Жастар жылы жастарды жұмыспен қамтуға жағдай жасауымыз қажет — Жас Отан | arainews.kz

Жастар жылы жастарды жұмыспен қамтуға жағдай жасауымыз қажет — Жас Отан

346

«Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты Жастар жылына қатысты өз ұстанымын білдірді.

Ұйымның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, қазірдің өзінде жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Ал Жастар жылы сияқты бастаманың арқасында осы саладағы жұмысты күшейтуге болады.

«Негізі, осы уақытқа дейін жастар мәселесіне көп көңіл бөлінді. Мәселен, өткен жылы Мемлекет басшысы бес әлеуметтік бастамасын жариялаған болатын. Соның өзі жастар үшін жасалып отыр. Өйткені 14-29 жас аралығындағы жастардың барлығы грантқа түсемін деп ойлайды Сол үшін гранттардың саны көбейіп жатыр. Ал оқуға түскен студенттердің көбісі жатақханада тұрғысы келеді. Қазір жатақханалардың құрылысы басталуда. Одан кейін университет бітірген жастардың бәрі жұмысқа тұрады. Олардың еңбек өтілі аз болғандықтан, жалақысы да төмен болады. Президент жалақысы төмен азаматтардың салығын 10 есеге төмендетуді тапсырды. Шағын және орта бизнесті ашу үшін қаржыландыру көлемі артты. Онда да жастар көп. Бұның барлығы жастарға қатысты», — деді Д.Кәрібек ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатына.

Оның сөзіне қарағанда, Жастар жылы Қазақстан жастарына үлкен әрі тарихи мүмкіндікті беріп отыр. Біріншіден, жастардың рухани жағынан баюына баса назар аудару қажет. Екіншіден, білім мәселесін ескеру керек.

«Білім болғанда жастардың алған білімі ескірмей тұрғанда оның тиімді пайдалануына жағдай жасауымыз қажет. Сосын өзін-өзі дамыту мәселесіне көп көңіл бөлгеніміз жөн. Үшіншіден, білім алған жастардың барлығын жұмыспен қамтуға жағдай жасауымыз қажет. Төртіншіден, жастар арасындағы отаншылдықты күшейту. Бұл дегеніміз, басты байлығымыз — Тәуелсіздік екенін кеңінен түсіндіріп, табиғатқа құрметпен қарауға үйретуіміз керек. Осы орайда еріктілер қозғалысын жаңа бағытта дамытқан жөн, яғни, жастардың кәсіби дамуы үшін еріктілікті әлеуметтік лифт ретінде қолдануымыз қажет. Бұдан бөлек, жастардың бос уақытын пайдалы ұйымдастыру жағын ойлануымыз керек. Ол үшін ойын-сауық орталықтары мен қор-қор шегетін орындарды көбейтпей, кітапханалар, шығармашылық үйірмелер, аула клубтары сияқты жобаларды көптеп іске асыруымыз абзал. Біз үшін Жастар жылы  сан алуан акциялар мен флешмобтарды жылы болмауы керек», — деп атап көрсетті Д. Кәрібек.

Хатшының ойынша, жастар арасындағы құқықтық мәдениетті, қоғамдық тәртіпті күшейтіп, құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушіліктің қалыптастыру шараларына басымдық берген жөн. Осының нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі артады.

«Біз бұның барлығын бір жылдың ішінде жасамасақ та, 2019 жыл — Жастар жылын, бізге беріліп отырған тарихи мүмкіндікті пайдаланып, биыл негізгі фундаментін жасауымыз қажет. Себебі 2050 жылы Қазақстанды құратын да, дамытатын да — жастар», — дейді Д.Кәрібек.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.