Жалақы да, жауапкершілік те артты | arainews.kz

Жалақы да, жауапкершілік те артты

269

Ел тәуелсіздігі қолға тиген алғашқы күннен Қазақстандағы барлық мемлекеттік құрылымдардағы жұмыс өзгеше қарқын алып, қызмет көрсету көлемінің еселене түскені белгілі. Осылайша жаңа саяси жүйеге бейімделе отырып, Үкімет пен халық арасында дәнекер болу мемлекеттік қызметтің барлық тармағының басты мақсатына айналды. Елбасы тапсырмаларымен дүниеге келген бағдарламаларды іске асыру, оның тиімділігін халыққа жеткізуде мемлекеттік қызметкерлер еселі еңбек етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан сала мамандарының жауапкершілігімен қоса мәртебесі де артты. Мемлекеттік қызмет мәртебелі мамандық саналып, салада еңбек ету жастар арасында зор танымалдылыққа ие болды.

Мемлекет басшысының «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» аталатын Қазақстан халқына кезекті Жолдауында мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға айрықша назар аударылды. Стратегиялық мәні зор құжатта саланы шығындардан оңтайландыру арқылы жалақыны 2-2,5 есе ұлғайту механизмі де ұсынылды.
Жалпы, Елбасы кәсіби мемлекеттік ап­па­рат құру жайына үнемі баса назар аударып ке­леді. Мәселен, 2015 жылы қабылданған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының негізгі тарауы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталып, онда мемлекеттік қызмет­керлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру, оларды қызмет ету мерзі­мінде баспанамен қамтамасыз ету, ең­бек­ақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу сынды әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы мем­ле­кеттік қызметтің тиімділігін арттырудың қадам­дары нақтыланды.
Негізінен елімізде жыл басынан 4 мем­ле­кет­тік органға жалақы төлеудің жаңа моделі енгізілген болатын. Пилоттық жоба нәтижесінде мемлекеттік қызметтің аталған тармақтарында кадрлардың жұмыстан кетуі 2 есе қысқарған. Тіпті біліктілігі жоғары мамандардың жеке сектордағы қызметін ел игілігі жолындағы жауапты міндетке алмастыру үрдісі белең алды. Жолдау жүктеген міндетке сай алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлер сапын үздік шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе әлемнің жетекші университеттерінде білім алған кәсіби мамандар толықтырмақ.
Сәйкесінше, біздің облыста да соңғы жылдары мемлекеттік қызметке өтушілердің санының артқандығы байқалады. Бұған жер­гі­лік­ті атқарушы органдардағы бос лауазым­дар жария­ланған конкурсқа қаты­су­шылар санының өсуінен-ақ көз жеткізуге болады. Облыс әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2018 жылдың 9 айында жергілікті атқарушы органдармен жарияланған бос лауазымдардың барлық саны 1 070-ті құраған. Бұл конкурстарға 1 125 үміткер қатысып, бір бос орынға 1,5 адамнан келген. Өткізілген конкурстардың нәтижесінде 560 жеңімпаз анықталып, өз қызметтеріне кіріскен.
Тиісті заңнамаға сәйкес мемлекеттік әкiм­шi­лiк лауазымдарға орналасуға кандидат­тар­ды және құқық қорғау қызметіне кіретін азамат­тарды тестілеуді ұйымдастыратын ҚР Мем­ле­кет­тік қызмет істері және сыбайлас жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев та өңірде жыл санап мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурсқа қатысушылар санының өсіп келе жатқандығын айтады.
– 2017 жылы мемлекеттік қызметке ор­на­ласу бойынша конкурстарға 666 үміткер қатысса, өткен жылдың тек 9 айының өзінде мемлекеттік қызметке түсуге ниет білдір­ген­дердің саны 684 адамды құрады. Осы орайда мемлекеттік қызметке түсушілердің басым бөлігі жастар екенін ерекше атап өткен жөн шығар. Мәселен, қазір облыстағы мемлекеттік органдарда 22-29 жас аралы­ғын­дағы 1 084 мемлекеттік қызметкер жұмыс жасайды.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметтен кету көр­сет­кіші өткен жылмен салыстырғанда бір­шама төмендеген. Таза ауысымдылық ата­ла­тын бұл үрдіс мемлекеттік қызметтен өз­ге сала­лар­ға кетуді білдіреді. Өткен жылы біз­дің өңір­дегі таза ауысымдылық көрсеткіші 4,1 пайызды құрады. Ал 2017 жылы бұл көр­сеткіш 4,6 пайызды көрсетсе, оған дейін­гі жылдардағы қызметтен кету үлесі 7 пайыз көлемінде болған, – деді Мақсұт Ыбырайханұлы.
Пилоттық жоба шеңберінде жаңа еңбекақы төлеу жүйесіне көшкен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті қызметкерлерінің айлық жалақысы 2 есеге өскен. Департамент басшысы өңірдегі басқа мемлекеттік орган қызметкерлеріне жаңа жүйемен еңбекақыны ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап төлеуді жоспарлап отырғанын айтады. Мақсұт Ыбырайханұлы мемлекеттік қызметшілерге жаңа жүйеде еңбекақы төлеудің механизмі бар екендігін де атап өтті.
– Жалақыны жаңа жүйемен төлеу мем­­ле­­кет­тік органдардағы ішкі резервті оңтай­лан­дыру арқылы бюджеттен қосымша қаражат қарас­тыр­май жүзеге асырылады. Қазіргі таңда өңірдегі тиісті мемлекеттік органдарға бағынысты меке­ме­лердің тиімділігіне талдау жүргізіліп, олардың қажеттілігін және тиімділігін анықтау шаралары қарастырылып жатыр.
Ал біздің департамент Агенттіктің аумақтық бөлінісі ретінде Президент тапсырмасына сай еңбек­ақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Бұл фактор департамент сапында қызмет етуге ниеттілер санының артуына ықпал етуде. Мәсе­лен, бұған дейін құрылымдардағы бос орындарға жарияланған конкурстарда 1 бос орынға 5 үміткер қатысса, өткен жылы 1 лауа­зым­ға 17 үміткер құжат тапсырды. Меніңше, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру олардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына әсер етіп қана қоймай, салада бәсекеге қабілетті мамандар шоғырын қалыптастыратындығына сенімдімін, – дейді департамент басшысы.
Мемлекеттік қызмет сапында еңбек етіп жүргендердің жалақысын жаңа модельге көшіру бұл саланы жастар арасында тартымды ете түскенін жас мемлекеттік қызметшілер де растайды.
– Әрине, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысының көтерілуі ең әуелі олардың әлеуметтік жағдайының жақсара түсуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде жастардың мемлекет­тік қызметке қызығушылығын оятады. Ал жас­тарды бұл салаға тартудан не ұтамыз десек, мемлекеттік қызмет оларға үлкен мүмкіндік сыйлайды. Сәтті қызметтік мансап жасаудан бұрын Әдеп кодексін қатаң сақтау жастардың тәрбиесіне де зор ықпал етері анық. Сол себептен әлеуметтік жағдайды мейлінше жақсарта отырып, мемлекеттік қызметтің еңбек нарығындағы тартымдылығын арттырудың нәтижелі болатындығына күмәнім жоқ, – дейді жас маман облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің бас маманы Шерхан Базылов.
Расында, Жолдау жүктеген міндетке сай мемлекеттік қызмет саласында еңбек ете­тін­дерді әлеуметтік қамсыздандыруда қолға алынған осынау бастаманың нәтижесі саланың тиімділігін арттыру екені белгілі. Ендігі кезекте халыққа қызмет етуді қастерлі борышы санай­тын сала мамандары еңбекақымен қатар, жауап­кершіліктің де еселенетінін ұмытпағаны абзал.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.