Қазан қаласында Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы талқыланды

65

27 қазан күні Қазан қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның XX отырысы өтті. Қазақстан тарапынан тең төраға — ҚР бірінші вице-премьері Асқар Мамин болса, ресейлік тараптан Үкімет төрағасының бірінші орынбасары Антон Силуанов болды.

Үкіметаралық комиссия отырысы барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, отын-энергетикалық кешен, атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, білім беру және ғылым, ақпараттық технологиялар мен бұқаралық коммуникация, мәдениет, туризм, аймақаралық және шекара маңындағы ынтымақтастық, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының өзара іс-қимылдарындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

ҚР бірінші вице-премьері А. Мамин мемлекетаралық қатынастардың барлық деңгейінде Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстар табысты екенін атап өтті.

2017 жылы ҚР мен РФ арасындағы өзара сауда-саттықтың едәуір ұлғайғаны байқалды. Көрсеткіш 34,1% өсіп, 17,5 млрд долларға жетті. Өзара сауда көрсеткіштерінің оң серпіні сауда айналымын 20 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Ресей Қазақстанның негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі, соңғы 12 жыл (2005-2017 жж.) ішінде инвестициялар ағымы 12 млрд долларды құрады. Ресейден Қазақстанға тікелей инвестициялар ағымы 2018 жылдың І жарты жылдығында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге — 821 млн долларға дейін артты. Жалпы сомасы 3,6 млрд доллар болатын, 12 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 50 инвестициялық жоба қарқынды іске асырылып жатыр.

ҮАК отырысының барысында Қазақстан мен Ресейдің екіжақты ынтымақтастығының басты бағыттарының бірі аймақаралық және шекарамаңы ынтымақтастығы болып табылатыны атап өтілді. Шара қорытындысы бойынша ҮАК тең төрағалары Асқар Мамин мен Антон Силуанов Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссияның XX отырысының Хаттамасына қол қойды.

Қазан қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен келіссөздер өткізді. Тараптар қос мемлекет арасындағы екіжақты қарым-қатынастың барлық саласы, оның ішінде сауда-экономика саласы бойынша қарқынды ынтымақтастықты атап өтті.

Сондай-ақ экономикалық және инвестициялық байланыстарды арттыруға мүдделілік танытты. 2017 жылдың қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымы 1,7 есеге артып, 700 млн доллардан асқан. 2018 жылдың I жарты жылдығының қорытындысы бойынша өзара сауда айналымының көрсеткіші 67% артып, 400 млн долларға жуық болды. Биылдың өзінде өзара сауда айналымы көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізу мүмкіндігі бар.

Асқар Мамин мен Рустам Минниханов машина жасау, көлік пен логистика, мұнай химиясы, АӨК, АТ-технологиялар, шағын авиация және т. б. салаларда ынтымақтастықты дамыту керектігін атап өтті.

ҚР бірінші вице-премьері А. Мамин мен Татарстан Президенті Р. Минниханов елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша Іс-шаралар жоспарына қол қойды.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.