Жастар денсаулығы әлемді алаңдатуда | arainews.kz

Жастар денсаулығы әлемді алаңдатуда

613

Бүгінгідей мың құбылған қоғамда қолынан ұялы телефон түспейтін, жаяу жүргеннен гөрі темір тұлпарға құмар, көшедегі тез әзірленетін асқа құштар жастардың денсаулығы тек бір ғана елді емес, әлемді алаңдатуда. Сондай-ақ, болашақтың тұтқасын ұстайтын жастардың өрімдей өмірін улап, келешегіне кесірі мол ішімдік, темекі секілді зиянкестер тағы бар. Осындай кесапаттардың белең алуының салдарынан бұрын егде жастағы кісілер шалдығатын көптеген аурулар жасарып барады. Мәселен, қарттықпен келетін көз, жүрек, буын аурулары қазір жасөспірімдер арасында да кездесетін болған.

Дәрігерлер адамзаттың басты байлығын сарқып, өмірдің қысқаруына әкеп соқтыратын қатерлі дерттердің жасаруын қазіргі экологиялық жағдай мен салауатты өмір салтын сақтамаудың салдарынан көреді.
– Қазір көптеген балалар фриді жақсы көреді. Тіпті, бұл кішкентайлардың жеңсік асы десек те болады. Сонымен қатар, шаурма, гамбургер және қуырылатын өзге де тағамдар денсаулықтың бірден бір жауы. Себебі, олар бірнеше рет пайдаланылған майға қуырылады. Және мұндай тағамдар артық салмақты арттырады. Ал, артық салмақ эпидемиялық сипат алған ауру екенін білесіздер. Семіздік – көптеген дерттің алды, тіпті ажалға да апаруы әбден мүмкін. Соған қарамастан жастар жылдам әзірленетін кеспелерге құмар. Олар дәмді көрінгенімен құрамынан қант, глютамат натрийі, пальма майы, бояуыштар, лимон қышқылы, ароматизаторлар, кептірілген тауық немесе сиыр еті, көкөністер, саңырауқұлақтар кездеседі. Бұлардың денсаулыққа кері әсер ететіні ақпарат құралдарында да жиі айтылып жүр. Қазіргі кездегі көптеген аурулардың жасаруының тағы бір себебі – дене белсенділігінің аздығы. Одан бөлек, сыра, темекіге құмарлықтың соңы қайғыға жеткізетінін бәрі біледі. Ал, нәрестелердің туабітті ауру болып туылуына бірден бір себепкер анасы екені айтпаса да белгілі. Жас қыздар сән қуып, ашық-шашық, жеңіл-жұқа немесе денені қысып тұратын тар киімдерге әуес. Олардың көбі мұндай киімдердің болашақ ана құрсағындағы ұрпаққа кері әсерін тигізіп жатқанын ойлай бермейді. Ашық киінудің салдарынан ана ағзасына суық тиеді. Суық түрлі аурулардың асқынуына әкеп соғады. Және бір салдары – жоспарланбаған жүктілік. Аурумен күресу үшін алдымен оның салдарларын жоюға тиістіміз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегеннің мәніне терең үңілмейінше, ешбір ауруды емдеу арқылы жеңе алмаймыз, – дейді эндокринолог дәрігер Нұрбану Бердімбетова.
Дәрігер айтқандай, денедегі дерт пен зиянды әрекеттердің алдын алуға шақырып, зардаптарын тәжірибе түрінде көрсетіп, аурудың алдын алумен айналысатын арнайы орталық еліміздің әр өңірінде жұмыс істейді. Және бұл орталықтың қызметі тікелей жастардың денсаулығына бағытталған. Біздің облыста осындай орталықтың 14-і жастармен жұмыс жүргізуде. Оларға әдістемелік көмек көрсететін үйлестіруші «Жігер» жастар денсаулық орталығы 2007 жылдан бері қызмет етуде. Алғашында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында ашылған «Жігер» 2015 жылдан бастап «Жанұя» емханасының құрамына еніпті.
– Біз негізінен алдын алу, ақпарат беру шараларымен айналысамыз. Облысымыздың 10-25 жас аралығындағы тұрғындарына денсаулыққа зиянды әрекеттерді түбегейлі түсіндіреміз. Олардың кесапатынан сақтану жолдарын нұсқаймыз. Медициналық, психологиялық, заңгерлік жағынан қолжетімділік, еркінділік, сенімділік, еріктілік бағыттарымен көмек көрсетіледі. Яғни, орталықтың қызметіне жүгінген жас тұлға өзін толғандырған мәселесі бойынша тегін және құпия түрде көмек ала алады. Егер кәмелет жасына толмаған бала болса, өзінің ата-анасымен немесе ересек сенімді өкілімен келеді. Мұнда кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау мақсаты көзделген. Бізде тек зиянды әрекеттер туралы ақпарат сөз жүзінде ғана беріліп қоймайды. Олардың зардаптарын нақты көрсететін құрал-жабдықтарымыз бар. Мысалы, құрамында алкоголі бар ішімдікті ішіп, көлік айдағанда жол апатына неліктен ұшырайтынын арнайы көзілдірік арқылы көрсетеміз. Ол көзілдірікте ішімдік ішкенде көзді бұлдыратып, есті айналдыратын әсері бар арнайы әйнек салынған. Енді бір құрылғымызда бір бөлмеде қатар отырған екі адамның басы орналастырылған. Сол екеудің біреуі темекі тартқанда оның түтіні қасындағы адамға қандай зиян әкелетінін таза қағазды қолдану арқылы көрсетеміз. Яғни, темекі тартпайтын адамның тыныс алу жолдарына қойылған аппақ қағаз түтін араласқан ауаны жұтқан жағдайда сарғайып шыға келеді. Тағы бір құрылғымыз құрсақтағы шарананың жағдайын бейнелейді. Анасы темекі тартқанда жатырдағы су құрамы бүлініп, түсі өзгереді. Сол арқылы іштегі баланы дімкәс жағдайға душар ететінін жастарға ұғындырудамыз. Міне, осындай құрылғылардың көмегіне жүгіне отырып, оқу орындарына барып және осы орталыққа шақырып, іс-шаралар ұйымдастырамыз. Түрлі аурулардың алдын алуға бағытталған акциялар өткіземіз. Ал, жеке басының мәселесімен келетіндер үшін психолог, педагог мамандар, әлеуметтік қызметкерлеріміз жұмыс істейді. Іс-шараларымызды өткізгеннен кейін сол ортада қандай нәтиже барын білу мақсатында сауалнама жүргіземіз. Сауалнама нәтижесіне қарай келесі іс-шарамыздың өткізілу бағытын дамытып отырамыз, – дейді Ғылыми клиникалық-кардиологиялық және трансплантологиялық орталығының филиалы – «Жанұя» емханасы «Жігер» жастар денсаулық орталығының жетекшісі Гүлжан Иманбекова.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да бұл мәселеге баса назар аударды. «Ұлт саулығы – мемлекеттің басты байлығы» деп арнайы басымдық берген бағытында Мемлекет басшысы «Келесі жылдан бастап Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастауға тиіс. Оның қызметі, ең бастысы, азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, ауыз суға, балалар тауарына, медициналық қызмет көрсетуге сараптама жүргізуді қамтитын болады» деп аурудың алдын алатын шаралар түбегейлі қаралатынын айтқан еді. Жолдау жүктеген міндеттер жедел жүзеге асырылса, көңіл қуантарлық нәтиженің де ауылы алыс болмайтындығы сөзсіз.

Қамар Қарасаева

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.