Алтын қолды дәрігерлерге алғыс білдірді | arainews.kz

Алтын қолды дәрігерлерге алғыс білдірді

105

Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандар талай адамның өміріне араша түседі.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №25 мекемесінің дәрігерлері де дертіне шипа іздеген сотталған азаматтарға қол ұшын созып, дер кезінде көмек көрсетіп келеді. Сырқаттанғандарға қажетті кеңестерін айтып, шын жанашырлықпен қарайтын мекеменің дәрігерлеріне темір торға тоғытылғандардың алғысы шексіз.
Аталған мекемеде жазасын өтеуші Я. Т. түзеу мекемесінде өткізген уақыт ішінде медициналық бөлімге бірнеше рет жүгінгенін, оның әрқайсысында да дәрігерлер жоғары деңгейде көмек көрсетіп, сауығып кетуіне бар күш-жігерін жұмсағанын айтады.
– Мұнда келгелі бері мені дәрігерлер өз қамқорлығына алды. Медицина бөлімінің қызметкері М. Әмірбеков және өзге де дәрігерлер құрамы денсаулығыма аса мән береді. Жалпы, менің ғана емес өзге де азаматтар бұл кісілердің көмегіне жүгінсе, барынша көмектесуге дайын екендіктерін білеміз. Қазіргі таңда денсаулығым жөнінде айтар арыз-шағымым жоқ. Мекемедегі барлық дәрігерлерге өз ризашылығымды білдіргім келеді, — дейді ол жазған алғыс хатында.
Иә, адал еңбегінің арқасында көпшіліктің алғысына бөлену кез-келгенге бұйыра бермесі анық. Демек, мамандығын мақтаныш еткен жан үшін бұдан артық бақыт жоқ шығар, сірә…

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.