«Жас кәсіпкерлер мектебі» түлектерін түлетті

59

Таразда «Жас кәсіпкер мектебі» жобасы бойынша кезекті оқу курсы аяқталды. Биыл оған 60-тан астам адам оқуға ниет білдірген екен. Олардың арасында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер де, кәсіпкерлік әлеуеті бар ұл-қыздар да бар. Кәсіпке икемді жастар кәсіпкерлік психологиясы, бизнес-идеялар генерациясы, кәсіпкерлерге арналған қаржы, бизнес-жоспарлар әзірлеу, салықтық әкімшілендіру, персоналды басқару, бизнеске арналған ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану және бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары сияқты өмірлік маңызды бағыттар бойынша білім алып, біліктіліктерін арттырып шықты.

Оқыту қорытындысы бойынша барлық тыңдаушы өз жобаларын қорғап, оқудан өткендігі туралы сертификат алды. Бұл құжат ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің гранттық қаржыландыру байқауына қатысуға құқық береді. Сонымен қатар, мектеп тыңдаушылары жобалар жәрмеңкесінде өздерінің бизнес-идеяларын қорғайтын болады.
Сондай-ақ, осы жоба аясында жас кәсіпкерлер үшін «Жамбыл облысының жас кәсіпкері: жыл таңдауы 2018» байқауы және «Таразда жасалған» жас кәсіпкерлердің көрмесі жоспарланған.
– Ғылыми тәсілге негізделген тиімді бизнесті көтермелеу мақсатында ҚЕҰ қауымдастығы мен жастар кәсіпкерлік кеңесі алғаш рет Талдықорған, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстары үшін «Жас ғалым 2018» өңірлік байқауын өткізеді. Қазірдің өзінде 50-ден астам өтінім жиналды және алда ғылыми-инновациялық жобаларды бағалау рәсімі күтіп тұр, – дейді Жас кәсіпкерлік кеңесінің төрайымы Айнұр Заурбекова.
Жақында әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларының байқауы аяқталып, жеңімпаздары күні кеше ғана өткен облыстың үкіметтік емес ұйымдарының форумында марапатталды.
– Жастар және әлеуметтік кәсіпкерлікті ынталандыру бойынша осы іс-шаралар облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы есебінен, сондай-ақ, тартылған қаражат есебінен ұйымдастырылды. Біз білім, тәжірибе және іскерлік байланыстар алған және оларды іс-жүзінде қолданатын 14 жастағы қатысушылардың да бар екенін айта аламыз. Жастар кәсіпкерлігін дамытуға барлық мүдделі тұлғалардың күш-жігерін біріктіріп, осылайша біз Жамбыл облысында жас кәсіпкерлердің саны қалай өсіп жатқанын көре аламыз», – деп түйіндеді сөзін Айнұр Заурбекова.
Жас кәсіпкер мектебі – бұл облыс жастарының инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін ашу, жастарды кәсіпкерлік қызметке тарту және олардың құзыреттілік деңгейін арттыру аясында арнайы жүргізілетін жоба.

Назерке Төлен

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.