Жуалы ауданында тау шаңғысы демалыс орны салынуда | arainews.kz

Жуалы ауданында тау шаңғысы демалыс орны салынуда

150

Жамбыл өңірінде қысқы және жазғы спорттық демалысқа арналған «Қаралма» тау шаңғысы кешені салынып жатыр.

Тараз қаласынан 70 шақырым, Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан 20 шақырым және Шымкент қаласынан 100 шақырым жерде орналасатын сауықтыру кешенін жылдың барлық мезгілінде пайдалануға болады. Жобаны жүзеге асырушылар оны халықаралық үздік стандарттар мен экологиялық нормаларға сай жүзеге асырмақ.

Осыдан біраз уақыт бұрын ғана адам аяғы баспаған иен далада қазіргі уақытта автомобиль жолы күрделі жөндеуден өткізіліп, шаңғы трассасын, аспалы арқан жолдар мен өзге де қажетті инфрақұрылымдарды салуға дайындық жүргізіліп жатыр. Аспалы жолдың және тау шаңғысы трассасының сызбасы әзірленген. Құрылыс орнына аспалы арқан жолдарды салуға қажетті алып тіректер, темір арқандар, кабиналар сынды болашақ тау шаңғысы шипажайына қежетті құрал-жабдықтар жеткізілген. Демалыс орнының аумағы 68 гектарды құрайды.

Идея авторларының айтуына қарағанда, Қаралма ландшафты қысқы уақытта тау шаңғысына, ал жазда атпен серуендеу спортына жарамды. Бұл жердің климаты жазда ыстық, ауа температурасы +30 градусқа жетсе, қыста -15, -20 градус аяз болады, 1,2 метр қар түседі.

Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, ауданған жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов болашақ шипажайдың географиялық оңтайлы орналасқанын бірден бағалап, төмен сырғанау үшін оңтайлы тау жобаларын да көрсетіп берген.

«Жамбыл облысында алғаш рет Жуалы ауданында «Қаралма» тау шаңғысы шипажайы пайда болады. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта тау шаңғысы трассасына қажетті құрал-жабдықтар 100 пайыз жеткізілген. Әлі күнге дейін иен жатқан жерге жол салатын боламыз. Барлық коммуникацияны тарту керек. Жалпы, инфрақұрылымын 80 пайызға аяқтадық, енді коттеджер, қонақ үй мен мейрамхана салатын инвесторларды күтіп отырмыз. Жоспарланған 20 коттедждің бесеуі салынды. Бұған қоса, құны 6 млрд теңгені құрайтын қуаты 16 мВт болатын су электр стансасын саламыз», — деді Бақтияр Көпбосынов.

Жалпы ұсындығы 30 шақырымды құрайтын аспалы арқан жолдар мен тау шаңғысы трассасының сызбасы әзірленген. Ұзақтығы 9 150 метрді құрайтын 4 аспалы арқан жол салу жоспарда бар. Таудың ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 1400-3200 метр жоғарыда тұр. Тау ылдиларының ені мен ұзындығы қолайлы тау шаңғысы трассасын салуға мүмкіндік береді.

«Бұл жерде қар бола ма, болмай ма деп күмән келтіретіндерге айтарым, қарашадан бастап бізде минус температура болады және желтоқсаннан наурызға дейін қар жатады. Яғни, төрт ай бойы шаңғымен сырғанауға мүмкіндік бар. Және де бұл қыста қары ары кеткенде бір апта ғана жататын және бүкіл қыс бойы ауа райының + температурада болатын Тараздан 60 шақырым ғана жерде орналасқан. Бүкіл әлемде барлығы да ұзын трассада сырғанағанды қалайды. Қазақстандағы Медеу, Шымбұлақ, Щучье трассалары қысқа. Ал біз Сочидегі «Қызыл алаңқайдан» ылдиы сәл қысқа трасса ұсына аламыз», — деді Жуалы ауданының әкімі.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.