ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов бейнеконференция байланысы режимінде ЕҚДБ банктік операциялар жөніндегі вице-президенті Алан Пиюмен келіссөз жүргізді деп хабарлады turkystan.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Онлайн-кездесу барысында тараптар Қазақстандағы қазіргі жағдайды және ҚР Үкіметінің банк секторына қатысты қысқа мерзімді іс-қимыл жоспарын талқылады. ҚР Премьер-министрі теңгеге деген сенімді сақтау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүзеге асырған шаралар туралы айтып берді.
Қазақстанның банк секторының елеулі капитал қоры бар екендігі айтылды. Бұл теріс факторларға қарамастан банктерге тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Мәселен, осы жылдың басынан бері банктердің жиынтық активтері 148 млрд теңгеге (0,4%) 37,8 трлн теңге көрсеткішіне дейін өсті.
Меншікті капитал 96 млрд теңгеге (2,1%) өсіп, 4,6 трлн теңгені құрады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар іске асырылып жатқан жобалар мен ынтымақтастықтың басқа да бағыттары бойынша белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.