Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Меркі ауданында болды

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Меркі ауданында болды. Еркебұлан Әбілханұлын қарсы алған аудан әкімі Мейірхан Өмірбек үкімет тарапынан бекітілген мақсатты тапсырмалар мен облыс әкімі А.Мырзахметовтың алға қойған меже-міндеттері аясында ауданда атқарылып жатқан түрлі саладағы жанды жұмыстарды тізбелеп өтті.

Е. Дауылбаев өз сапарын шалғай аймақта жатқан Аспара ауылынан бастады. Осындағы ауылдық клубқа жиналған округ тұрғындарымен кездескен ол аспаралықтарды ашық форматтағы емен-жарқын диалогқа шақырды. Кездесуде сөз алған тұрғындардың арасында зейнеткер Жұмабек Малдыбаев пен ауыл жанашыры, зейнеткер Нұржау Байжұманов жалпы аудан көлемінде, оның ішінде, Аспара ауылдық округінде көше жолдары, ауыз су, көшелердің түнгі жарықтануы  сияқты мәселелер өз ретімен шешімін тауып жатқанын, ол үшін аудан, округ басшыларына жұрт атынан алғысын айтты. Сондай-ақ, ауылдағы №2 «Аспара» мектебінің мүшкіл халі жайында мәселе көтерді.

Аспара сапарынан соң облыс әкімінің орынбасары аудан ішіндегі көлік жүктемелігін барынша азайту мақсатында Т.Рысқұлов ауылының тұсынан салынып жатқан, 5 гектар аумақтағы жаңа мал базары мен болашақта сыртқа көшірілуі тиіс аудан орталығындағы орталық базардың 15 гектар алқаптағы жаңа жобасын көріп, айналма жолдың жобасына да назар салды. Сонымен қатар, «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолының құрылысымен де танысты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.