінің дәмін де татып үлгермеген жас сәбидің шырылдаған үні құлағымнан кетпей қойды. «Әлди, әлди Толғанай. Әлди де, әлди, әлди ай…» деген ызың, зарлы әуен миымды түгел жаулап алды, бойдан тыныштық кетті. Жүрегім езіліп, кеудем қарс айрылып, көздеріме мөлт-мөлт етіп ыстық жас келді. Сөйтіп, қайғының ащы дәмін татып отырып, «Әлди де, әлди, әлди-ай…» деп толғаныс-қайғы үстінде жаңа ән келді. Ойыма Абдрахман Асылбеков ағам түсіп, телефон арқылы мән-жайды түгел айтып, дүниеге бала әкелмек болып, жанын ұрпағы үшін пида еткен ананың ерлігін баяндайтын әннің сөзін жазуды өтіндім. «Ой, Әбиірбек-ай, менің де жүрегімді қатты тебіренттің-ау. Ана жүрегі, аналық сезім қандай керемет, шіркін! Бір-екі күн мұрсат бер, ойланайын, ойымды қағазға түсірейін. Өзім хабарласам…» деп Әбекең уәде берді. Келесі күні көлемі бес парақ ән-толғау қолыма тиді. Кейін ақылдаса келе он шумаққа дейін оны ықшамдап, ойымызды жұмырладық. Жамбыл облыстық телеарнасындағы жігіттермен келісіп, бір сағаттық бағдарлама жасадық. Эфир арқылы «Толғанай» әнінің шығу тарихын, оның себебін елге жеткізіп, әнді жүрекпен толғап, домбыраны «жылаттық». Әнді тыңдаған ел әлі көзін ашпай жатып, анасынан жетім қалған Толғанайға жаны ашып, қайғы-мұңға беріле егілді. Танитындар хабарласып, жаңа ән-толғауымның сәтті шығуымен құттықтап жатты. Ән сол күннен бастап халық арасына тарап кетті.
Біраз жылдар өткеннен кейін ауылға жолым түсіп, Толғанайдың мектепке барғанын естіп, апасының үйіне барып, сәлем бердім. Оның анасы Рымкештің бейіті басына гүл шоқтарын қойғанын бейнетаспаға түсірдік. Кейін ол әсерлі көріністер бейнебаянда орын алды. Ол әнді қазір де қиындықсыз интернеттен тауып алып, тыңдап көруге болады. Сәтті шыққан шығармамның, ән шоқтығымның бірі – осы «Толғанай» әні деп ойлаймын. Толғанай ержетіп, тұрмыс құрды. Қаратауда отбасымен тұрады деп естимін. Өмірде бақытты болсын…
– Басқа да әндеріңіз аз емес, Әбеке. Мысалы, «Әулием-ау, әулием» әніңіз Шәмшіге – Шәмші аға Қалдаяқовқа арналса, «Алақаннан ұшқан аққуым» ұзатылып бара жатқан бойжеткен қызға әкелік сезімге толы ән-өсиет ретінде айтылады. «Ұрпақ үні», «Жан балам», «Ауыл көшіп барады», «Намыс жыры», «Солай аға, солай…» сияқты әндеріңіз де халық құлағында, елдің жүрегінде. Сөздерін белгілі ақындарға жазғызып, эфирге шығарып жүрдіңіз. Сіздің өнеріңізге тәнті болған Хасен Оралтай, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Әбдуәлі Хайдари, Күләш Ахметова, Исраил Сапарбай, Рафаэль Ниязбеков, Алтынбек Қоразбаев сынды қазақтың белгілі тұлғалары, ақындары мен сазгерлері жылы лебіз білдірген.
Өнерсүйер қауым өздерінің құрметтейтін, ұнататын сазгерлерінің, әншілерінің жаңа ән-жырларын күтіп, тың шығармаларын дәметіп жүретіндері белгілі ғой. Сол жұртыңызға не дайын­дап жүрсіз? Жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Мұқағалидың «Қу тірлікке құл болып, аяң басып, Құлашымды жая алмай баратырмын» деген ойлы сөздері бар. Сол сияқты күнделікті тірлік пен тіршілік, жұмыс адымымды барынша жаздыра бермейді. Алға қойған мақсат-арман жоқ емес. Алла қуат берсе, денсаулық болса көре жатармыз. Оларым орындала ма, әлде орындалмай ма , оған уақыт төреші. Әйтеуір, әзірше өнерден қол үзгенім жоқ. Қабілетім жеткенше халқыма барымды беріп кеткім келеді. Енді ол бір Жаратқан иемнің қолында. Кей-кейде әртүрлі ұжымдар, мектептер мен университеттер кездесуге шақырып тұрады, әнімді тыңдайды. Оларына рақмет. Сірә, ол менің өнерімді құрметтейтін, сыйлайтын, іздейтін көкірегі ояу жандар әлі де ортамызда барлығынан болу керек.
Міне, ән әлемінің Әбиірбегі осылай ой бөлісті. Өнердің өз өкілі ортамызда жүр. Оның бөлек болмысы, ерек таланты әлі талай әндерді дүниеге алып келетіндігіне еш күмән жоқ. Ең бастысы, алтынның қолда барда қадірін білуді ұмыт қалдырмасақ болғаны.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.