Мереке қарсаңында тараздықтарға пәтер кілті табысталды

30 тамыз – ҚР Конституциясы күніне орай Тараз қаласындағы 15 ықшамауданда көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспаналы болу бақытына кенелген тұрғындардың қуанышымен бөліскен облыс әкімі Асқар Мырзахметов ақжарма тілегін білдіріп, пәтер кілттерін өз қолымен тапсырды.

– Баспана – қай уақытта да өзекті мәселе. Қала халқының саны өсуімен тұрғын үйге деген сұраныс көлемі де ұлғаюда. Тәуелсіздік жылдары елімізде Елбасының басшылығымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Соның ішінде қалада жаңадан соғылып жатқан 15 шағын аудан орналасқан жер бірнеше жыл бұрын ашық дала болатын, ал қазір жаңа тұрғын үйлер бой көтерген шағын ауданға айналды.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша жарияланған басты мақсаттардың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жалпы 17,6 миллиард теңгеге барлығы 30 көпқабатты (2 118 пәтерлі) тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 28 көпқабатты (1988 пәтерлі) тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда. Осынау оңды істердің барлығы әлеуметтің әлеуетін әлді ететін ауқымды шаралардың жарқын көрінісі, – деген Асқар Исабекұлы көпшілікті ҚР Конститциясы күнімен құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті.

Салтанатты шара соңында баспаналы болған тұрғындар атынан Әсел Балтабекқызы облыс басшылығына алғысын жеткізді.

Бұл күні барлығы 720 пәтер пайдалануға берілсе, оның 200-ге жуығы бағдарлама арқылы банктің тиісті шешімін алған. Яғни 200 дей отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр. Қалғаны алдағы уақытта «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы берілетін болады.

Айта кетейік, жаңа пәтерге ие болғандардың дені көпбалалы отбасылар мен толық емес отбасылар. Өңірдегі көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында 120 көпбалалы отбасыларына пәтер кілті табысталды. Оның 93-і арендалық үй, 27-і демеушілер есебінен. Жыл соңына дейін 493 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сондай-ақ, тұрғын үй кезегі келгенге дейін көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана құрылысына тиісті қаражат қарастырылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.