Қант қызылшасын қабылдау басталды

Қазір шаруалардың жаз бойы күтіп-баптап өсіргендерін жинап, еңбек жемісіне кенелетін берекелі де мерекелі шақтарының бірі. Сондықтан қант қызылшасын өсіруге ден қойған диқандар да күздің әр күнін қалт жібермей, науқандық жұмыстарды қыздыруда.

Биыл аймақта 5,6 мың гектарға қант қызылшасы егілсе, тәтті түбір жинауды Меркі ауданының диқандары бірінші болып бастап отыр. Ауданда 2,0 мың гектар жерге балтамыр егілген.

Осыған байланысты Меркі қант зауытының ұжымы да өз жұмысына кірісіп, бағалы дақылдың алғашқы өнімдерін қабылдай бастады. Ала жаз бойы шаруалар баптаған балтамыр енді қабылдау пунктіне жөнелтіліп, жұмыс та қыза түскен.

Меркі ауданының қант қызылшасын қабылдау пунктіне жергілікті жерлерден басқа, Т.Рысқұлов пен Шу ауданының шаруалары да өз өнімдерін өткізіп жатыр. Отандық өнімнің сапасы да жоғары. Оны енді жаңбыр мен қар астында қалдырмай, дер кезінде сұрыптап, өндіріс орнына жіберу міндеті тұр. Сондықтанда қабылдау алаңындағылар таңертеңнен бастап, түннің бір уағына дейін жұмыс істеуде. Пункт бір күннің ішінде 3 мың тоннаға дейін қызылша қабылдауға қауқарлы.

Қызылшамен айналсушыларға жылдағыдай биыл да  көмекқаржы берілетін болады. Зауытпен келісім шарт та жасалып, енді өткен жылдағыдай емес, кешіктірмей төлеу жағы да қарастырылыпты.

Жалпы Меркі ауданы бойынша биыл 1871 гектар жерге қызылша егілсе, қазір балтамырдағы барлық алқапта қызған жұмыс. Өнімді жинап алу науқаны айдың соңына дейін жалғаспақшы.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.