Зульфия Габидуллина мүмкіндігі шектеулі жастармен кездесті

Тараз қаласында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мұрындық болуымен 2016 жылы Риода өткен паралимпиада ойындарының жүлдегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Зульфия Габидуллина мүмкіндік шектеулі жандармен кездесті.

Кездесуге мүмкіндігі шектеулі тараздық балалар мен олардың ата-аналары, естуінде ақауы бар «Мейірім» мектеп-интернатының және көру кемістігі бар «Болашақ» мектеп-интернатының балалары қатысты.

Басқосуда Зульфия Габидуллина спорттағы ең биік тұғырды бағындыруының сырымен бөлісті. Сондай-ақ даңқты спортшы балаларға өнегеге толы өмір жолы жайында әсерлі әңгімелеп берді.

– Мен осы күйге 5 жасымнан душар болдым. Осы бір жағдайдың қалай болғанын анамның әңгімесінен ғана білемін. Тек Тараз қаласында «Химпоселек»ауданындағы балабақша келе жатқанымды білемін. Бағдаршамның жасыл түсі жанған соң жолдың арғы бетіне өтпекші болдық. Әлдебір жақтан ішімдік ішкен күйде рөлге отырған мотоциклші шыға келді де мені соғып кетті. Омыртқам ауыр жарақат алды. Содан емдеуді, дене шынықтыру процедуралары басталды, –дейді З.Габидуллина.

Кездесу соңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. «Біз біргеміз» еріктілер қоғамының қолдауымен балалар «Астана cinema» кинотеатрында мультифликациялық фильмдерді тамашалады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.