Мереке қарсаңында жаңа көліктер пайдалануға берілді | arainews.kz

Мереке қарсаңында жаңа көліктер пайдалануға берілді

154

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында  «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет» деп айрықша тапсырған болатын. Бүгінде өңірдегі шалғай аудандарда денсаулық сақтау саласының қызмет сапасы жыл санап артып келеді. Бұл маңызды бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыс та, алдағы жоспарлар да ауқымды. Дәл Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында тағы 36 арнайы медициналық жедел жәрдем көліктері аудан халқының игілігі үшін берілді. Ал облыс орталығының тұрғындары үшін 58 су жаңа қоғамдық көліктің кілті салтанатты түрде қаладағы жолаушы тасымалдайтын мекемелерде табысталды.

Әрине, айбынды Ата заңымыздың өзінде ең басты құндылық адам өмірі екені белгілі. Бүгінгідей жаһандану мен жаңғыру ғасырында бәсекеге дені сау ұлт пен ұрпақ қана төтеп беріп, толағайлармен тайталаса алатыны айтпасақ та түсінікті. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің халыққа арнаған әрбір Жолдауында бұқараның денсаулығын басты назарда ұстап, күн тәртібінен түсірген емес.  Оның игілігіне ел куә. Осы тұста Қазақстан Республикасы Коституциясы күні қарсаңында орталық «Достық» алаңында тағы 36 арнайы жедел жәрдем көлігі халықтың саулығы үшін пайдалануға берілді. Және ол су жаңа жүйіткіген автокөліктердің 3-і Жамбыл ауданының, 3-і Жуалы, 11-і Қордай, 2-і Меркі, 2-і Мойынқұм, 9-ы Т.Рысқұлов, 3-і Шу, 2-і Сарысу, 1-і Талас ауданындағы медицина саласы майталман мамандарының еншісіне үлестірілді.

Айта кетсек, облыс орталығындағы жедел жәрдем станциясында 2014 жылы 56 санитарлық автокөлік болған, сол жылы облыстық бюджет есебінен 4 көлік алынып, барлығы 60 автокөлікті құраған. Ал 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, жедел жәрдем қызметі орталықтандырылып, Жамбыл облыстық жедел жәрдем станциясы болып өзгертілді. Сондай-ақ 2018 жылы 253,0 миллион теңгеге 27 бірлік автокөлік сатып алынған.

Мерекелік тарту мұнымен шектелген жоқ. Қалалық жолаушылар тасымалдайтын «Әулиеата ТрансПасс» ЖШС 33 бірлік, «Тараз ТрансМоторс» ЖШС 15 бірлік, ал «Сапар Транс-2012» ЖШС 10 бірлік жаңа автобустармен толықты. Жалпы саны 58 қоғамдық көлік Даму бағдарламасы «Жол картасы» аясында сатып алыныпты. Салтанатты шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев сөз тізгіндеп, жиналғандарды  Конституция күні мерекесімен құттықтап, халықтың игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарының ілкімді істеріне табыс тілеп, автокөліктердің кілтіп тапсырды. Шара барысында медицина саласының ардагері, тараз қаласы мен Байзақ ауданының Құрметті азаматы Самиха Қоңырова ізгі лебізін жеткізіп, әріптестерінің атынан алғысын жеткізді. «Аудан халқы және біз, медицина мамандары үшін бұл үлкен көмек, зор қамқорлық, тамаша тарту. Көп жағдайда шалғайдағы науқастарға дер кезінде жете алмау секілді транспорттық мәселенің кезігетіні рас. Дегенмен Елбасының сарабдал саясатының, Президентіміздің пайымды пәрменінің арқасында бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Біздің кәсіби және азаматтық міндетіміз – қалтқысыз қызмет етіп халық денінің саулығын қамтамасыз ету. Сондықтан айтулы мерекенің қарсаңында қуанышымызды еселей түскен облыс басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ» дейді Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлнара Сатыбалдина. Салтанатты шара соңы мерекелік ән шашумен қорытыланды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.