Жүйелі жұмыс жан жадыратады | arainews.kz

Жүйелі жұмыс жан жадыратады

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп берді

206

«Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» дейді ақылдың алыбы Абай хакім өзінің он бесінші қара сөзінде. Расында, әрбір істің нақты нәтижесі, шынайы картинасы есепті сәтте ғана еңсерілетіні, көзге көрініп, көңілге кестеленетіні белгілі. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXV сессиясында биылғы жартыжылдықта атқарылған ауқымды істердің нәтижесі туралы берген есебінен белгіленген индикаторлардың игілікке бастағанын аңғардық.

Небәрі алты айда Әулиеата өңірінде оң өзгерістер, жаңашылдық пен өміршең жобалар қолға алынып, даму динамикамызда елеулі прогресс байқалуда. Бұның барлығы жергілікті билік пен бұқараның білек біріктірген ауызбіршілігінің, еңбексүйгіштігінің көрсеткіші болса керек. Қош, сонымен алты айда атқарылған жұмыс ауқымды. Алдағы жоспарлар мен заман талабы одан да зор жауапкершілікті жүктеп отырғаны сөзсіз. Сан салаға септігін тигізіп, серпін сыйлаған бастамалар, жергілікті бюджетті барынша оңтайландыру, барлық бағытқа белгіленген индикаторлардың ілкімді көрсеткіштері, Әулиеатаның әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты нәтижесі, осының барлығын облыс әкімі жіпке тізгендей етіп жан-жақты атап өтті.
– Құрметті депутаттар!
Жарты жылда облыстың әлеуметтік — экономикалық дамуы оң сиппаталып отыр. Бірінші тоқсанның қорытындысымен жалпы өңірлік өнім 8,4 пайызға (265,0 миллиард теңге) өсті. (2017 жылдың 1 тоқсаны — 231,4 миллиард тенге, НКИ – 100,5%). Бұл – республикада алдыңғы үштік қатарындағы көрсеткіш. Алты айдың ресми деректері әлі шыққан жоқ. Сондықтан, ай сайын қаралатын қысқа мерзімді экономикалық индикаторды айтатын болсақ, есепті мерзімнің қорытындысы 108,6 пайызды құрады, бұл республикалық көрсеткіштен 3,4 пайызға жоғары (ҚР-5,2%). Өнеркәсіп саласындағы өсім – 11,1, ауыл шаруашылығында – 4,2, құрылыста – 18,8, жүк тасымалында – 8,4, байланыста – 6,2 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция 4,4 пайызға өсті. Инфляция 2,3 пайызды құрады, бұл 2017 жылдың тиісті кезеңінен 0,9 пайызға төмен. Бірінші шілдеге облыс бюджетіне 124 миллиард теңге кіріс қамтамасыз етілді, жоспар 103,5 пайызға орындалды, өзіндік кірістер 28 миллиард теңгеге немесе 17,7 пайызға артты. Басты көрсеткіштердің қысқаша сипаттамасы осындай, – деді Асқар Исабекұлы. Мұнан соң аймақ басшысы әр сала бойынша қолға алынған жарқын жобалар мен жүйелі істерге жеке-жеке тоқталды.

Үнемдеген ұтады

Жиында облыс әкімі А.Мырзахметов бюджеттің тиімділігін арттыру бойынша атқарылған шараларды тілге тиек етіп, соның нәтижесінде қыруар қаражаттың үнемделгенін жеткізді.
– Әкімдіктің жұмысын тиімді қалыптастыруға, жүйені дамытуға байланысты атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, бірінші кезекте бюджеттің тиімділігін арттыру үшін арнайы регламент қабылданды. Регламентте жобаларды іске асыру үшін жер телімін бөлуден және жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындаудан бастап, құрылыс жұмыстарының аяқталуына дейінгі толық алгоритм анықталған. Ендігі кезекте инвестициялық жобалар «бірінші кезектегі қажеттілігіне» байланысты бюджетке енгізіліп, тек сол жобаларға ғана құжаттар дайындалып, іске асырылатын болады. Себебі, талдау көрсеткендей, құрылыс және жөндеу жұмыстарын бейберекет жоспарлау әзірленген ЖСҚ-ның іске асырылмауына, бюджеттің тиімсіз жаратылуына әкеліп соғуда.
Айталық 2013-2017 жылдары, яғни, соңғы 5 жылды қарайтын болсақ, 221 ЖСҚ дайындауға 1,4 миллиард теңге қаралып, түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген. Бүгінгі күні 19 жобаның (44,2 миллион теңге) 3 жылдық мерзімінің өтіп кетуіне байланысты жарамсыз болып қалған.
Жалпы, осындай жоспарлаудан әзірленген ЖСҚ-ны өзгертуге немесе қайта әзірлеуге бюджеттерден қосымша 345 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазір осы регламент талабына сәйкес, барлық салада құрылыс нысандарын «Өзектілікке қарай жоспарлау Картасы» әзірленуде. Сонымен қатар денсаулық сақтау, білім мен мәдениет және спорт салаларында құрылыс жұмыстарының көлемі мен қажеттілігі айқындалып отыр. Салынатын нысандардың құнын оңтайландыру үшін құрылыстың параметрлеріне қатысты талаптар бекітілді.
Мәселен, бұрын медициналық фельдшерлік пункттердің, дәрігерлік амбулаториялардың құны 65-90 миллион теңге көлемінде болса, оңтайландырудың нәтижесінде 30-45 миллион теңге көлемінде болып отыр. Қаржысы 2 есе үнемделуде. Осындай талдау спорт және мәдениет салалары бойынша да жасалынып, үлгілік нысандар бекітілді. Нәтижесінде, спорттық сауықтыру кешенінің құны 227 миллион теңгеден 115 миллион теңгеге дейін оңтайландырылды. Сол сияқты, ауылдық клубтың бағасы 200 миллион теңгеден 70 миллион теңгеге дейін ықшамдалып отыр. Білім саласында да жобаланатын нысандарға бірыңғай параметрлер бекітілді. Облыста бүгінгі таңда 311 ЖСҚ әзірленуде. Оның 133-і алдын ала құны анықталған жоба. Осы 133 жобаны регламентте бекітілген параметрлерге сәйкес талдағанда 10 миллиард теңгеге жуық бюджет қаражатын үнемдеуге болатыны анықталды. Бүгінде осы жобалар бойынша оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Индустриалды аймақтың игілігі мол

Өңір басшысының айтуынша, өңірлік өнеркәсіп саласында кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, арнайы карта әзірленіпті. Онда 628 кәсіпорын іріктеліп, олардың жағдайына талдау жүргізілген. Нәтижесінде 27 кәсіпорын қаржылай емес қолдауды, 32-сі қаржылай қолдауды қажет ететіні анықталып, проблемалар жүйеленген. Тиісті минис­трлік­тер мен қаржы инсти­тут­тарының қарауымен ұйымдас­тырылған картаның берері мол. Оның нәтижесінде «Бәйтерек» холдингіне жалпы құны 51,3 миллиард теңгені құрайтын 34 кәсіпорынның құжаттары тапсырылған. Қазіргі таңда бірінші кезекте 11 кәсіпорынға 8,1 миллиард теңге көлемінде несие бөлу қаралып жатыр екен. Асқар Исабекұлы айтқандай, жалпы сомасы 11,3 миллиард теңгені құрайтын 18 кәсіпорынның құжаттарын «Даму» қоры өз қарауына алған. Сонымен банктердің қарауына 12 жоба ұсынылып, бүгінгі күні «С.П. «РОЛА-ЯН» және «ROLA–7» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жобала­ры 250 миллион теңгеге қаржылан­дырылыпты.
– 7,7 миллиард теңгені құрай­тын 7 инвестициялық жоба Индустриал­ды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде мемлекеттік сатып алуда, әсіресе, құрылыс саласында жергілікті тұрғындарды қамту мәселесі қолға алынды.
Бұдан бөлек, Тараз қаласында индустриалды аймақ құру туралы шешім қабылданды. Ол үшін алғашқы этап ретінде 40 гектар жер мәселесі шешілді. Бүгінде инфрақұрылым тарту үшін 1 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылуда. Өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында да жұмыстар атқарылуда. Екінші деңгейдегі банктер арқылы бірінші тоқсанда 7,4 миллиард теңгеге несие берілді (2017 жылы 6,4 миллиард теңге). Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 миллиард теңгеге артық.
Жалпы, шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың қаржылай көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 миллиард 833 миллион теңгеге немесе 23 пайызға артты. Өткен жылдардан қарыз болып келе жатқан 500 миллион теңге субсидия мәселесі шешілді. Инвесторлармен жұмысты жандандыру мақсатында инвесторларға қызмет көрсету орталығының қызметі қайта қаралды, штаты көбейтілді және 116 инвестжоба дайындалды, – деді облыс әкімі.

Көгілдір отын көсегемізді көгертпек

Аймақта энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы шаруалар да басты назарда. Биыл энергетика саласында 24 жоба қолға алынып, оның 11-інде нақты жұмыстар атқарылып жатыр екен. Оның ішіндегі күрделісі, Тараз қаласындағы 3 қосалқы стансасының құрылысы да жоспарға сай жүргізілуде. Облыс басшысы сол арқылы электр қуатымен толық қамтамасыз етілмей отырған ықшам­аудандардың мәселесі биыл оң шешімін табатындығын айтты. Өз есебінде Асқар Исабекұлы тарифті оңтайландыру, жылу жүйелерінің жай-күйі, ауыз су және көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелері туралы да әңгімеледі.
–Бүгінгі күнге 377 елді мекеннің 173-і немесе 46 пайызы газдандырылған. Осы елді мекендердің ішінде тұрғындардың 11 пайызы немесе 88 мың адам газ торабына қосылмаған, себебі көшеден үйге кіргізу құны қымбат, 150 мың теңге. Бұл мәселені шешу үшін «Жамбыл-Жылу» коммуналдық мекемесіне арнайы лицензия беріліп, жұмыстың құнын 80 мың теңгеге дейін төмендеттік. Ендігі жерде 1 жел­тоқсанға дейін 53 мың тұрғын газдандырылады. Қалып отырған 35 мыңын қамтамасыз ету үшін ЖСҚ қажет және ол бүгінде әзірленуде. Ал, газ­дандырылмаған 171 елді мекеннің мәселесін шешу мақсатында 2019 жылдан бастап, үш жылда бөліп қаржыландыру үшін ҚР Энергетика министрлігіне магистральды құбыр құрылысының 43 миллиард 761 миллион теңге құрайтын 11 жобасы дайындалып, маусым айында бюджеттік өтінім берілді, – деді облыс басшысы Асқар Мырзахметов.

Агросала алға басуда

Аймақ басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстардың бар екендігін нақты мысалдармен түсіндірді.
– Биыл бұл салаға 18,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 миллиард теңгеге көп. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 11,1 миллиард теңгені құрап, 58 пайызға артты. Тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 18,2 пайызға ұлғайып, 3,3 миллиард теңгені құрады. Жүйеге қатысты шешімдерге келетін болсақ, ауыл шаруашылығы дақылдары 650 мың гектарға орналастырылды, бұл өткен жылдан 20 мың гектарға артық. Осының есебінен қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөніс-бақша, картоп және мал азығының алқабы ұлғайды. Аймақты тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында 8 тұқым шаруашылығын ашу қажеттілігі анықталып, біреуі іске қосылды. Шаруашылықтарға талап күшейтілді. Нақты межелерді қоюдың нәтижесінде, элиталық тұқым үлесі 6 пайыздан 11,3 пайызға жеткізілді. Тыңайтқыштарды қолданудың да межелері белгіленіп, өткен жылғы 17 пайыздан 20 пайызға жеткізілетін болады. Жалпы, саладағы мәселелерді жүйелі шешу үшін арнайы карта жасалды. Онда бірінші кезекте егістік алқабын көбейту қаралып отыр. Кезінде егін алқабы 992 мың гектар болса, бүгін 214 мың гектар жер айналымнан шығып кеткен. Енді осы жердің 175 мың гектарын қайтаруға болатыны анықталып, оның 13 мыңын биыл қайтаруды жоспарлап отырмыз.
Картада кооперативтер мәселесі де қаралған. Қазіргі уақытта 44 кооператив, оның ішінде сүт бағытында – 25, ет бағытында – 12 және басқа бағыттарда 7 кооператив жұмыс істеуде. Суармалы жерлердің алқабын көбейту үшін каналдарды тазарту және қалпына келтіру мақсатында коммуналдық механикалық отряд құрылып, оның материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға 693 миллион теңге бөлінді. Жалпы, 3-4 жылда суармалы жерлердің көлемін 96 мың гектардан 192 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр, – деді өңір басшысы. Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы ортақ қазынамыз – табиғатты қорғау саласындағы тиімді жоспарларды, құрылыс саласындағы қарқынды істерді, қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесін, еңбек нарығына аса қажетті кадрлар даярлау, жұмыспен қамтудың жолдарын да атап өтті.

Жатақхана жайы – жіті назарда

Жиында жамбылдық жастардың жайы да назардан тыс қалған жоқ.
– Алдағы оқу жылында техни­калық және кәсіптік білім беру ұйым­дарына 5 024 орын мемлекеттік бі­лім тапсырысы бөлінді. Оның 3 324-і – жұмысшы мамандықтар. Осы ба­ғыт­та мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысты бірқатар шешімдер қабылданды. Жаңа оқу жылынан бастап арнайы ереже әзірленді. Бұрын тек колледждер мен студенттер арасында келісімшарт жасалатын болса, енді жұмыс берушілер – колледждер және аудан, қала әкімдері арасында үшжақты шарттар жасалынады. Соған сәйкес, біріншіден жұмыс беруші оқу бітірген түлекті жұмысқа қабылдауға, тиісті жалақы төлеуге міндеттеледі. Екіншіден, студент шарт талаптарын бұзса, жұмсалған мемлекеттік қаржыны қайтаруға міндеттеледі.
Үшіншіден, аудан әкімдерінің мамандарға тапсырыс берудегі жауапкершілігі артады. Ондағы мақсат – бюджетті тиімді пайдалану және еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды дайындау. Сондай-ақ, енді мектеп директорының жауапкершілігін арттыру мақсатында оларды конкурс арқылы тағайындау қағидалары өзгереді. Бұдан былай төрт жылдан астам жұмыс істеген мектеп басшысымен келісімшартты ұзарту, қоғамдық комиссияларда мектептің білім сапасы мен жетістіктерін ескере отырып шешілетін болады. Сондай-ақ, мектептер арасындағы рейтинг бойынша да оның жауапкершілігі қаралмақ.
Білім беру ұйымдарының қызметін бағалау үшін оқушылар мен ата-аналардың виртуалды-онлайн дауыс беруі қарастырылған.
Бүгінгі күні облыста 3 жоғары оқу орнында жатақханаға қажеттілік анықталды. 3 жоғары оқу орнындағы жатақхана орнына мұқтаж студенттер саны – 1837 (ТарМУ – 657, ТарМПУ – 780, ТИГУ – 400) болса, 3 колледжде 750 жасқа жатақхана қажет (Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі – 300, Жамбыл медицина колледжі – 350, №9 Меркі колледжі – 100). Қажеттілікті өтеу мақсатында қазіргі кезде «Тараз» қонақүйі сатып алынып, ТИГУ студенттеріне жатақхана дайындалуда. Қалған 2 жоғары оқу орны мен 3 колледж тарапынан жатақхана салуға тиісті жер телімдері белгіленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін тиісті құжаттамалары дайындалуда, – деді облыс басшысы.
Асқар Исабекұлы өз есебінде денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, құқық қорғау салаларында атқарылған жұмыстарға талдау жасады. Сонымен қатар, бұқарамен байланысты нығайту бағытындағы бастамаларды атап көрсетті.

Депутаттар не деді?

Есеп аяқталған соң халық қалаулылары жарыссөзге шығып, өз ойларын ортаға салды. Алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров өндірісті өркендету, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайын қозғады.
– Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда облыс экономикасының барлық саласында өсу деңгейі бар. Соңғы жылдары облыста оң өзгерістер жетерлік. Әрине, оның бәрі оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Ал, қазіргі таңдағы күрделі мәселеге келер болсақ, ол – облыста бизнес кеңістігінің тапшылығы. Себебі, облыс бизнесі табысының 70 пайызынан астамы сауда және қызмет көрсету саласынан қалыптасқан. Бұл жалпы аймақтық өнім құрылымының 61 пайызын құрап отыр. Сондықтан, бизнестің салалық бағытын өндіріске бұру қажет, – деді Мұқаш Ескендіров.
Аймақ басшысының алты айлық есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берген депутаттардың бірі Гүлдара Нұрымова денсаулық сақтау мәселесіне тоқталды.
Ал, облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев өңірдегі идеология мәселесі төңірегінде ой қозғады.
– Атқарылған жұмыстарды тыңдай отырып, айналасы алты айдың ішінде облысты түлетудің серпіні мен пәрменін түгел көріп отырмыз. Бәрі жаңа басшының білімі мен біліктілігінің нәтижесі. Олай болмағанда шаршап-шалдығып, шашылып бара жатқан шаруаның шаңын қағып беру мүмкін емес еді. Рас, бір күнде қой үстіне бозторғай жұмыртқалай салмайды. Берекесіздікке белшесінен батып, тігісі сөгіліп кеткен талай тірліктер түзелуде. Солардың ең берекесізі, облысымызда идеология болып келеді. Осы саланы басқаруға келіп-кетіп жатқандардың ешқайсысының елдік сананы қозғап отыруға қабілеттері жетпеді. Оның орнына олардың не күлеріңді, не жыларыңды білмейтін қылықтары жүр ел аузында. Бір бас редактор облыс идеологына барып, «Мынау газетті оқып, танысыңыз» десе, идеолог мырза: «Мен қолыммен газет ұстамаймын ғой, бояуы жұғады» деп басын ала қашыпты. Елімізде Рухани жаңғыру процесі жүріп жатыр. Мәдениет басқармасына қарасты өнердің киелі ордасы саналатын облыстық қазақ драма театры бар. Әртістердің 50 пайызының басында баспана жоқ, айлықтары 40 пен 60 мың теңгенің арасында. Мұнымен қалай күн көреді? Амал жоқ, жеке-жеке театр құрып, тойға шығып кеткен, – дейді халық қалаулысы.
Жиын барысында облыстық мәслихаттың депутаттары М.Шүкеев, Б.Сауранбаев, Шу аудандық мәслихатының хатшысы Қ.Молдажанов сөз алып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Жалпы, жиынға қатысқан барлық депутаттар облыс әкімінің алты айда атқарған ауқымды жұмысына қанағаттанарлық деп баға берді.

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.