Петропавлда кәсіпорындар еңбек қауіпсіздігін күшейтпек | arainews.kz

Петропавлда кәсіпорындар еңбек қауіпсіздігін күшейтпек

170

Петропавлда 5 кәсіпорын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Саламатты жұмыс орындары» жобасына қатысып жатыр. Бұл — жұмыс берушінің ғана емес, жұмысшының да жауапкершілігін арттырмақ.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде жұмыс орындарының қолайсыздығы ел экономикасына елеулі шығын әкелуде. Жыл сайын зиянды жұмыс жағдайында еңбек ететін 600 мың жұмысшыға қосымша өтемақы ретінде 60 млрд теңге жұмсалады екен.

Петропавлдағы ауыр машина жасау зауытында шамамен 1000-ға жуық жұмысшы бар. 20 пайызы, яғни, 220 адам ауаға зиянды заттар тарайтын цехтарда еңбек етеді. Олардың қатарында дәнекерлеушілер, ажарлаушы-сырлаушылар бар.

«Жалақыны өсірдік. Еңбек демалысына күндер қостық. Сондай-ақ, әр жұмысшыға күнделікті жарты литр сүт береміз. Олар еңбектенетін цехтарда желдеткіштер жұмыс істеп тұр», — дейді «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ еңбекті қорғау бөлімінің бастығы.

Қазақстанда «Саламатты жұмыс орындары» жобасы 2002 жылдан бастап жүзеге асып жатыр. Алғашқылардың бірі болып оған Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары қосылды. Петропавлда аталмыш жобаға қатысуға биыл 5 кәсіпорын ниет білдірді. Олар: «Радуга», «Молсервис»,  «Қызылжар Су»  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері,  «ЗИКСТО» акционерлік қоғамы.

«Бізбен меморандумға отырған кәсіпорындар қауіпті химиялық заттармен жұмыс істейді. Олар өз жұмысшыларына қажетті деңгейде жағдай жасаған. Жыл сайын медициналық тексерулерден өткізіп тұрады. Сондай-ақ, бұл кәсіпорындарда дара қорғаныс заттары бар. Жұмыс орындары күрделі жөндеуден өткізіліп, желдету, жарық жүйесі ауыстырылды», — дейді СҚО Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің бөлім бастығы Гүлнара Жақсылықова.

Еліміздегі жұмысшылардың 12 пайызы зиянды өндірісте еңбек етеді. 7000 адам кәсіби аурумен тіркеуде тұр. Бұл көрсеткішті азайту мақсатында еліміздің 10 облысындағы 108 кәсіпорын «Саламатты жұмыс орындары» жобасына қатысып жатыр.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.