Жуалы ауданындағы қарлы боранда зардап шеккендер жоқ | arainews.kz

Жуалы ауданындағы қарлы боранда зардап шеккендер жоқ

166

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен 21-22 желтоқсан аралығында Жуалы ауданында ауа-райының қолайсыздығына байланысты орын алған күрделі жол жағдайына орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізілді.
Брифингте Жамбыл облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Самат Құсайынов сөз сөйлеп, аталған жағдай бойынша журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды мәлімет берді.
Аталған күндері ауа-райының қолайсыздығына байланысты «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар авто жолының Түркістан облысының бағытында және одан әрі қарай Түркістан облысының шекарасындағы Нұрлыкент аулынан өтетін 534 шақырымында және Тараз қаласы бағытындағы 593 шақырымындағы жолдары жабылған болатын.
Өз сөзінде Самат Қалиұлы: «Орын алған жагдайға байланысты Облыстық Полиция департаменті бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиевтің тапсырмасымен 130-ға жуық полиция қызметкері және 32 қызметтік көлік тәулік бойы жолдарда кезекшілікте болып, қауіпсіздік мақсатында жүргізушілерге елдімекендерден шықпауды ескерттік. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері қар құрсауында қалған 466 көлік пен адамдарды шығарып, қауіпсіз жерлерге және жылыту пункттеріне жеткізді. Жуалы ауданында барлығы 6 жылыту пункті ашылып, 505 адам орналастырылды. Оның ішінде — 7 адам Қырғызстан Республикасының азаматы. — дей келе, жол қауіпсіздігіне байланысты ескерту ақпараттарымен де бөлісті.
Полиция қызметкерлерінің екі тәулік бойы тынымсыз қызмет көрсетіп, жол жағдайын үздіксіз бақылауының нәтижесінде зардап шеккендер болған жоқ.
Қазіргі уақытта ауа-райының тұрақтанып және жолдардың тазалануына байланысты Жамбыл облысы бойынша барлық бағыттағы көлік жолдары ашылды. Жүргізушілер қауіпсіздігі мен жол-көлік апаттарының алдын алу мақсатында аталған аумақтар Жамбыл облысы Полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында.
Сонымен қатар, жүргізушілер қауіпсіздігіүшін ережені бұзбауды және жылдамдықты асырмауды сұраймыз.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.