Таразда «Сағым» фильмінің тұсаукесері өтті | arainews.kz

Таразда «Сағым» фильмінің тұсаукесері өтті

119

Тараз қаласында жергілікті мамандардың төл туындысы «Сағым» толықметражды көркем фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.

Кино басталмас бұрын мәдениет үйінің алдына қызыл кілем төселіп, фильм актерлері премьераға лимузинмен келді. Көпшілік құрмет-қошеметпен қарсы алған шығармашылық топ сахна төріне шығып, фильмнің тұсауын салтанатты түрде кесті. «Сағым» фильмінің режиссері, облыстық қазақ драма театрының актері – Елжан Жармұхамедов.

Қоғамдағы өзекті мәселе – жат діни ағымдардың адам санасын улап, адал жолдан адастыру жайы суреттелген туынды көрерменге ақ пен ақараны ашып көрсете білген. Сюжеттің өмірге жақындығы соншалық, көрермендер кейіпкерлермен бірге түрлі сезімдерді бастан кешіп, бақыт пен бақытсыздықты, тура жол мен  бұрыс бағытты бағдарлап, бейбіт күннің қадірін  бағамдай түседі.

Оқиға желісі бақытты отбасының шаңырағында бастау алады. Сырым мен Данияр – бір үйдің ағайындылары. Бала кезден біріне-бірі сүйеніш болған бауырлар балғын шақтан мешітке барып, сәждеге бас иеді. Сырым мешітке барып жүріп жат ағымдағы Баханы кездестіріп, ол Сырымға көмектеседі. Ақырында, оның  арбауына түсіп, жат ағымның жетегіне ерген Сырым Баханың үйіне көшіп тынады. Осылайша фильмнің қызықты эпизоттары басталады.

Фильмнің сценарий авторлары – Марат Құдайбергенов пен Елжанның өзі. Драма жанрындағы киноның ұзақтығы – 60 минут. Алдағы уақытта «Сағым» туындысын облыстың өзге өңірлерінде көрсету жоспарланып отыр.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.