Жамбылдағы «Жасыл экономика» жетістігі | arainews.kz

Жамбылдағы «Жасыл экономика» жетістігі

197

Әлем қазір экономикалық дамуға емес, құдды бір жаһандық сын-қатерлермен күресуге күш салып келе жатқандай. Кейбір державалар шиеленіскен геосаяси жағдайларды алға тартып, әскерін күшейтсе, ғылымын коммерциялап алған кей мемлекет кибертехнологияларымен әлекке түсіп, Әлемді «жаулап» келеді. Жасыл экономиканы желеу еткендердің де көздегені сол, жаһандық энергетиканың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Байқап отырсақ, қауіп-қатермен күрес те бар, оның астарында өз өнімін өткізіп, экономикалық алға жылжуды да көксеп отыр.

Айтпағымыз, соңғы уақыттағы ғаламдық климаттық жылыну процесі, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік адамзат баласын түбегейлі ойланта бастады. Ал, одан қорытынды шығарып, жаппай іске кірісіп отырғандары бірлі-жарым ғана. Бірақ, біздің ел бұл тізімде жоқ. Қазақстан көмірсутегіге қанша қарық болып отырса да, баламалы қуат көздерін іздеуге көшкелі біраз жыл өтті. Орта Азияда тұрақты инвестициялық ахуал қалыптастыра алуының арқасында Үкімет жасыл экономика жобаларының төңірегіне де шетелдік инвесторлар тарта алды. Оған дәлел керек болса, бүгінгі күні елімізде жалпы қуаты 392,8 МВт құрайтын 59 нысан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы жұмыс істейді.

Қуантатыны, бұл бағыттағы инвестициялық жобалар алғаш болып Жамбыл жерінде жүзеге асты. Жоғарыда айтылған 392,8 МВт-тың 168,7 МВт-ы немесе республикамыз бойынша жалпы көрсеткіштің 43 пайызы облысымыздың үлесінде. 2010 жылы барлық жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қауқары шамамен 1,5-2 МВт құрағанын ескерсек, айналасы сегіз жылдың ішінде стансалар қаншалықты қуат алғанын көруге болады.

Баламалы қуат көздерін кәдеге жарату жөніндегі идеяларды ұсынып, басын бастап берген Президенттің өзі болатын. Онысын кейін «Қазақстан — 2050» Стратегиялық бағдарламасында жүйелеп, нақты іске көшу керектігін және айтты. Стратегияда осы ғасырдың он жаһандық сын-қатерінің қатарына жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қосты. Қоса отырып, барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтып жатқанын ескертті. «2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 пайызына дейін өндіруге мүмкіндік береді. Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр», деген Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан бұл саладағы жобалары арқылы жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болғанын баса айтты.

Әрине, мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорлары қолымызда тұрса да, жаһанға төнген кезекті сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы елімізді айналып өтпесі анық. Сол себепті де, жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі ретінде еліміздің жаңғыртылатын қуат өндірісі саласындағы алар асуы әлі алда. Нақтылай түссек, баламалы және жаңғыртылатын энергияның үлесі 2020 жылға дейін – 10, 2030 жылға қарай 20 пайызға дейін жетуі қажет.

Жамбылдық энергетиктер жоғарыда айтқан 43 пайыздық жетістікпен тоқтап қалмайтыны белгілі. Қордайда күн және жел электр стансалары ашылған алғашқы жылдары таңсық дүниеге жұрт таңданыспен қарағанымен, «болашағы қалай болар екен» деген күмәнін де жасырмаған еді. Қазір сол баламалы электр қуатын өндірушілер саны Әулиеата жерінде 10-ға жетті. Олардың жалпы қуаттылығы 168,7 МВт құрап отырғанын жоғарыда айттық.

Атап айтсақ, жалпы қуаты 15,1 МВт болатын 4 гидро электр стансасы (ГЭС) судың күш-қуатынан энергия өндіруде. Олар: Меркі ауданындағы «Мерке ГЭС-1,2» (2,1 МВт), «Мерке ГЭС-3», (1,5 МВт), Т.Рысқұлов ауданындағы «Қарақыстақ ГЭС» (2,3 МВт) және Шудағы «Тасөткел ГЭС» (9,2 МВт) стансалары.

Бұлардың ішінен Шу ауданындағы Тасөткел су электр стансасына тоқтала кетсек, ол жылына 48 миллион кВт электр қуатын өндіріп келеді.  Яғни, мұндай мүмкіндік екі ауданды электр қуатымен қарық қылуға жетеді. Жалпы жобалық құны 1 миллиард 350 миллион теңгені құраған станса жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Қазіргі су деңгейінің аздығынан ол сағатына 9,2 емес, 3,5 МВт өнім алуда.

Қашан барсаң желі азынап тұратын Қордай асуы жел электр стансасын орнатуға тектен тек таңдалынған жоқ. «Казсельэнергопроект» институты» ЖШС-нің жан-жақты ғылыми зерттеуінен кейін мамандар желден қуат алуға Қордай желін қолайлы көрді. Сөйтіп, аталған серіктестік 2012 жылы зерттеу қорытындысын шығарып, көп ұзамай келесі жылы асудың Мұзбел аталатын тұсына Қазақстандағы жел электр стансаларының алғашқы 4 «қарлығашын» қондырды. Қазір мұнда жалпы қуаты 53,1 МВт болатын «Vista International» ЖШС (21 МВт), «Ветроинвест» ЖШС (30,6 МВт), «Кордай К-1» (1,5 МВт) сынды 3 ЖЭС нысандары жұмыс істеп тұр. Бір сөзбен айтқанда, 2013 жылы мұнда биіктігі 60 метрлік 4-ақ жел генераторы болса, қазір олардың саны 53-ке жетіп отыр. Бұл генераторлар ауданды тұтас электр қуатымен қамти алады.

Ал, облысымыздағы 3 күн электр стансалары 100,5 МВт-тық жалпы қуатымен баламалы электр энергиясын өндіретін нысандардың алды болып тұр. Одан бөлек, күн электр стансалары жөнінен Қазақстан Орта Азиядағы көшбасшылықты бермей келеді. Яғни, Жуалы жеріне орнатылған күн электр стансаларына («Burnoe Solar-1» ЖШС (50 МВт), «Burnoe Solar-2» ЖШС (50 МВт) Орта Азияда әлі тең келер нысан жоқ. Ол 224 гектар жерді алып жатыр. Онда сағатына 70 000 үйге қажетті қуат өндіріледі.

Мұндағы алғашқы жобаның құрылысын бас мердігер ECAPsolutions неміс компаниясы 10 айда аяқтаған. Негізгі генераторлық қондырғылары – фотоэлектрлік модульдер. Ол «SolarWorld» неміс компаниясының өндірісіне тиесілі.

Стансаның технологиясына тоқтала кетсек, фотоэлектрлік модульдармен өндірілген күн энергиясы «SchneiderElectric» компаниясының инверторлық стансалары арқылы тұрақты тоқтан айнымалы тоққа түрленеді де күшейтілетін қосалқы стансаға жіберіледі. Бұл өз кезегінде еуропалық өндірістің соңғы қондырғыларымен жабдықталған және «KEGOC» АҚ операторының желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарда көрсетілген барлық өлшемдерге сәйкес келеді.

Бүгінгі күні КЭС жобасы еш апатсыз жұмыс істеп келеді және генерацияланатын қондырғылары да істен шықпай күннен алынған қуатты қалыпты қабылдап тұр. Соның арқасында электр энергиясын өндірудің жылдық көрсеткіштері болжамды көрсеткіштерден 10 пайызға асыпты.

Ал,  биыл жазда стансаның жалпы құны 25,6 миллиард теңгелік екінші кезеңі іске қосылды. Бұл жолы негізгі генерацияланатын қондырғы ретінде қытайлық «Дженкосолар» компаниясының фотоэлектрлік модульдері таңдауға түсіпті.

«KaзЭкоВатт» ЖШС-нің Қордайдағы Отар күн электр стансасы да қуаттылығы 0,5 МВт болғанымен, кәдеге жарап-ақ тұр.

Түйінін айтсақ, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарамасының мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша, жаңартылатын энергия көздері өндіретін электр энергиясының көлемі 304,3 миллион кВт/сағат немесе жалпы көлемнің 10,2 пайызын құрады. Алайда, өндіретін электр энергиясының жоспарын орындау 10 пайыз төңірегінде болжанған екен. Ал,  биылғы жылдың басынан бергі өндіріс көлемі 121,4 миллион кВт/сағатты құраған. Ол 2017 жылдың (105,2 миллион кВт/сағат) есепті кезеңімен салыстырғанда 16,2 миллион кВт/сағатқа немесе 15,3 пайызға өскенін көрсетеді.

Енді 2018 жылдың аяғына дейін өндіріс көлемін 10,4 пайызға арттыру жоспарлануда. 2020 жылға қарай қойылған меже бойынша нысандардың саны тағы артып, облыс өз елді мекендеріне баратын электр қуатының 60 пайызын баламалы энергия көздерінен алуды жоспарлап, сол бағыттағы жұмыстарға жан бітіруде. Әзірге күн, жел және су сынды табиғат байлықтарынан өндіріліп отырған электр энергиялары тікелей халықтың өзіне емес, электр тасымалдаушы оператор компанияларға өткізілуде.

Жоғарыда жаңғыртылған қуат көздерінен энергия өндіру мұнымен тоқтап қалмайтынын айттық. Шетелдік инвесторлар бұйыртса биыл Сарысу ауданында 100 МВт-тық жел электр станцияларын құрылысын қолға алғалы отыр. Жоба бойынша 233 гектар жерге 40 желден қуат өндіретін генератор орнатылмақ. Олардың әрқайсының қуаты – 2,5 МВт құрайды. Станция жылына 340 миллион кВт/сағат электр энергиясын өндіреді деп жоспарлануда. Жоба құны – 130 миллион АҚШ долларын құрайды. Құрылыс кезінде 200-300 адам уақытша жұмыспен, жоба іске қосылғанда 30-40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.