«Рухани жаңғыру»: Қазақстандық авторлардың антологиялары шетелде насихатталады | arainews.kz

«Рухани жаңғыру»: Қазақстандық авторлардың антологиялары шетелде насихатталады

192

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қазақстандық авторлардың антологиялары шет мемлекеттерде насихатталады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында мәлім болды.

ҚР Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаеваның айтуынша, жұмыс тобы төрт негізгі бағыт бойынша отандық мәдениетті жүйелі насихаттауды жүргізуде.  «Әдебиет» бағытында «проза» және «поэзия» жанрлары бойынша антологиялар құрылған. Әрбір антологияда 30-ға жуық автор бар және әрбір томның көлемі 600 бетке жетеді.

«Қазіргі уақытта антологияларды БҰҰ-ның барлық 6 тіліне аударумен және насихаттаумен қамтамасыз ететін стратегиялық серіктестер анықталды. Ағылшынтілді аудиторияны қамту үшін біз Кембридж университетінің баспа үйін тарттық. Испан мәдениет министрлігі, Сервантес институты және «Visor-Libros»(Визор — Либрос) испан нұсқасының стратегиялық серіктесі болады», — деді Аида Балаева.

Өз кезегінде антологияларды француз тіліне аудару және жариялау үшін Париж Мәдениет Қауымдастығымен және Ұлттық кітап орталығымен келісім жасалды.

Сонымен бірге, Аида Балаева жинақтарды орыс тіліне аудару және жариялау жұмыстарын Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы және Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымы жүзеге асыратынын жеткізді.

«Отандық әдеби шығармаларды қытай тілінде насихаттау үшін Қытайдың ұлттық баспасы стратегиялық серіктес атанды. БҰҰ-ның тағы бір тілі — араб тілі және осы бағытта Египет мәдениет және білім беру орталығымен ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткіздік», — деп өз сөзін толықтырды ол.

Одан бөлек, шетелдік серіктестер кітаптарды аударып қана қоймай, оларды ғылыми орталарда және жастар арасында насихаттайды. Аида Балаеваның айтуынша, әртүрлі елдердің әдеби нарығында таратудың тиімді механизмдерін қолдану жоспарланып отыр.

Антологиялардың тек баспа ғана емес, электронды және аудио нұсқалары да жарияланады. Бұл аудиторияны кеңейтіп, Amazon сияқты жаһандық электрондық платформаларға шығуға мүмкіндік береді.

Тақырыпты жалғастыра отырып, Аида Балаева бүгінде шығармашылық ұйымдармен мәдениетаралық диалогты нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Осы жылдың қыркүйек айында Пен-Клуб Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, әлемнің 17 елінен 70-тен астам әдебиетшінің басын қосып, Бірінші Халықаралық әдебиет форумын өткізді. Астанада ҚР Жазушылар одағы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, қазіргі заманғы жазушылардың бірігуі үшін халықаралық платформа болған Еуразиялық әдеби форумды ұйымдастырды. «Әдеби өлкетану» жобасы да белсенді жүзеге асырылып келеді», — деп атап өтті спикер.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.