Ақжарма алғысын ақ қағазға түсірді | arainews.kz

Ақжарма алғысын ақ қағазға түсірді

257

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дейді қазақ. Расында, пенде болған соң қателесу адам баласына тән. Десе де қатенің де түр түрі бар. Ең ауыры – өмір жолында шалыс басып, өзгенің ала жібін аттап, темір тордың арғы жағына түсу.

Бұл ретте, елімізде қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Қылмыстық атқару жүйесінің маңызы зор. Өйткені, түзеу мекемесіне түскен азаматты қайта тәрбиелеп, түзу жолға салып, қылмысын қайта қайталамауға бағыттауда аталған сала қызметкерлерінің еңбегі орасан.

Өз кезегінде жазасын өтеп шыққан жандардың өздері қателігін түсініп, оң бағыт көрсеткен ішкі істер органдары қызметкерлеріне ризашылығын білдірсе, кейде олардың туыстары отбасыларының атынан ақжарма алғыстарын жеткізіп жатады.

Альфия Қазыбаева да сондай жандардың бірі. Альфияның ағасы Шадияр жаза басып, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінде жазасын өтеп шыққан. Бауырының туғандарына аман оралып, өткенінен сабақ алып, дұрыс жолға түсуіне септігін тигізген мекеме басшылығына алғысын жеткізген ол ақ тілегін ақ қағаз бетіне түсірген.

«Мекеме бастығы, әділет полковнигі Ерлан Оразгелдиев, мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Әміржан Дәулетқұлов, жасақ бастығы, әділет лейтенанты Ғалымжан Қалмаханбетов пен өзге де мекеме қызметкерлеріне алғысымды айтамын. Сіздер менің ағамның жазасын өтеу барысында түзу жолға түсуіне оң ықпалдарыңызды тигіздіңіздер. Қазіргі уақытта ағам отбасымен қауышты, денсаулығы жақсы» – делінген А. Қазыбаеваның жолдаған хатында.

Осындай жетіп жатқан алғыс хаттарды оқи отырып өз ісіне адал берілген қызметкерлердің кәсіпқойлығын анық байқауға болады. Ендеше, еңбегі еленіп, ел аузында жүрген ҚАЖ саласының қызметкерлеріне істеріне табыс тілейміз. Ал жазасын өтеп, бостандыққа шыққан азаматқа теріс жолға оралмай, адал еңбек етуіне тілектеспіз.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.