«Жас Отан» «Жастар жылын» жаңа жобалармен бастады | arainews.kz

«Жас Отан» «Жастар жылын» жаңа жобалармен бастады

324

Ел басына күн туған ежелгі дәуірлерде баһадүр бабаларымыз он бесінде атқа мініп, қылышы қынапқа, рухы сауытқа сыймай байтақ даланы жаудан қорғаса, Ұлы Отан соғысында еш мойымастан майданға аттанған өрімдей қазақтың қос аруы Әлия мен Мәншүк, кешегі сүйекте сызы, жүректе мұзы қалған желтоқсан көтерілісіндегі жауқазын Сәбира мен Ләззат, Ербол мен Қайраттар ерен ерлігімен қазақ жастарының қыран текті рухын қияға қондырып кетті. Ұлттың ұлағатты тағдыр салтымен бойға бітіп, қанға сіңген сол жігер, батылдық пен жалын ел жастарының бойында әлі де бар. Міне, Елбасы жариялаған «Жастар жылы» қазандай қайнаған қазіргі қоғамдағы жастардың қажыр-қайратына тағы да қозғау салып отыр. Ежелден елінің есіктегі басын төрге сүйреп, төрдегі тектілігін тұғырға жетелеуді парызға балаған тәуелсіздіктің төл перзенттеріне жарқын келешектің кілтін табыстаған бұл шешім жастардың өміріне қалай әсер етпек, қандай жоспарлар жүзеге аспақ? Бұл бағытта еліміздегі бас партияның жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанаты нендей нәтижелі істерді қолға алуға ниеттеніп отыр? Қолдауға мұқтаж жастарды қанатының астына алып, олардың жігерін жануға қаншалықты атсалыспақ?
Осындай көптен бері ел жастарының көкейінде көмбе-көмбе болып қордаланып, сарқырамадай сапырылған сан сауалды алға тартып, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбектің пікірін білдік.

– «Жас Отанның» «Жастар жылындағы» жауапкершілігі басты рольде. Сондықтан еліміздегі ең беделді жастар ұйымы ретінде үлкен жобаларды ұсынып отырмыз. Қазіргі таңда тікелей жастарды қолдауға басымдық беріп, осы бағыттағы арнайы сарапшы тобымыздың жұмысын жандандырмақпыз. Аталмыш топ ай сайын аймақ жастарының мәселелерін жан-жақты талдап, оның шешу жолдарын қарастырып, облыс басшылығы мен басқармаларға жолдаумен айналысатын болады. Негізгі функциямыз осы бағытта жүзеге асады. Бұған дейін жасалынған жұмыстар өз ретімен жалғасады. Ал одан бөлек «Жастар жылы» жастарға бағытталған жүйелі жобалардың бастау алатын сәті. Қарапайым баспанамен қамтамасыз ету, жас отбасыларға несиелік пайыздық жеңілдіктер секілді дүниелер осы уақытта қолға алынуы қажет, – дейді У.Болатбек.
Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы «Жастар жылын» атап өтудің 11 бағыты белгіленгенін айтып отыр.
– Мен посткеңестік елдердегі жастар жылының аталып өтілуі жайлы мәліметтермен толық танысып шықтым. Үлкен мәселелер сол сәтте түбегейлі шешіліп кетпеген. Бірақ жастардың өмірін жақсартуға үлес қосқан тиімді жобалар бастау алған. Біздің облыста да біршама іске басымдық берілмек. Ең әуелі, өңір жастарының өміріне қатысты үлкен жол картасын дайындауымыз керек. Оның ішінде жастардың барлық санатына бағытталған жобалар қамтылмақ. Министрлік қабылдаған 11 бағыт бойынша өңірде де арнайы жоба бекітілді. Соның негізінде ерекше мән беретін бағыт – білім беру процестерінің жүзеге асырылуын қадағалау. Екіншіден, облыстағы жастар ұйымдарының жұмысы жүйелендіріледі. Оның аясында атқаратын жұмыс көп. Әр ұйымның жарғысында жазылған бағыттар бойынша жұмыс жасауына мән береміз. Тағы бір маңызды мәселе, биыл жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тетіктері қайта қаралуы қажет деп ойлаймын.
Сонымен қатар жас кәсіпкерлер деген түсінікті қалыптастыру бағытында жұмысты күшейтпекпіз. Себебі қазір барлығына бірдей, жалпылама кәсіпкер ретінде қарайды. Жас кәсіпкерлермен жұмыс жүргізу, мүмкіндіктер жасау, жеңілдіктер беру деген мәселелер осы жылы шешімін табуы тиіс.
Бұдан бөлек ауыл жастарының жағдайы деген үлкен мәселе бар. Ауылда әртүрлі санаттағы жастар тұрады. Мектеп оқушыларынан бөлек, оқу бітіріп ауылға келген жастарға әлі де тұрақты жұмыс жоқ. Осылай қала мен ауылдың арасында табан тоздырып жүрген ауыл жастары жетерлік. Нақты уақытта осы мәселені толыққанды зерделеп жатырмыз.
Тағы бір өзекті мәселенің бірі жастар арасындағы қазақи құндылықтардың мән-маңызына бағытталып отыр. Қазір тарихты, өзінің салт-дәстүрін білмейтін, кез келген нәрсенің аражігін ажыратпай жатып, еріксіз еліктеу деген үрдіс пайда болды. Мұның осы бастан алдын алмасақ, кейін кеш болады. Бұл бағытта алдағы наурыз-мамыр айлары аралығында «Бренд kz» деп аталатын жобаны жүзеге асырмақпыз. Осылайша жастарға ұсынылатын заманауи киім үлгілерінің таныстырылымы болады. Мұның барлығы «Жас Отан» жастар қанатының «Жастар жылында» атқаратын жұмыс жоспарында қамтылып отыр. Біз биылдан бастап жастардың мәселелерін қарап, шешу жолдарының тетіктерін ұсынатын боламыз, – дейді облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек.
Әрине, бағдарлы іске бастамашы болып отырған бұл ұйымның ұйымдасқан ісі көңіл қуантады. Дейтұрғанмен бұл облыс орталығындағы жағдай. Ал шаһардан шақырымдар шеттетіп тұрған шалғай аудандардағы жастардың көзқарасы, іскерлік мақсаты қандай? Оны да білдік.
– «Жастар жылынан» күтеріміз мол, бірақ осы уақытта не істей аламыз деген сұрақ басым. Біздегі жастардың мәселесін ресурстық орталық мамандарымен тығыз байланыста шешуге атсалысудамыз. Жуырда аудан көлемінде «Жастар жылының» ашылуын салтанатты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Егер аудан басшылығы ұсынысымызды мақұлдаса, шалғай ауыл мен елді мекендердегі жастарымыздың барлығының басын қоспақпыз. Бұдан бөлек аудан көлеміндегі әр салада жетістікке жетіп жүрген жастарымыздың ішінен 100 жаңа есімді анықтап, колледж, мектептерде тұрақты түрде олардың насихатын жасамақпыз. Ал жыл соңына таман аудан жастарының үлкен форумымен түйіндемекпіз. Оған дейін көпбалалы жас аналардың баспаналы болу мәселесін де шешуге ниеттіміз. Мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмыспен қамтуға да ерекше басымдық беріп отырмыз. Нақты уақытта аудандағы жалпы жастардың барлығына түбегейлі талдау жасалды. Осы талдау бойынша тығыз жұмыстарымыз басталып та кетті. Мәселен, пробация тізіміндегі жастарды қоғамнан шеттетпей, «Мен белсенді боламын» секілді акциялар ұйымдастырамыз. Сондай-ақ аудан жастарымен ұйымдасқан түрде бұрыннан бері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға қайырымдылық шараларын өткізетінбіз. Биыл осы бағытқа да үлкен басымдық беріп отырмыз. Және жуырда ғана ауданнан ашылған коворкинг орталығында айына 2-3 шара өтіп келсе, бүгінгі таңда мазмұнды кездесулерді апта сайын ұйымдастырудамыз. Және аудан аумағындағы «Жаңатас тв» атты шағын коммерциялық арнада ресурстық орталықтың жастар ісі жөніндегі инспекторы Бауыржан Балғабайдың жүргізуімен «Кешкі шай» бағдарламасы назарға ұсынылатын болады. Онда тек қана басымдық ауданның жастарына берілмек. Бұл шаралар жоспарымыздың бір парасы ғана. Өзіміздің замандас жас достарымыз үшін бұл үлкен маңызы бар шешуші сәт. «Жас келсе іске» деп дана халқымыз айтқандай, тай құлындай тебісіп өскен тәуелсіз еліміздің жастары үшін жорға жүрісті шаңға көміп, шабыттана шапқылайтын кез осы, – дейді облыстық «Жас Отан» жастар қанаты Сарысу ауданы бойынша филиалының жетекшісі Самат Тоқпанов.
Аудан жастарының алған бағыты осындай. Біз оған Байзақ, Жамбыл аудандарындағы жасотандықтармен байланысқа шыққанымызда да куә болдық. Байқағанымыз, жылдың негізгі жауапкершілігін арқалаған жалынды жастар ұйымының жоспары жойқын, мақсаты айқын. Енді тек сол жоспардың мән-маңызы қағаз бетінде қалып кетпей, Ұлы дала ұрпағы үшін ілкімділікпен іске асса игі.

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.