Мүзейдегі түн естен кетпес әсер қалдырды | arainews.kz

Мүзейдегі түн естен кетпес әсер қалдырды

211

Тараз қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Көне шаһардағы мың бір түн» театрландырылған қойылымы өтті. Қазан айының 18-жұлдызынан 19-жұлдызына қараған түнде кешкі сағат сегізден бастау алған қойылым таңғы сағат үшке дейін жалғасты.

Бұл шарада шаһар тұрғындары мен қонақтары ортағасырда көпестер мен қолөнершілердің қаласы атанған Тараздың тарихи бейнесін көзбен көруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ бұл күні тараздықтар Қарахан мен Айша-бибі арасындағы тарихи махаббат дастанының бел ортасына енді.  Сонымен қатар, бұл түнде мұражайдағы тарихи тұлғалар мен аңыз-әңгіме кейіпкерлерімен суретке түсуге де жағдай жасалды.

Айта кету керек бүгінде «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген Тараз қалашығына қазба жұмыстары аяқталып, қала орнына аспанасты мұражайы жасалған. Біздің заманымыздың І ғасырдан бастап сауда-саттықтың, Ұлы Жібек жолы бойында мәдени-экономикалық байланыстың ірі ордасы болған Тараз қаласы қазақ тарихының түрлі кезеңдерін бастан өткерген. 2011 жылға дейін 1 ғасыр бойы бұл маңда Орталық базар қызмет көрсеткен.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мұражайына қазба жұмыстары кезінде табылған 2мыңға жуық жәдігерлер қойылған. Бұл жәдігерлердің тағы бір ерекшелігі олардың түрлі дәуірге жатуында. Сондай-ақ олардың Тараз өлкесінде үстемдік құрған әртүрлі мемлекеттердің кезінде әрқилы үлгімен соғылуы да қызығушылық туғызады.

Қазір мұражай маңынан «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы жүргізілуде. Өз кезегінде бұл нысанды «Көне Тараз» археологиялық кешенімен бірігіп Қазақстандағы ең үлкен туристік орталыққа айналдыру жоспарланып отыр.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.