Жемқорлықты жою — баршаға ортақ  міндет

Жуырда Шу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және атаулы әлеуметтік көмек көрсету мен көпбалалы отбасыларды қолдаудың жаңа тәсілдерін енгізу мәселелеріне қатысты жиын өтті. Аталмыш басқосуға көршілес Қордай және Мойынқұм аудандарына қарасты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері және ауылдық округ әкімдері мен сала мамандары қатысты.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Бауыржан Кенжеқұлов сөз сөйлеп, сыйбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер зиянына тоқталды. Ол өткен жылы ғана көпбалалы аналардан пара алу арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындап бермек болған маманның іс-әрекеті әшкере болғандығын айтып, мұндай қадамға бармау керектігін түсіндірді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының өзі сыбайлас жемқорлық мәселесі күн тәртібінен түспейтіндігін, керісінше, бұл бағыттағы жұмыстардың күннен күнге күшейтіле беретіндігін жеткізген болатын. Осыған байланысты Бауыржан Саматұлы сала мамандарын өз жұмысын ықтиятты әрі адал атқаруға шақырды.

Бұдан бөлек, жиында шалғай ауылдарда тұратын көпбалалы отбасыларды қолдаудың және атаулы әлеуметтік көмектің жаңа үлгісіне қатысты түсіндіру жұмыстарының барысы да сөз болды.

Ерғали АСХАТҰЛЫ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.